Сұрақ: «Мұхаммед» деген есімді естіген кезде салауат айту керек пе?

Жауап: Мұсылман адам Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) есімі аталған уақытта ол кісіге салауат айтады. Себебі Алла Тағала Құранда былай деп әмір еткен:

«Расында Алла пайғамбарға рақым етеді және періштелер салауат айтады. Ей, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер» (Ахзаб: 56).

Сондықтан да «Мұхаммед» деп пайғамбардың есімі аталған кезде немесе оның есімін естіген уақытта біз салауат айтамыз. Сол сияқты пайғамбардың (с.ғ.с.) мына хадисі де осыған бұйырады:

«Менің есімім аталған уақытта маған салауат айтпаған адам оңбай кетсін!» (Тирмизи).

Сонымен қатар дін исламда пайғамбардың есімі аталған уақытта салауат келтірмеген адам – адамдардың ең сараңы болып есептеледі.

Бір күні Айша анамызға бір кісі былай деп сұрақ қояды:

– Адамдар ішінде ең сараңы кім деп ойлайсың?

Фатима анамыз:

– Алла Тағала нәсіп қылған байлығынан садақа шығармайтын адамды ең сараң деймін. Сонда Алланың елсіші (с.ғ.с.):

– Жоқ, менің есімім аталған уақытта маған салауат айтпағандар. Міне, солар – нағыз сараң деп айтады.

Бірақ, исламда «Мұхаммед» есіміне қатысты «салауат айту керектігі» жайында айтылған аят-хадистердің барлығы тек бір ғана адамға арналып  айтылған, ол – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.). Әңгіме барысында айтылған «Мұхаммед» сөзі пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қатысты болса ғана салауат айтылады. Ал қалған уақытта қарапайым кісінің «Мұхаммед» есіміне салауат айтылмайды.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу