Сұрақ: Мен кәсіпкермін. Мешітке барып уағыз тыңдаған уақытта ақыретті ойлаймын. Базарға келгенімде саудаға кірісіп, дүниені ғана ойлап кетемін. Бұл күнә емес пе?

Жауап: Расында да адам уағыз естіген кезінде сауап пен обалды, ақыретті ойлайды. Ал енді өзінің күнделікті күйбең тірлігіне, саудасына, кәсібіне кіріскен уақытта о дүниеге қарағанда осы дүниесін ойлауы табиғи құбылыс. Себебі оған өзін қоршаған орта, қасындағы адамдар, әлеуметтік және экономикалық жағдай әсер етеді.

Әдетте мешітке келген адам өзін уағыз тыңдауға дайындап келеді, яғни ақыретті ойлап, күнә мен сауаптарын салмақтап бойсынып кіреді. Сондықтан да адам мешітте және уағыз тыңдағанда дүниеге қарағанда ақыретті көптеу ойлайды.

Ал басқа уақытта дүние істерінің басымырақ түсуі қалыпты жағдай. Дегенмен, мұсылман мүмкіндігінше барлық жағдайда, амалдарында (отбасында, ұжымда, жұмыста, саудада, қарым-қатынаста және т.б.) ізгі амал жасап, ақыретін естен шығармауға тырысады.

Мұндай жағдай (уағыздан тыс уақытта дүние істерінің басым түсуі) сахабаларда да болған. Мысалы, Ханзала ибн Раби пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахиды жазушыларының бірі еді. Оқу-жазуды білгендіктен пайғамбар кейде оған жаңадан түскен аяттарды жаздыратын. Ханзала да өзге сахабалар секілді пайғамбарды бар жан-тәнімен, ұйып тыңдаушы еді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Өмірімді тек құлшылықпен өткізуге Ислам қалай қарайды?

Бір күні ол пайғамбардың алдына келді де:

– Уа Алланың елшісі! Ханзалла мұнафық болды! – деп өзінің мұңын шақты. Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөзіне таң қалды:

Бұл не дегенің, Ханзала? – деп сұрады. Ханзала өз дертін айта бастады:

– Уа Алланың елшісі! Сіздің жаныңызда болған кезімізде бізге жұмақ пен тозақ жайында айтасыз. Сол сәтте біз жұмақты да, тозақты да көзімізбен көргендей боламыз. Алайда, Сіздің құзырыңыздан шыққаннан кейін мұның көбісін ұмытып кетеміз, – деді.

Сол кезде Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған өмірде өзін қалай ұстау керектігін түсіндірді:

Жанымды уысында ұстаған Аллаға ант етейін! Егер сендер менің құзырымнан шыққаннан кейін де дәл сондай сезімде болған болса едіңдер, онда төсекке жатар алдында және жолда жүріп келе жатқанда періштелер сендермен амандасқан болар еді. Алайда, уа Ханзала! Уақыттың бір бөлігін құлшылыққа, бір бөлігін дүние істеріне арнау керек! – Пайғамбар бұл сөздерін үш мәрте қайталады (Мүслим 2750).

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу