АСТАНА. 7 қараша. E-islam.kz – Ағымдағы жылы 25 қазанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылданғанына 3 жыл толды. Іс жүзінде елімізде дәл осы сәттен бастап дін саласында қоғамдық қатынастарды реттейтін жаңа ережелер күшіне ене бастады.
Осы уақыттың ішінде елімізде не өзгерді, дінге сенушілер мен діни ұйымдар жаңа реформаларды қалай қабылдады, дін саласында қандай мәселелер мен проблемалар өз шешімін тапты? Осы және басқа да сұрақтар бойынша біз Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілхановпен әңгімелескен едік.
– Марат Алмасұлы, біздің білуімізше, сіз Мәдениет және спорт министрлігінде өзге бағыттармен қатар діни қатынастарды реттеу саласына да жетекшілік етесіз. Бұған қоса таяу уақытқа дейін осы саладағы уәкілетті органға тікелей басшылық жасадыңыз. Ал нақты сұраққа көшетін болсақ, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданған уақыттан бері қандай шаралар іске асырылды?
– Ең алдымен, 2011 жылы діни қатынастарды реттеу саласындағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа Заңның қабылдануы азаматтардың, қоғамның және жалпы мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан жасалған маңызды қадам болғанын атап өткім келеді.
Елімізде, сондай-ақ, жаһандық деңгейде соңғы 20 жылда қоғамдық-саяси жағдайдағы түбегейлі өзгерістердің жүргені жаңа заңды әзірлеуге бірден-бір негіз болғаны баршамызға белгілі.
Дінді қоғамдық қатынастарда, әсіресе, экстремистік және лаңкестік мақсаттарда пайдалану ауқымының кеңеюі осы саланы құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіру қажеттігін туындатты. Бұл ретте, заңнамаға өзгерістер енгізу халықтың, сондай-ақ, азаматтық қоғам институттарының, соның ішінде халықаралық ұйым өкілдерінің сұранысы мен болжамдарын ескере отырып, жүзеге асырылды.
Біз бұған дейін де атап өткеніміздей, қабылданған заң дін саласындағы жаңа құқықтық базаның басты құраушысына айналды. Бұл ретте заңды іске асыру үшін діни қатынастар субъектілері қызметінің түрлі бағыттарын реттейтін 15 заңға тәуелді нормативтік актілерді қабылдауды қамтамасыз еттік. Діни қызмет саласындағы ережелер белгіленіп, барлық рәсімдер ретке келтірілді. Миссионерлік қызметті, ғибадат үйлерін салуды, дінтану сараптамасын жүргізуді, ғибадат үйлерінен тыс жерлерде діни рәсімдерді өткізуге арналған орындарды белгілеуді, діни әдебиеттерді тарату орындарын және т.б. реттеу саласында нақты стандарттар бекітілді.
Заң қабылданғаннан кейін, ең алдымен, діни бірлестіктерді қайта тіркеу жолымен еліміздегі конфессиялардың жіктемесін нақты анықтап алғанымыз белгілі. Қазір республикада 18 конфессияны білдіретін 3493 діни бірлестік қызмет атқаратыны мәлім. Оның ішінде объективті және дәстүрлі түрде ең ірі діни топтар – Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының (ҚМДБ) 2416 филиалынан құрылған ислам және Орыс православие шіркеуінің 310 бірлестігін біріктіретін православие конфессиялары болып табылады.
Бір мезгілде тиісті лицензиялардың негізінде жұмыс істейтін діни оқу орындарының қызметі ретке келтірілді. Біз Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, діни қызмет саласының осы субъектілеріне де бақылау жасаймыз.
Қазіргі уақытта барлық діни құрылымдар қатаң түрде мемлекеттің заңнамасы шеңберінде қызмет етеді. Оның ішінде заңнаманың шеңберінде жүзеге асырылатын құдайға құлшылық ету, діни рәсімдер мен өзге де діни іс-шараларды өткізу туралы заң нормаларын сақтау қамтамасыз етіледі.
– Заңнамадағы жаңашылдықтарды қоғам қалай қабылдады?
– Әлеуметтік ахуалға мониторинг жүргізу үшін, оның ішінде мемлекетте осы салада қабылданып жатқан шараларға байланысты біздің тарапымыздан тұрақты түрде әлеуметтанулық зерттеулер ұйымдастырылады. Халық арасында жүргізілген әлеуметтанулық сауалдамалар мемлекетте қабылданып жатқан заңнамалық шаралардың халық пен сарапшылар тарапынан қолдауға ие екенін, сондай-ақ, діни ахуалға да оң әсерін тигізетінін көрсетеді.
Әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижесі бойынша, халықтың 90%-ға жуық бөлігі мемлекеттің осы саладағы саясатын қолдайды. Ел тұрғындарының 80%-дан астамы республикадағы діни ахуалды тұрақты деп бағалайды.
Іс жүзінде еліміздің аумағына экстремистік әдебиеттердің әкелінуіне жол бермес үшін маңызды тосқауыл қоюға мүмкіндік беретін дінтану сараптамасын жүзеге асырудың жаңа жүйесі жасалды. Соңғы 3 жылда 26 мың нысанға дінтану сараптамасы жүргізілді. Оның ішінде 441 материалға теріс сараптама қорытындысы берілді.
Қолданыстағы заңнамамен миссионерлік қызмет мәселесі реттелді. Мұндай қызметпен тек ресми тіркелген діни бірлестіктердің өкілдері мен міндетті түрде миссионер куәлігі бар азаматтар ғана айналыса алады. Шетелдік миссионерлер елге тек діни бірлестіктердің шақыртуымен ғана келе алады. Басқаша айтқанда, тіркелген діни бірлестіктердің тізімінде жоқ діни ағымдар елімізде миссионерлік қызметпен айналыса алмайды. Егер кімде-кім заңды айналып өтіп, миссионерлік қызметпен айналысатын болса, оларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылады.
Мәселен, үстіміздегі жылдың 9 айының ішінде заңнама талаптарын бұзғаны үшін 123 әкімшілік іс қозғалып, нәтижесінде 87 адамға айыппұл түрінде жаза қолданылды. Бұл саладағы заң бұзушылықтар, негізінен, тіркелмеген діни бірлестіктердің қызметіне қатысу, белгіленген орындардан тыс жерлерде діни әдебиеттерді тарату, сондай-ақ, заңсыз миссионерлік қызметпен байланысты орын алған. Іс жүзінде, осы аз кезеңде Қазақстанның діни саласында түбегейлі өзгерістер жүргізілді деп сенімді түрде айтуға болады. Ең бастысы, біз қазіргі таңда азаматтарымыздың көңіл-күйі мен санасынан оң өзгерістерді байқаймыз.
– Азаматтардың санасы туралы сөз еткенде, сіз тек адамдардың заңнамаға деген қатынасын ғана айтпаған боларсыз?
– Өте дұрыс байқағансыз. Барлығын заңмен реттеу мүмкін емес. Дін – элементтерінің бірі дінге сенушілерінің санасы болып табылатын қоғамдық феномен. Бүгінгі таңда қоғамда дінге деген қызығушылықтың арта түскені баршамызға мәлім. Оның ықпалы артып, қоғамдық өмірдің ауқымды бөлігін қамтып жатыр. Жалпы, дін қоғамда оң рөл атқарады. Алайда, кейбір жағдайларда діннің деструктивті мақсатта да қолданылып жатқанын елеусіз қалдыра алмаймыз. Біздің қоғамымыз бен мемлекетіміздің тұрақтылығы мен көркеюіне тікелей қауіп төндіретін дін атын жамылған және ашық діни-экстремистік ағымдардың қызметіне көз жұмып қарай алмаймыз.
Діни-экстремистік топтардың идеологтары радикалды идеяларды ілгерілетуге, азаматтарымызды өз ықпалына тартуға тырысуда. Бұл ретте радикалдар тарапынан ықпал етудің барлық заманауи әлеуметтік және ақпараттық технологиялары пайдаланылуда. Мысалға, экстремистік топтардың идеологтары насихаттау және өз қатарына тарту мақсатында Ғаламтор мен танымал әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Көбінесе, діни радикалдардың тарапынан жүргізілетін идеологиялық арбауына құндылықтық бағдары әлі қалыптасып үлгермеген психологиясы әлсіз жастар жиі ұшырайды.
Осының салдарынан діни сенімге догмалық ұстаным түріндегі фундаментализм соңғы жылдары кейбір дінге сенушілер үшін қалыпты жағдайға айналуда. Діни радикализм кәпірлікті, өзге мәдениет пен қоғамдық өмір түрлерін, сондай-ақ, зайырлы мемлекеттік құрылымды қабылдамайтын шектен тыс пішін ретінде жеке азаматтарымыз үшін өмірдің бұлжымас етіп таңылған мақсатына айналып жатыр. Сондықтан біздің қызметіміздің маңызды бағыттарының бірі қоғамда радикалды идеялардың таратылуының алдын алу болып табылады. Шын мәнінде, бұл азаматтарымыздың санасы мен ақылы үшін біздің жеңуге тиіс күресіміз екені даусыз.
– Бұл бағытта министрлік тарапынан нақты қандай жұмыстар жүргізілуде? Біздіңбілуімізше, діни экстремизммен,
радикализммен күресу Дін істері комитетінің, жалпы Мәдениет және спорт министрлігінің ерекшелігіне тән келе бермейтін
сияқты ғой. Сіздердің жұмыстарыңыздың мұндағы ерекшелігі неде?
– Діни экстремизм және радикализм – бұл ортақ проблема. Бұл мәселемен белгілі бір құрылым ғана айналысу керек деп айтуға болмайды. Әр мемлекеттік орган, өзінің ерекшелігі мен мүмкіндіктеріне байланысты, ортақ іске өз үлесін қосады.
Мәдениет және спорт министрлігінің жұмысы экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен олардың қандай да бір көріністеріне жол бермеу, ең алдымен, халықтың түрлі топтары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы жүзеге асырылады. Бұл бағыт – Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы басты тармақтардың бірі.
Бүгін біз басқа мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, конфессияаралық келісімге, халық арасында діни және құқықтық сауаттылықты арттыруға, қоғамда толерантты діни сана мен радикалды идеологияға қарсы тұратын иммунитетті қалыптастыруға бағытталған кешенді және мақсатты түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Атап айтқанда, біз әкімдіктермен бірлесіп, мемлекеттік органдардың қызметкерлерінен, дінтанушылардан, теологтар мен дәстүрлі дін өкілдерінен құралған дін мәселелері бойынша 708 ақпараттық топтардың жұмысын қамтамасыз еттік. Оның жұмысына тартылған мамандардың жалпы саны – 4167 адам.
Мысалы, тек үстіміздегі жылдың 9 айының ішінде ақпараттық топтардың күшімен 1 млн. 250 мың адамды қамтыған 15 мыңнан астам түрлі нысандағы шаралар өткізілді. 2013 жылы 500 ақпараттық топтың құрамындағы мұндай жұмыс 1,5 млн. адамды қамтыды. Тікелей министрлік тарапынан ғылыми-сарапшылар қауымдастығы өкілдерінен, мамандандырылған теологтардан, дінтанушылардан, ҚМДБ және мемлекеттік органдардың өкілдерінен құрылған республикалық ақпараттық топтардың жұмысы ұйымдастырылды.
Жүйелі негізде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері бойынша әкімдіктер мен өңірлік ақпараттық топтардың қызметін әдістемелік қамтамасыз ету жүзеге асырылуда. Тек үстіміздегі жылдың өзінде министрліктің Дін істері комитеті тарапынан басшылыққа алу үшін және жұмыста пайдалану мақсатында түрлі әдістемелік және ақпараттық материалдардың бірнеше ондығынан құралған толық кешені әкімдіктерге жолданды.
Комитет жоспарлы негізде дін істері басқармалары мен әкімдіктер жанынан құрылған Дін мәселелерін зерттеу орталықтарының қызметкерлері, ақпараттық топтар мүшелері мен мемлекеттік-конфессиялық қатынастар мәселелерін жариялау саласында маманданып жүрген журналистер пулына арналған оқыту семинарларын өткізіп отырады. Үстіміздегі жыл басынан бастап Дін істері комитетінің базасында өңірлік дін істері басқармалары мен Дін мәселелерін зерттейтін орталықтардың 60 қызметкері біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Дін істері комитеті жанындағы БАҚ-та дін тақырыптарын жариялайтын әдістемелік кеңестің базасында БАҚ өкілдерін оқытуға бағытталған 4 семинар өтті. Облыстық, қалалық және аудандық ақпараттық топтар мен журналистер пулдары үшін әкімдіктер тарапынан дәл осындай жұмыстар жүргізілді.
Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша тәулік бойы қызмет ететін «114-қауырт желі» ақпараттық-консультативтік орталығының жұмысы ұйымдастырылғанын бұған дейін де атап өткен болатынбыз. 2014 жылдың 9 айы ішінде аталған орталыққа 500-ден астам қоңырау шалынған. Азаматтар мен олардың жақындарына консультативтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі. Құқық бұзушылықтар туралы шалынатын қоңыраулар туралы ақпарат бірден құқық қорғау органдарына жолданады.
Алдын алуға бағытталған жұмыс шеңберінде дәстүрлі рухани құндылықтарды, оның ішінде тиісті әдебиеттерді басып шығару жолымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын да атап өтуіміз қажет. Осы мақсатта біздің министрліктің, сондай-ақ, әкімдіктер тарапынан да тиісті ағартушылық әдебиеттерді басып шығару жұмыстары ұйымдастырылды. Мысалы, халықтың арасында, исламдық діни оқу орындары мен мешіттерге, сондай-ақ, түзеу мекемелерінің кітапханаларына таратуға арналған 41 кітап аталымының тізбесі анықталды. Жалпы таралымы 90 900 дананы құрайтын кітаптар басып шығару жоспарланып отыр.
Біздің алдын алу жұмыстарымыздың тағы бірнеше жаңа бағыты туралы да айтып өтсем деймін. Атап айтқанда, көп еңбекті қажет ететін түсіндіру жұмыстары арқылы күмәнді шетелдік діни оқу орындарына білім алу үшін өздігінен шыққан қазақстандық студенттерді қайтару мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Үстіміздегі жылы 41 адам елімізге қайтып оралды, тағы 26-сы мұндай шетелдік орталықтарға шығудың бұрыстығына көз жеткізді.
Сондай-ақ, түзеу мекемелерінің жағдайында діни экстремизм мен терроризм үшін сотталғандардың арасында арнайы оңалту жұмыстары да ұйымдастырылды. Аталған жұмысқа сотталған адамдармен тұрақты түрде кездесулер мен сұхбат жүргізетін ҚМДБ-ның тәжірибелі діни қызметшілері тартылған. Үстіміздегі жылы діни экстремизм мен терроризм үшін сотталған адамдармен жұмыс жүргізетін республикалық оңалту орталығы құрылды. Бұл жұмысқа өңірлік деңгейде деструктивті діни қызметтен зардап шеккендерге көмек көрсететін 28 жергілікті орталық қатысады.
– Сіздердің ақпараттық жұмыстарыңызда Ғаламтор мен әлеуметтік желілер қалай қолданылады? Бүгінде көптеген жастарымыз
үшін Ғаламтор желісі ақпараттың негізгі дереккөзіне айналғаны шындық қой.
– Шынымен, бұл факторды ескере отырып, Ғаламтор кеңістігіндегі ақпараттық жұмысты біз жеке бағытқа бөлдік.
Халықтың діни сауатын арттыру және радикалды идеяларға қарсы насихат жүргізу үшін біз қазіргі уақытта белсенді жұмыс істеп жатқан «E-Islam» мәдени-ағартушылық ғаламтор-порталын құрдық. Үстіміздегі жылдың 3 тоқсанының ішінде порталда 6845 ақпараттық материал, оның ішінде 500 аудио-бейне материал, 2154 сұхбат пен мақала, 4428 жаңалық жарияланды. Порталдың базасында тұрақты түрде жетекші қазақстандық теологтар мен дінтанушылар тарапынан азаматтарымызға дін тақырыптарында кеңес беріліп отырады. Порталға күнделікті кіретін адамдар саны бойынша жалпы көрсеткіш 180 мыңнан астам адамды құрайды. Порталдың аудиториясы да күннен-күнге өсіп келеді.
«Фейсбук», «В контакте» және т.б. осылар сияқты танымал әлеуметтік желілерде біздің сарапшылар тұрақты түрде белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізетін тиісті қауымдастықтар құрылған. Сондай-ақ, экстремистік сипаттағы сайттар мен ақпараттық материалдарды анықтау мақсатында Ғаламтор кеңістігіне мониторинг жүргізу жұмысы ұйымдастырылды. Өткен жылдың ішінде біздің тарапымыздан діни мазмұндағы 2 мыңнан астам Ғаламтор ресурстарының мазмұны зерделенді. 227 сайт пен 167 бейнематериал бойынша теріс сараптама қорытындысы беріліп, аталған материалдар сот тарапынан жабылды, елдің аумағына әкелінуіне тыйым салынуы үшін прокуратура органдарына жолданды.
Осы жылғы қаңтар мен қазан айлары аралығында 7 мыңнан астам Ғаламтор ресурстарына талдау жасалып, оның ішінде заңға қайшы сипаттағы материалдарды қамтитын 177 Ғаламтор ресурсы мен «www.youtube.com» танымал бейнехостингінде орналасқан 92 бейнематериал анықталды.
– Біршама жұмыс жүргізілгені анық байқалды. Әңгімеміздің соңында айтылғандарға тағы не алып-қосар едіңіз?
– Жалпы, өзіңіз атап көрсеткендей, дін саласында біршама жұмыстар атқарылу үстінде және олар өте аз уақытта ұйымдастырылғанына қарамастан, өз нәтижесін беріп келеді, сондай-ақ, тиімділігі де біртіндеп арта түсуде.
Біздің жұмысымыздың басты бағасының бірі – діни ахуалдың басым түрде қалпына келгені туралы айтып жатқан азаматтарымыздың оң пікірлері. Біздің ойымызша, осы кезеңде жұмыстың стратегиялық түрде дұрыс таңдау жасалған бағыттарын жұмыстың практикалық жағын жетілдіре отырып жалғастыру маңызды.
Жалпы алғанда, қазір біз еліміздің конфессияаралық келісімге, жоғары мәдениетке және қоғамның сауатты болуына негізделген рухани байлығын сақтап, оны әрі қарай дамыту үшін барымызды салуымыз керек.
Әңгімелескен
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан»