Әлеуметтік желіге тіркелудің, ондағы жеке парақшаны жүргізудің өз ерекшеліктері бар. Мұндағы әрекеттер әрбір қолданушының талғам-түсінігіне тікелей байланысты. Дегенмен әлеуметтің назарындағы әрбір әрекетке қатысты шаириғаттың өз үкімі бар. Олар қандай?

Instagram, Facebook, «ВКонтакте» сияқты әлеуметтік желілерде «Қолың бос олса, «Алла» деп жаз» деген мазмұндағы мазмұндағы хабарламалар көп келеді.

Мұсылман баласы мұндай хабарларға қалай әрекет етуі керек?

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов сайтымыздың оқырмандарына осы мәселелер бойынша кеңес берді.

«Желіде кескін мен бейне орнатуды шариғат шектемейді. Бірақ оның мазмұны шариғат шеңберінен, жалпы әдеп талабынан шықпауы тиіс. Сурет қою, фото мен видеоға түсу шариғатқа қайшы деген түсінік болмауы керек. Жеке куәлік немесе төлқұжат рәсімдегенде суретке түсеміз. Онсыз болмайды.

Сондай-ақ әлеуметтік желіде пайдалы шарадан ақпарат бөлісу үшін тікелей эфирге шығып, суреттерін жариялауы мүмкін.  Пайдалы ақпаратты бөлісу үшін кескін мен бейне жариялау шариғаттан тыс емес. Ал суретке киімсіз түсу, бейәдеп әрекет көрсету күнә болатыны айтпаса да түсінікті. Басқа адамды сыртынан түсіріп, рұқсатынсыз салып жіберуге де болмайды. Интернетте «фейк» деген ұғым бар. Жалған атпен, жалған суретпен пікір қалдырып, түрлі жұмыс істеп отыруы мүмкін. Түптеп келгенде бұл елді алдау, өтірік айту деген сөз. «Алдаған адам бізден емес» дейді шариғатта.

Ораза кезінде ауызашардан сурет салу жиі кездеседі. Бұл мәселеде «рия» деген түсінік бар. Сондықтан мейлінше сақ болған жөн. Біреудің ашуын туғызатын немесе өзінің амалын мақтан ету үшін салынған сурет болса, сол ісінің сауабын жойып жібереді.  Осы жағынан қарасақ, бұл дұрыс емес».

ҚМБД өкілінің айтуынша, дінге қатысты келетін түрлі хабарламалар адамның уақытын алуы мүмкін екенін айтады.

«Осындай хабарлар келетіні рас. Кейде бір дұғаның үзіндісін жіберіп, осынша адамға тарат. Таратпасаң, қиындыққа душар боласың. Таратсаң, сауап аласың» деген мағынада хаттар келіп жатады.  Мұндай әрекет адамдардың уақытын бекер алу болып есептеледі. Адам баласы мұндай істен барынша сақтануы керек. Әуелі мұндай хабарламаларды жібермеуге тырысу керек.

Екіншіден,  ол хабарламаның талабын, бұйрығын орындау міндетті емес. Әмірдің ықтияри түрі болады. Ондай әмірлер құранда да бар. Сауалдағы «Уақытың болса» деп басталатын хабарды да ықтияри талап деп қабылдау керек. Оны орындамасаң, күнәһар болмайсың.

Ал Алла деп пайдалы сөз жазу шынымен сауапты іске саналады.  Ондай халарламалар таратушылар сол уақытты ең қажетті, пайдасы көбірек ақпараттармен бөлісуге жұмсағаны абзал».

Шариғатта әлеуметтік желіде отырудың тәртібі бар ма?

Бұл сұраққа ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов былай деп жауап берді.

«Әлеуметтік желіде отырудың ең негізгі деген тәртіптерін атауға болады. Біріншіден, әлеуметтік желіде жұмыс істейтін адам әуелі ниетін түзетуі керек. «Барлық нәрсе ниеттен басталады» дейді. Ол жерден бір жаман нәрсе іздеу үшін емес, пайдалы ақпарат алу, жақындарға хабарласу деген жақсы ниет болуы шарт.

Екіншіден, уақыт мәселесі бар.  Қазір әлеуметтік желі уақытымыздың көбін алып жатыр.  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  уақыт туралы көп хадистері бар.  «Берілген уақыттың  қандай іске жұмсадыңдар» деген сұрау болады. «Жастық шақты немен өткіздіңдер» деген сұрақ сұралады. Сол сияқты, әлемуеттік желіде де уақытты үнеммен пайдалану керек. Уақытты ысырап етуге болмайды.  Әлеуметтік желіге отыру мойындағы басқа да міндет, борыштардың орындалмай қалуына себеп болмауы керек.

Үшіншіден, әлеуметтік желіге кірмей тұрып мақсатты айқындап алу қажет. Яғни  жоспар жасалуы тиіс. Әлеуметтік желіге кірудегі мақсатым не? Жұмыс бабымен бе, туған-туыс, жора-жолдасқа хабарласу ма? Сол айқын болуы тиіс.

Төртіншіден, әлеуметтік желідегі қадамыңыз да «бісмілләдан» басталуы керек. «Әрбір іс бісмілләдан басталса, берекелі болады» дейді. «Бісміллә ир рахман ир рахим» деп дұғамен бастаған ләзім.

Бесіншіден, әлемуеттік желіні пайдалану аясы шариғат рұқсат етілген шеңберде болуы керек. Әлеуметтік желінің де пайдалысы, пайдасызы бар. Сауап пен күнә қатар жүруі мүмкін.  Жазу арқылы, тыңдау арқылы, көру арқылы да шариғат шеңберінен шықпаған дұрыс. Өйткені адам көзбен де күнә жасауы мүмкін. Біреуге тіл тигізіп те зиян келтіруге болады. Офлайн қарым-қатынаста сақталатын әдеп нормалары онлайн қарым-қатынаста да сақталуы тиіс.

Алтыншыдан, авторлық құқық дегенге мән берудің маңызы зор. Интернеттен өзімізге ұнаған немесе қажет еткен дүниелерді жүктеп, көшіріп аламыз. Оны  өз парақшаңда бөліссең де, желі арқылы таратсаң да, жарияласаң да авторлық құқық сақталуы керек. Себебі ол біреудің еңбектеніп жасаған материалы деген сөз. Тіпті мүлкі деп айтуға болады. Ал біреудің мүлкін иесінің рұқсатынсыз пайдалану шариғатқа қайшы.

Жетіншіден, әлеуметтік желідегі баланың әрекетіне ата-ана жауапты болуы тиіс. Оның әлеуметтік желіге қанша уақыт бөлгенін, қандай ақпарат көздеріне кіріп, кіммен араласатынын бақылап отыру міндет. «Міне компьютер, міне интернет, үйде отыр»  деп қараусыз қалдырып кеткені үшін әке-шеше жауапты болады.

Пікір жазу