Соңғы кездері түрлі отандық интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметін сынауға бағытталған материалдар қызу жарияланып жүр.

Өмірде көпті көрген тәжірибем мен азын-аулақ жинаған білімімді пайдаланып осы мәселеге байланысты пікір білдіруді жөн көрдім. Өзге мұсылмандарды сынағанды жақсы көретін бауырларымызды жаманшылықтан сақтап, ескерту айтқым келеді. Оның үстіне бұл кісілер иманымыз бен мұсылмандарымыздың игілігі үшін қызмет етіп жатқан дін басшылары емес пе?! «Ғаламторда қыдырып жүрген» сыни пікірлер шариғаттың мақсаттарына қайшы келеді (мақасид аш-шариға). Алла Тағала Құранда былай деп айтқан: «Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр». («Нахл» сүресі, 125аят).

Әділдікті жаны сүйген ата-бабаларымыз кейде сыни пікірді мұсылман бауырларына олардың кемшіліктерін көрсетіп отырып айтқан. Бірақ мұны даналықпен шариғат құқығы мен мұсылмандық этика шеңберінде жеткізуге тырысқан. Олардың негізгі мақсаты – жаманшылықтан қорғап қалу еді. Адамның кемшілігін бетіне айту арқылы оның артынан ғайбат айтуға тосқауыл қойған.

Алла Елшісінің (ﷺ) даналықпен және жақсы ниетпен адамдарды иманға шақырғанын білеміз. Осындай әдісті бізге де ұстану керек. Егер де сен адамның қателіктерін білдірткін келсе, онда тек Алланың разылығы үшін ешқандай реніш, жеке ұнатпаушылық не болмаса оның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорламайтындай етіп істеу абзал. Адам баласын ренжітетін немесе намысына тиетін сөздерден аулақ болу керек, осылайша бауырластық сезімін көрсетіп, ғайбат айтудан арыламыз. Ал Қазақстан мүфтиі мен оның айналасындағыларға жазылған сыннан байқағаным реніш, өсек, есеп айырысу сияқты дүниелер. Мақаламды ҚМДБ Ғылыми кеңесінің мүшелері оқиды деп ойлаймын. Мен оларға «Кибербуллингке» қатысты пәтуа шығаруды ұсынғым келеді. Өйткені өз-өзіне қол жұмсауға дейін барған жағдайлар болды!

Ғаламторда алып-қашпа өсек-аяңдар күшейген, адамгершілікті айтпағанда ар-намысты ұмытып, оған біздің мұсылмандар да қосылып алған. Нәтижесінде көптеген адамдар ауруға шалдығады, жұмысынан айырылады, отбасындағы қарым-қатынас бұзылады, психикалық ауытқушылықтарға ұшырайды және т.б. Бірақ кибербуллингтің ең қорқыныштысы – өз өзіне қол жұмсау.

Алла Тағала Құранда айтқан: «Расында, сондай мүміндердің ішінде арсыздық жайылуын жақсы көргендерге; дүние, ақыретте күйзелтуші азап бар. Алла біледі. Сендер білмейсіңдер!». (Нур сүресі, 19-аят).

Көп адамдар біледі Пайғамбарымыз (ﷺ) хадисінде былай деп айтқан: «Аллаһ елшісі(ﷺ):«Шын мәнінде Аллаһ сендердің дене бітімдеріңе және келбеттеріңе қарамайды, алайда сендердің жүректеріңе және амалдарыңа қарайды», – деді. (Хадис Мүслимнен, 2564).

Сондай-ақ Пайғамбар(ﷺ) айтты: «Кім мұсылман бауырының айыбын жасырса (жапса), Қиямет күні Аллаһ оның айыбын жабады, ал егер біреу мұсылман бауырының айыбын ашса, онда Аллаһ оның айыбын ашады және оны өз үйінде масқара қылады» (Мүслимнен, 2590).

Мұсылмандарымыздың осы ұғымдарды өз өмірлерінде қолданатын кезі келді. Өйткені, Алла елшісі (ﷺ) былай деп ескертті: «Ей, жүректеріне иман жетпеген, тілімен (ғана) Исламды қабылдағандар! Мұсылмандарды ренжітпеңдер, оларды ұялтпаңдар және олардың кемшіліктерін іздеп соңына түспеңдер, өйткені, расында, кім мұсылман бауырының кемшіліктерін іздесе, Аллаһ оның кемшіліктерін тынымсыз іздейді, ал Аллаһ кімнің кемшіліктерін тынымсыз іздесе, оны тіпті өз үйінде отырса да, масқара қылады»! (Хадис Әбу Дәүдтен, 4880).

Жаңа терминдерге түсініктемелер мен үкімдер беру керек: Флейминг – дөрекі түрдегі ескертулер, ұятсыз хабарламалар, ар-намысты қорлайтын пікірлер.

Троллинг – адамның жауабын келемеждеу арқылы психологиялық ойынға тарту, әдейі жәбірленушінің ашуын келтіретін, арандататын хабарламалар жазу.

Хейтинг — толыққанды қорлау. Бір адам туралы жаппай теріс пікірлер білдіріп, ар-намысын аяқ асты ету. Бұндай жағдай көбінесе қателесіп қалған немесе абайсызда бір сөзді айтып қойған танымал адамдарда кездеседі. Харассмент — сексуалдық сипаттағы қудалау немесе мақсатты кибершабуылдар. Харассменттің тағы бір түрі – кек порносы. Мұнда бұрынғы серіктес қарым-қатынастың үзілуіне байланысты жеке фотосуреттерді, бейнелерді немесе хаттарды жүктейді немесе оны қорқытады.

Киберсталкинг — бұл харассменттің соңғы түрі – аңдумен қатар ұзақ мерзімді алымсақтық. Әлеуметтік желіде сізге бір ұятсыз фото жіберілсе, бұл харассмент болып табылады. Егер адам сіздің бүкіл әлеуметтік желіңізге тіркеліп алып, сіздің жарияланымдарыңызға үнемі жағымсыз пікірлер қалдырып отырса – бұл киберсталкинг.

Диссинг (жала жабу) — тұлғаның беделін түсіру, ол туралы өсек-аяң, сыбыс тарату. Шабуылдаушы жәбірленушіні жаман көрсететін кез келген ақпаратты қолдан жасайды. Көбінесе ақпаратты әсірелеп не желідегі хатты жалған жазуға дайын тұрады. Фрейпинг —анонимді және қасақана қорқыту. Оның бір әдісі – жеке кабинетті бұзу (фрейпинг) арқылы жәбірленушінің атынан орынсыз хаттарды жариялау. Мақсаты – адамды қара бет қылу.

Кетфишинг — мұнда буллер аккаунтты бұзбайды, бірақ бірдей етіп жасап әртүрлі ақпаратты таратады. Аутинг (жеке деректерді тарату) — гаджеттен ұрланған интимдік фотосуреттерін, тапқан табысы мен шығындарын жариялау. Бұған жеке ақпаратты жариялау қаупі де кіреді. Физикалық қауіп — желіде ашық немесе жасырын түрде зиян келтіру, тіпті, өлтіру қаупі де бар. Мекенжайды білу үшін «кездесу» уақыты мен орнын алдын ала белгілейді. Негізгі қауіпті топқа жасөспірімдер жататындықтан, ғаламтордағы қорқыту қауіпті болып есептеледі.

Сондықтан қазіргі кезде «ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау» фиқһтағы «зарурият» (зәру) дәрежесіне көтерілді. Ар-намысты қорғау шариғаттың негізгі мақсаттарымен (мақасид аш-шариға) немесе «бес зәру қажеттілікпен» (Зарурият хамса) байланысты кітаптарда «Усулул фиқһ» (заңның негіздері) бойынша ұлы имамдар (Әл-Джувейни, Ғазали, Шатиби және т.б.) жазды.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Бас мүфти: "Қазақстан ешқашан тарихи Русьтің аумағына кірген емес!"

Бұл: 1. иманды, 2. өмірді (жанды), 3. ақылды, 4. ұрпақты және 5. мүлікті (байлықты) сақтау. Ал кейбір ғалымдар «бес зәру қажеттілікке» «намыс қорғауды» қосқан. Менің ойымша, «интернеттегі қорлау туралы пәтуа» бұрынғыдан да өзекті болып отыр!
Кибербуллингтің харам екендігі туралы дәлелдер жеткілікті. Жаратушы бізді Құранда былай деп үйретеді: «Әй мүміндер! Бұзық біреу хабар келтірсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер». (49 «Хужурат» сүресі: 6 аят).

Мүфти Ибрахим Десаи өз тәпсірінде былай деп жазады: «Кейде сізге белгілі бір адам туралы жалған ақпарат жазылған электрондық хат келеді. Оны тексермей-ақ сіз жіберетін түймені басқанда, ол сіздің барлық контакт нөмірлеріңізге, мыңдаған адамға жіберіледі. Ақпаратты тексермей бір рет жіберу – ол өтірік мың адамға жетеді деген сөз! Ал олар бұл ақпаратты қанша мыңға жібереді? Қоғамда фитна мен сұмдық тудыратын бұл өтіріктердің таралуына кім жауапты? Қаншама рет тәубеге келу керек бұл үшін? Бізден талап етілген нәрсе біреу ғана – басқа адам туралы бірден жамандық ойламай, өзгенің кемшілігін жасырмай ақпаратты алған кезде жай ғана тексеру. Мұндай дүрбелеңнің таралуының салдары өте ауыр болуы мүмкін. Сондықтан бізге осындай жағдайларда абай болу қажет».

