Сұрақ: Көлікте кетіп бара жатып тамақ немесе шылым қалдығын тастау күнә ма?

Жауап: Ислам – тазалық діні. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Тазалық – иманның жартысы», – деген (Мүслім).

Мысалы, намаз оқу үшін адам тазарып, дәрет алады және намаз оқитын орны әрі киімі таза болуы шарт: «Әй, бүркенген жан! Тұр, халыққа ескерт. Раббыңды ұлықта. Киіміңді таза ұста» («Мүддәссир» сүресі, 1-5 аяттар).

Осының барлығы исламдағы тазалықтың маңызын білдіреді. Енді тазалық дінін ұстанатын адам немесе өзін мұсылманмын дейтін жан қалайша қоршаған ортаны таза ұстамайды?! Жеген тағамның немесе шеккен шылымның қалдығын көшеге лақтыру – мұсылманға жараспас қылық. Ислам мұндайларды әдепсіз, ахлақсыз адам деп таниды.

Расында көліктің терезесінен тамақ қалдықтарын (шемішке, банан, алма және сол сияқты т.б.), шылымды лақтыратын азаматтарды жиі көреміз. Өкінішті. Мұсылман көршаған ортаны ластамайды, басқалардың еңбегін бағалайды. Ол әдепсіз сөздерді сөйлемейтіні сияқты, жаман қылықтарды да жасамайды. Өйткені оның әрбір сөзі мен әрекеті амал дәптеріне жазылып жатқанын жақсы біледі.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу