Мұхаррам айы «Ашһұрұл хурум», яғни, соғысуға тиым салынған қасиетті айлардың санатына кіреді. Қасиетті айларға Мұхаррам айынан өзге Зилкада, Зилхижжа, Ражаб айлары жатады. Мұхаррам айының қасиеттілігі хақында Пайғамбарымыз (с.а.у): «Рамазан айында ораза тұтудан өзге Алла Тағаланың мәртебесін (Шаһруллаһ) жоғары еткен Мұхаррам айында ораза тұту…». деп баяндаған. Рас, Абдуллаһ ибн Аббастың айтуына қарағанда Хақ Елшісі (с.а.у) Мәдинаға келгенінде еврейлердің Ашура күндері ауыз бекіткендерін көріп, мұның мәнісін сұраған. Олар: «Бұл күннің маңызы зор. Алла бұл күні Мұса (с.а.у)-ның қауымын құтқарды. Перғауын мен оның патшалығын жойды. Мұса (с.а.у) осы күні шүкіршілік ретінде ораза тұтты. Бізде сол үшін ораза тұтамыз» деп жауап берген. Сонда Алла Елшісі (с.а.у) «Мұсаға сіздерден қарағанда біз жақынбыз» деп, өзі осы Ашура күні ораза тұтып, сахабаларды осы күні ораза ұстауға шақырған.
Кейбір басқа деректерде Пайғамбарымыздың (с.а.у) Рамазан айында ораза ұстау парыз болмастан бұрын Ашура күндері ауыз бекітуді сахабаларға ұсынғандығы айтылады. Әсілі, Пайғамбарымыз (с.а.у) жоғарыдағы оқиғаға байланысты сахабаларға Ашура күні ораза тұтуды айтқан болуы мүмкін. Себебі, тәпсіршілердің айтуына қарағанда Рамазан айында ораза тұту жөніндегі уаһи Хақ Елшісіне (с.а.у) хижраның екінші жылы түскен. Ал, Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның жоғарыда айтылған Ашура күні жөніндегі еврейлермен сұхбаты көштің алғашқы жылы болған. Пайғамбарымыз (с.а.у) Рамазан айында ораза ұстау парыз болып бекігеннен кейін: «Күмәнсіз Ашура күні Алланың қасиетті күндерінің бірі. Қалаған адам бұл күні ораза тұтсын, қаламаған адам бұл күні ораза ұстамаса болады» деп, Ашура күні ауыз бекітуге еркіндік берген.
Басқа бір хадис-шарифте үзеңгілес серіктетерін (сахабалар) «Ражаб, Зилкаде, Зилхижже, Мұхаррам айларында үш күн ораза ұстауға» шақырған. Сондай-ақ, тағы бір хадис-шарифінде: «Ашура күнінен бір күн бұрын, Ашура күні және Ашурадан кейінгі күні ораза ұстауды» айтқан екен. Ашура күні Мұхаррам айының оныншы күні болып есептеледі. Сөздік мағынасы «оныншы күн» деген мағынаны береді. Деректерде бұл күні Аллаһ-Тағала пайғамбарларға иһсан (илаһи игілік) тару еткен. Топан су тартылып, Нұх (с.а.у)-ның кемесі осы Ашура күні жерге тоқтаған. Сондай-ақ, Ибрахим (с.а.у)-ның отқа тасталып, ол оттан аман шығуы, Аюб (с.а.у)-ның сырқаттан айығуы, Мұса (с.а.у)-ның Қызыл теңізді Аллаһтың құдыретімен қақ жарып, Перғауын әскерінен аман есен құтылуы секілді оқиғалар да Мұхаррам айының Ашура күні болған. Сондықтан, халық бұл айды Ашура айы деп атайды.