Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйел мәртебесінің биіктігі ең алдымен –әйелдердің құрметтелуінен, екіншіден – құқық берілуінен, үшіншіден – қорғалуынан танылады. Анаға құрмет, жарға жанашырлық, қызға қамқорлық – иманға ұйыған ұлтымыздың басты ұстанымдарының бірі. Өз болмысына даналық мінез бен ізгі қасиеттерді жия білуі қазақ әйелін құрметті етті. Ол құрметке лайық болды және құрметтелді де.
Атамыз қазақ ел басына күн туса, ер азаматтармен бірдей атқа қонған, бейбіт күнде білігі асса – билікке, өнері асса бәйгеге ерлермен бірдей таласқан әйелдеріне құқық атаулыдан тыйым салып көрген жоқ. Одан дәстүрлі қазақ қоғамы ұтпаса, ұтылмағаны тарихымыздан белгілі. Соның нәтижесінде қазақ халқы үлгілі ұлт болды.
Қоғамдағы әйелдер мен қыздар киім киісі бүгінгі күннің өзекті тақырыбы болып отыр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Кімде-кімнің үш қыз баласы болса, оған жақсы тәлім тәрбие беріп, жақсы отбасына күйеуге берсе ол ата-ана жәннатқа кіреді» деді. Сонда бір кісі: «Я, расулаллаһ, менің екі қызым бар, мен де осы айтқаныңыздай жасасам жәннатқа кіре аламынба?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Иә» деп жауап береді». Хадиске түсінік берген ғалымдар: Егер де тағы бір кісі «Я, расулаллаһ, менің бір қызым бар, менде дәл осылай жасасам жәннатқа кіре аламын ба?» деп сұрақ қойғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Иә» деп жауап беретін еді, деп өзге хадистермен шариғат үкімдеріне сүйене отырып қыз тәрбиесінің маңызы мол екенін аңғартуда.
Біздің міндетіміз – ұл-қыздарымызға ерекше көңіл бөліп, олардың тәрбиесіне мән беру. Сіздің аяулы қызыңыз, біреудің аяулы жары, енді біреулердің аяулы келіні, ал біреулердің ардақты анасы, тіпті, ұстазы. Міне, осындай аяулы да ардақты жан болуы үшін мықты тәрбие керек. Ол тәрбиеге мына сіз бен біз, ата-аналары жауаптымыз.
Гүлжайна АЛТЫНБЕКОВА