Алла елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Ережеп айының 27-ші жұлдызында Меккедегі Харам мешітінен Құдыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне жасаған түнгі сапары «Исра» делінсе, әл-Ақса мешітінен жеті қат көкке көтерілуін «Миғраж» дейді.

Алла елшісі (с.ғ.с) Миғраж сапарында дүниеден өткен барлық пай­ғам­барлармен кездесіп, үнемі құлшылықта болатын періштелерді жолықтырды. Түрлі хикметтерге куә болып, бұл сапарында бес уақыт намаз парыз етілді. Бұл қасиетті сапар пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) үшін Раббысынан үмметінің біліп-білмей жасаған күнәларын кешіріп, рахметіне бөлеуін сұрап:

«Үмметім, үмметім…», «Уа, Жаратушы Ием! Мені Миғраж мұғжизасымен нығметке бөледің, үмметімді де осындай бір нығметіңе бөлей гөр!» деп, Аллаға жалбарынуына бір мүмкіндік болды. Рахым пайғамбары (с.ғ.с) құр қайтпай: «Намаз – мүміндардің миғражы», – деп үмметіне діннің тірегі болған намаз құлшылығын ала келді. Сөйтіп, Миғраж оқиғасы мүміндер үшін де көңілге жұбаныш, арманның асқақ белесіне айналды.

Әһлу сунна уәл жәмаға ғалымдарының көзқарасы бойынша, Миғраж оқиғасы – ақиқат. Ол туралы Әбу Сағид әл-Худри, Әнас ибн Мәлік, Ибн Сағсаға, Ибн Аббас және Үмму Һәни (р.а) сынды көптеген сахабалардан сахих хадистер жеткен. Олар бір ауыздан: «Алла елшісінің (с.а.с.) Миғражға көтерілуін ақиқат»[1] деген.

Сонымен қатар, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар Миғраж сапарында Жаратушы Раббысының дидәрін көрді ме, әлде көрген жоқ ба? деген сұрақ төңірегінде түрлі көзқарас туындады. Айша (р.а) бастаған бір бөлім сахабалар, «Алла елшісі (с.ғ.с) Раббысын көңіл көзімен көрді» десе, Ибн Аббас (р.а.) бастаған басым көпшілік сахабалар, «Алла елшісі (с.ғ.с) Раббысын кәдімгі басындағы екі көзімен көрді», – дейді. Ал имам Мұхаммед Заһид әл-Кәусари, біз бұл мәселеде Ибн Аббастың (р.а.) пікірін ұстанамыз деген[2].

Миғраж оқиғасын мойындамайтын Мұғтазила сияқты ағымдар де кездеседі. Олар, «Миғражға қатысты хадистер хабарул-ахад (бір ғана тізбекпен)  жолымен жетті. Хабарул-ахад хадистермен фықһ мәселелерінде амал етілгенімен, ақида мәселелерінде дәлел болып саналмайды», – дейді. Алайда, Әһлу сүннә уәл жәмаға ғалымдары Мұғтазила ағымының бұл көзқарасын теріске шығарып, Миғраж оқиғасына қатысты хадистердің мәшһур дәрежесінде болғанын әрі мәшһур дәрежесіндегі хадис дәлелге жарамды екендігін айтады. Мәшһур дәрежесіндегі хадистердің бірі Әбу Сағид әл-Худридің (р.а) жеткізген хадисінде: «Бізге Алла елшісі (с.ғ.с) Исра түні жайлы: «Маған қашырға ұқсаған бір көлік әкелінді. Ол – Бұрақ (Пірақ). Оған пайғамбарлар мінген жерден міндім. Ол аяғын көзі ұшы жеткен алыстыққа тастап отырады (яғни, жүйрік)…»[3] делінеді.

Миғраж туралы хадистердің сенімдік қырларына қатысты пікір білдірген кейбір хадис ғалымдардың көзқаратарсын келтіре кетер болсақ, Ханафи мәзһабының белді ғалымы Бәдруддин әл-Ғәйни Бұхариде келетін, Ибн Аббас (р.а): «Анығында, Біз (миғраж түні) өзіңе көрсеткен ғаламат көріністі адамдар үшін сынақ қылдық» (Исра сүресі, 60-аят) деген аяттың тәпсірінде: «Алла елшісінің (с.ғ.с) Бәйтул мақдиске жасаған түнгі сапарындағы көргені, ол – көзбен көру» (Бұхари, 3888-хадис)» деген хадисті түсіндіру барысында:

«…Табари «Әусад» еңбегінде, Ибн Аббастан қуатты иснәдпен (тізбекпен) жеткен: «Мұхаммед (с.а.с.) Раббысын екі рет көрді» деген риуаятты жеткізеді. Және де «Мұхаммед с.а.с. Раббысына қарады. Мусаға кәлам (сөйлесу), Ибраһимге халил (дос болу) және Мұхаммедке (с.а.с.) көру берілді» деген басқа риуаятты да келтіреді. Міне, бұдан Ибн Аббастың мақсаты Мұхаммедтің (с.а.с.) Раббысын көзімен көргенін білдіру екендігі анық болды»[4] деген.

Имам Ән-Нәуауй, «Шарху ән-Нәуауй ғәлә Мүслим» атты еңбегінің, Алла Тағаланың: «Оны басқа бір жолы (екінші рет) түскенінде тағы көрді» (Нәжм сүресі, 13-аят) деген сөзінің мағынасы және Пайғамбар (с.а.с.) Исра түні Раббысын көрді ме? деген бөлімінде: «Қади Иад (р.х.): «Сәлаф мен халаф ғалымдар арасында пайғамбарымыз (с.а.с.) Исра түні Раббысын көрді ме? деген мәселе төңірегінде түрлі пікір болды. Айша (р.а.) оны жоққа шығарғаны сахих Мүслимде келеді. Әбу Һурайра (р.а.) және бір бөлім сахабалар, Ибн Мәсғудтан (р.а.) жеткен мәшһур көзқарас және бір бөлім хадисшілер мен кәламшілер де осы пікірді ұстанады.

Ал, Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта: «Пайғамбар (с.а.с.) Раббысын көзімен көрді» делінеді. Осы пікірді Әбу Зәр (р.а.), Кәғб (р.а.) ұстанса, Хасан (р.х.) пайғамбардың Раббысын көргендігіне ант ететін еді. Ибн Мәсғуд (р.а.), Әбу Һурайра (р.а.) және Ахмад ибн Ханбалдың осы екінші көзқарасты жақтайтыны да айтылады. Әбу Хасан әл-Әшғари және оның бір бөлім жолдастары пайғамбардың Раббысын көргендігін айтса, енді бір бөлімі пікір білдірмеді. Бірақ, Алла Тағаланың дүниеде көрінуі дұрыс (мүмкін іс). Әйтпегенде, Мұса (а.с.) Раббысының дидәрін көруді сұрамас еді. Пайғамбарлар мүмкін болған іс пен мүмкін емес істен хабарсыз болмайды…

Бұл мәселеде сүйенетін негіз, үмметтің білгірі болған Ибн Аббастың хадисі. Әлбетте, Ибн Омар (р.а.), Мұхаммед (с.а.с.) Раббысын көрді ме? деген мәселенің шешімін Ибн Аббастың хадисіне қайтарып, ол: «Оның (Мұхаммедтің с.а.с.) Раббысын көргендігі жайлы хабар берді», – дейді. Бұл жерде Айшаның (р.а.) пайғамбардан (с.а.с.): «Мен Раббымды көрмедім» дегенін естідім деген хадисі жайлы қате пікір туындамауы керек. Өйткені, Айшаның (р.а.) хадисі Құрандағы: «Алла адам баласымен тек аян беру арқылы немесе перде сыртынан оған тіл қатысу арқылы, я болмаса оған Өзінің қалауын уахи ететін елші жіберу арқылы ғана тілдеседі» (Шура сүресі, 51-аят), «Көздердің Оны көруге шамасы жетпейді» (Әнғам сүресі, 103-аят) аяттарының тәуйлі ретінде зікір етілген.

Егер сахаба бір сөз айтып, оған басқа сахабар қарсы шықса, оның сөзі дәлел болмайды. Ал пайғамбардың Раббысын көргендігін растайтын Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаяттар сахих болса, онда оған тоқтау уәжіп болады. Өйткені, бұл ақылмен білініп, көзқарас алынатын іс емес. Тек қана жолығу арқылы естіген нәрсеге жүгініледі. Сондай-ақ, бұл мәселеде ешкімнің «Ибн Аббас ойын айтты, ижтиһад жасады» деп ойлауы дұрыс емес»[5] деген.            

Ақыретте мүміндердің Хақ Тағаланың дидәрін көруі шарғи жолмен бекітілгендігіне, Әһлу суннә уәл жәмаға ғалымдары бір ауыздан келіскен болса, бұл дүниеде Алла Тағаланың сүйікті құлдарына көрінуінің мүмкін екендігін ақыли тұрғыдан мынандай дәлелдер негізінде айтуға болады. Олар:

Мұса (а.с.) пайғамбардың Раббысының дидәрін көруді сұруы. Имам Матуриди, Құрандағы: ««Уа, Раббым! Маған көрінші, Жамалыңа бір қарайыншы!», – деді. Сонда Алла: «Сен Мені көре алмайсың…» (Ағраф сүресі, 143-аят) деген аятты түсіндіру барсында: «… аяттағы «Сен Мені көре алмайсың» деуі, Мұсаның (а.с) Раббысын танытатын белгілерді сұрамағанын көрсетеді. Өйткені, бұдан бұрын да Мұсаға (а.с) асатаяқтың жыланға айналуы, қолының ағаруы және теңіздің қақ жарылуы сияқты мұғжизалар берілген болатын. Уахи беріліп, елшілік секілді қасиетті міндет жүктелген Хақ пайғамбар хақында «Жаратушысын толық танымайды, Ол жайлы білімі таяз боды» деу дұрыс емес. Мұсаның (а.с): «Уа, Раббым! Маған көрінші, Жамалыңа бір қарайыншы!» деуі, Алла Тағаланың жамалын көрудің дінде бар екендігін, мүмкін екендігін білдіреді. Егер Алла Тағаланың дидарын көру мүмкін емес немесе тыйым салынған іс болғанда Мұса (а.с) пайғамбар оны сұрамас еді. Ал, оның тәубе етуі болса, ақыреттік іске асығыстық көрсеткен ағаттығы үшін болды»[6] деген.

Алла елшісі (с.а.с): «Уа, Аллаһым! Расында, Мен ешқандай кедергісіз Сенің дидәріңа қарау ләззатын және Өзіңе жолығуға болған ғашықтықты сұраймын» деп, дұға жасауы Алланың дидәрін көру мүмкін іс екендігін растайды.

Ғалымдар, Алла дидәрін жалпы көрудің мүмкін іс екендігіне бір ауыздан келіссе, кейбір ғалымдар ғана Алла елшісінің (с.ғ.с) Миғражда Раббысын көргеніне келіспеген.

Дүниеде көзге көрінетін заттың көз алдында әрі материалдық болуы қажет сияқты кейбір заңдылықтар шарт етіледі. Ал, Алла Тағаланың заты шектеулі әрі материалды болмағандықтан, Оның белгілі бір кейіпте, ара-қашықтықта тұруы шарт емес. Алла Тағала Өзінің жамалын сүйікті Пайғамбарына қалай тамашалатса да, оған Құдіреті жеткілікті. Сол себепті, «Алла Тағаланы шектеуі бар бір кейіпте көрінеді» деу де дұрыс емес.

Біз әуелі, пайғамбарлардың өзге адамдардан ерекше тұстарын естен шығармауымыз керек. Ол – пайғамбарлардың мұғжизасы. Ал, пайғамбарлардың сәруәрі болған Мұхаммедке (с.ғ.с) өзге пайғамбарларға берілмеген кейбір мұғжизалар берілген. Соның бірі Миғраж оқиғасы, Раббысының дидәрін көруі. Әрине, құдіретті Алла Тағала қалағанын іске асырып, болғыза алады.

Қорыта айтар болсақ, Миғраж мәселесі Алла елшісінің (с.ғ.с) Ұлы мұғжизаларының бірі болып табылады. Мәшһур хадистер негізінде бекітілгендіктен, «Оны мойындамаған адам бидғатшы болады, кәпір болмайды» деген ғалымдардың көзқарасын да ескерте кеткен жөн. Ал енді, Алла елшісінің (с.ғ.с) Раббысының дидәрін көру мәселесінде басым көпшілік ғалымдар Ибн Аббастан (р.а) жеткен риуаятты негізге ала отырып, Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) Миғраж сапарында Раббысының дидәрін көрді деп тұжырымдайды.

kazislam.kz

[1] Хасан ибн Әби Бәкір әл-Мақдаси, Ғаятул марам фи шархи Бахрил кәләм, «Мәктабатул Азһария лит-турас» баспасы, Қаһира. – 2011. 649-бет.

[2] Әл-Ақидәту уә ғилмул Кәлам мин әғмалил имам Мұхаммед Заһид әл-Кәусари, «Дәрул кутубил ғилмия» баспасы, Байрут. – 2004. 645 б. 215-бет.

[3] Хасан ибн Әби Бәкір әл-Мақдаси, Ғаятул марам фи шархи Бахрил кәләм, «Мәктабатул Азһария лит-турас» баспасы, Қаһира. – 2011. 650-бет.

[4] Бәдруддин әл-Ғәйни, Ғұмдәтул қари шарху сахихел Бұхари, «Дәрул кутубил ғилмия» баспасы, Бәйрут. – 2001. 17-том, 40-бет.

[5] Әл-Минһаж фи шархи сахих Мүслим ибн Хажжаж шархүн Нәуәуй ғәлә Мүслим, «Бәйтүл әфкарид дәулия» баспасы, 211-212 бет.

[6] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, 6-том, 48-бет.

Пікір жазу