Біз әрқашан араздық емес, бітімге келу жолдарын іздеуіміз керек: «Шын мәнінде мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер». (49:10).

Алла бізді ескертеді: «Әй мүміндер! Бір ел, бір елді тәлкек қылмасын. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Сондай-ақ әйелдер, әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді міндемеңдер; жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін сүркей ат нендей жаман. Ал кім тәубе қылмаса, міне солар залымдар». (49:11).

Осы аятта Алла Тағала үш жаман мінезді айыптайды: 1) адамдарды келеке ету. 2) Біреу туралы айтылған кемшіліктер мен сыбыстар туралы ақпаратты анықтау және тарату. 3) Адамдардың намысына тиетін лақап аттар ойлап табу. Әрбір келтірілген әдетке тыйым салынған (харам).

Одан әрі өте маңызды ескерту айтылады: «Әй мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді». (49:12) Бұл жерде мұсылмандарға қатысты күдіктер мен олардың кез келгеніне қатысты негізсіз теріс пікірлер туралы айтылып отыр. Сондай-ақ Жаратқан бізге иман бойынша бауырларымызды тексеруге, олардан кемшіліктер іздеуге тыйым салады!

Күнәға батпау және фитнаның (іріткі) жақтаушысы болмау үшін келесі маңызды ережелерді білу керек: 1.Ешқашан адамға оның қателіктерін көпшіліктің алдында айтпау керек, яғни екеуін оңаша қалған кезде білдіру керек. Себебі өзінің бауырына басқалардың көзінше ақыл айтуын оны қаралағанын. Ал мұсылман үшін абыройын түсіру мақсатынан гөрі оны жақсы жағынан көрсету лайықты амал. Біздің ата-бабаларымыз біреуге ақыл-кеңес беру немесе кемшіліктері туралы айтуды жасырын істеген.

Демек, имам Аш-Шафии (Аллаһ оған разы болсын) айтпақшы, кімде-кім өз кемшілігін ағайынға оңашада айтса, бұл жақсы амал (насихат), ал егер ол адамдардың көзінше айтса, бұл тек масқаралау.
«Кімде-кім өз бауырын жақсы жолға салса – оған шын жүрекпен ақыл айтып оны әдемілеп көрсетеді. Ал егер көпшіліктің көзінше істесе, оның абыройын түсіріп, ұсқынсыз етіп көрсетеді».

2. «Пандораның жәшігін» ашып, фитнаның (бұзақылықтың) бастаушысы болу арқылы мұсылман екі күнәні мойнына алады. Біріншіден: объективті және сындарлы сын мамандарға жетуі керек. Тиісті адамдарға жеткенде, сіз жауапкершіліктен құтыласыз. Жаратушының және өзіңнің ар-ұжданының алдында дұрыс деп саналған нәрсені істедің. Егер әрі қарай сынасаң, күнәға батасың. Екіншіден: мұсылман қоғам алдында басқа біреуді сынға алса, ол күнәға батады. Оның айтқан сөзі «халық арасында қыдырып жүреді». Пайғамбар (ﷺ) айтады: «Егер сіз адамдардан кемшілік іздесеңіз, оларды құртасыз немесе бұзуға жақын боласыз». (Хадис Әбу Дәудтен).

Ал кибербуллинг деп аталатын нәрсе шариғатқа қайшы. Бұл Исламның негіздеріне әсер ететін үлкен күнә. Сондықтан мұсылманның ар-намысын қорғауды «Хифзул ъирди уаш-шарафты» шариғаттың 5-әмбебап мақсатына қосты. Қателіктеріне қарамастан, мұсылман бауырды ел алдында сынауға хақымыз жоқ!

Бауырларымыздан қандай кемшілік байқасақ та ең алдымен өз кемшілігімізге ерекше мән беріп, оны түзеп, жоюға тырысуымыз керек. Сүйікті Пайғамбарымыз(ﷺ) ғана күнәсіз.

Біз орындамайтын Пайғамбардың (ﷺ) маңызды хадисі: «Мұсылман – адамдарға тілімен де, қолымен де зиян тигізбейтін адам. Ал мухажир – Алла харам еткен нәрселерден хижра (көшу) жасаған адам».

Өзгенің кемшілігін іздеп, түзетуге берілген адам өзінің кемшілігін ұмытады. Ал өз кемшілігін көрмеген адам тәкаппарлықпен ауырады және «жұмақтың иісін де сезбейді». Менің ойымша, әрбір мұсылман өз жағдайын ойлауы керек. Алла Тағала баршамызға дұрыс түсінік, иманы бар мұсылмандарға және барша адамдарға деген сүйіспеншілік берсін!

Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының теологы М.А. Смағұлов

Пікір жазу