Қызыл Арслан Атсыздың 1156 жылы қайтыс болуымен Хорезм тағына Ел-Арслан шах отырды. Хорезм мемлекеті бұрын селжұқтарға алым-салық төлеп келсе, енді шығыстан қауіп төндірген қыра қытай горханына салық төлеуге мәжбүр болды. Дегенмен, 1157 жылы Селжұқ билеушісі Санжар сұлтан қайтыс болып, Хорезмшах өзіне ең үлкен қауіп төндірген саяси күштің бұғауынан босап, тәуелсіз ел атанды. Ел-Арслан шахқа енді қарақытай қауіпінен құтылу үшін жаңа одақтастар іздеуге тура келді. Ол Санжар сұлтанның ұлы Месуд сұлтан мен Қорасандағы Қарақан қағаны Махмұтпен достық қатынас орнатты.
Ел-Арслан шах Қарақытай горханына бағынышты Қарақан мемлекетінің ішіндегі алауыздықты өз пайдасына жаратқысы келді. Қарақан қағаны Шағрыға қарсы шыққан қарлұқ тайпаларының бектері Ел-Арсланға қашып келді. Ол қарлұқтармен бірігіп Қарақан мемлекетіне қарсы соғыс ашып, 1158 жылы Бұқара қаласын алды. Алайда, Шағры ханға қарақытай қолы көмекке келіп, Ел-Арслан шах Шағры ханмен бітім жасасауға мәжбүр болды. Бітім бойынша Ел-Арслан шах өзіне қашып келген қарлұқтарды Қарақан мемлекетіне қайтарып берді.
Ел-Арслан шах Қорасанда орын алған саяси талас-тартыстарға да араласты. Гурган мен Дахестан билеушісі Ықтияраддин Айтақ пен Жаңбыр хан арасында арасында болған келіспеушілкте ол Жаңбыр ханды жақтады. Осы кезде оғыз басшысы Ай-Аба мен Селжұқ билеушісі Арслан шахтың арасында да ымырасыздық орын алды. Осы қым-қуыт шақты сәтті пайдаланбақ болған Ел-Арслан шах 1165 жылы Қорасанға шабуыл жасап, Нишабурды қоршауға алды. Бірақ, Нишабурды ала алмады. Дәл осы сәтте Қарақытайларда Қорасанға жойқын жорық жасады. Қарақытай әскері Қорасандағы Қарақандықтарды басып алғанда, Ел-Арслан шах кейін шегінуге мәжбүр болды
Жалпы, Қарақытай билігі Мәуреннахрда өзімен бәсекелес саяси күштің болғанын қалаған жоқ. Олар «салық төлемеді» деген сылтаумен 1172 жылы Хорезмге шабуыл жасады. Хорезм әскері ауыр жеңіліске ұшырады. Бірақ, Қарақытай әскері Үргенішке соқтықпай кері шегініп кетті. Ал, Ел-Арслан шах осы жылы сырқаттанып қайтыс болды. Будда сеніміндегі Қарақытайлықтардың Хорезмшах мұсылман мемлекетіне үстемдігі Ел-Арсланның ұлы Алааддин Текештің кезінде де жалғасын тапты.
Ел-Арслан шах әкесі Қызыл Арслан Атсыз секілді Хорезмнің астанасы Үргенішті гүлдендіруге көп күш жұмсады. Қалаға қажетті жаңа ғимараттар тұрғызып, мешіт-медреселер салдырды. Сарайға ғұламалар мен ақындарды жинап, оларға қазынадан көмек көрсетті. Жүз елуге жуық ақынның өлеңдері топтастырылған атақты «Тазкират-ил-Шуара» және Сейд Исмайыл Гургани жазған «Дакаира-йа каразм-шах» атты медициналық энциклопедияның жарық көруіне көмек қолын созды.
Мұхан Исахан,
дінтанушы, PhD доктор