Астана күні қарсаңында бір уақытта мың жарымға жуық адам сәждеге жығыла алатын мешіт жамағатқа айқара есік ашты. Қашан да ана есімін ардақтаған мешітті тұрғызушы азаматтар құлшылық үйіне «Әлжан ана» атауын лайық көріпті. Елімізді егемендік алғандағы тоқырау кезеңнен бүгінгі ахуалға жеткізіп, аяғынан тік тұрғызған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты өмірге әкелген анаға, әлбетте, мұндай құрмет лайық-ақ.
Халықаралық сарапшылар «әлемдегі ең ықпалды әйелдер» деген тізім жасап, қолында билігі бар әйелдердің атын атап көрсетіп жатады. Бұл қатарға, әрине, азулы мемлекет басшылары мен атақты миллионерлердің жұбайлары жатқызылады. Байқалатыны, әйелдің ықпалы мұнда қолындағы билігі мен байлығына қарай екшеленетін тәрізді.
Ал, шын мәнінде қалай? Үні шықпайтын, биік мінберлерден көріне бермейтін, жарқырап, үлде мен бүлдеге оранып, көптің көзіне түсе бермейтін әйелдер ықпалды емес пе?..
Осылай ойлауым мұң екен, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты туған Әлжан ана ойыма оралады…
Қолдағы деректерге сүйене айтсақ, Әлжан Бұқарбайқызы Жатқанбаева 1904 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қасық ауылында дүниеге келген екен. Өз әулетіндегі «әруақты адам» атаныпты. 2007 жылы еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» «Президенттің анасы» деген тақырыппен жарық көрген Гүлзейнеп Сәдірқызының жазбасына қарағанда, Қасықта «бұл елдің атын шығарса, қыздар шығарады, өйткені, мұнда әруақ қыздарға кеткен» дейді екен. Нұрсұлтандай ұл туған Әлжан ана, міне, сол елдің әруақ қонған қызы саналған дейді.
Жасынан ол қолына домбыра алып, айтысқа шығып, сөз өнеріне әуестігімен танылады. Сөйтіп, ақылдылығымен, шешендігімен, қалыптағы сөзді қағып алып, әзілге айналдыра білетін тапқырлығымен көзге түседі.
Айта кету керек, «үйдің жақсы болмағы – ағашынан, жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» демекші, ел басқаруға, сөзіне көпті ұйытуға деген қабілеттілік Назарбай би шыққан Нұрсұлтан Әбішұлының аталар жағында ғана емес, нағашы жұртында да болған. Анасының жалғыз бауыры Бөлеген Жатқанбаев Жамбыл өңірінде ел басқарып жүрген кезінде солақай саясаттың шырмауына түсіп, «халық жауы» ретінде айдалып кеткен. Ал, қудаланған адамның отбасы Алматы облысының Қаскелең ауданына жер аударылған.
Міне, осылай Үшарал аймағына қоныс тепкен Әлжан ана жас күнінде Түрксіб темір жолын салып жүрген жұмысшыларға ас-су әзірлеп, күнін көреді. Сөйтіп жүріп, ауылдағы түрлі шаруашылықтарға араласып, бригадир болып жүрген Әбіш Назарбайұлымен танысады. Еңбекқор, қайратты, бойынан үлкен парасат есіп тұратын Әбіш сөз салған соң, арада бір жыл өткенде екеуі шаңырақ көтереді.
Бес-алты жыл бойы Әлжан ана бала сүймепті. Алладан тым болмағанда жүген ұстайтын бір ұл сұраумен болған Әбіш анасы Мырзабаланың ақылымен Әлжанды ертіп, Райымбек атаның басына барады. Жаратқан иеден перзент сұрап, сонда түнемек болады.
«Жарым түн ауғанда ақ киім киген ақсақал қария келеді де, Әлжанға қарайды. Ол кісі сөйлеуге ишара білдірейін десе, үндеме дегендей қолын тіктейді. Содан жата береді. Бір кезде көзін ашса, әлгі адам жоқ. Бұл бірінші түн болатын. Екінші түні әлгі кісі тағы да келіп, жанына отырады да: «Балам, ұлды боласың. Сол ұлдың артынан перзент жалғаса береді. Бірақ, балалардың атын ұйқастырып қойма» дейді де, алақанымен бетін сипап, тағы да жоқ болып кетеді. Таң атқан соң болған жайды шырақшы шалға жеткізеді. «Әп, балам, құдай берген екен. Енді ауылыңа қайт» дейді ол. Содан көп ұзамай-ақ, Нұрсұлтан ағаны көтереді» дейді мақаласында Гүлзейнеп Сәдірқызы.
Әлжан ана тұңғышына жүкті кезінде түс көріпті. Түсінде теңізге шомылып жүр екен. Суы тұп-тұнық, терең теңіз… Түбінен аппақ мылтық көрінеді. Мылтықты барып алған ол бір қолымен қаруды ұстаған күйі малтып, жағаға шығады… Оянған соң, Әлжан ана бұл түстің тегін емесін түсінеді. Расында, осылай ана құрсағындағы сәбидің ұл екені, оның өмірі теңіздей толқыған күреске толы болатыны аян етілген еді.
Кейінірек Әлжан ана маңайындағыларға «Сұлтаныма тура жеті күн толғаттым» дейді екен. Ал, не жөндем жолы, не ауруханасы жоқ ауылдан сонау аудан орталығына сықырлаған арбамен қисалаңдап әрең жетіп, аман-есен босанған соң баласын әлдекім ауыстырып алмақ болыпты.
«Екі-үш күнге дейін өзіме-өзім келе алмаған соң баланы да еміздірмеді. Бес-алты күн дегенде кіп-кішкентай сап-сары нәрестені әкеліп, ұстата салды. Әлгі балаға қараймын, бірақ жүрегім тартпайды. Қасымда жатқан қазақ келіншектің нәрестесі балпанақтай. Әлгіге қарай беремін. Мен қараған сайын жаңағы келіншек жылайды. Ана жүрегінен сезімтал нәрсе жоқ. Ертесіне шыдамай кетіп, оралған баланы ашып кеп жіберсем – қыз. Жүрегім су ете түсті. Баланы орай-морай қалай дәрігерге алып жүгіргенімді білмеймін. Дәрігерге барған бойда «Айтыңызшы, мен кімді тудым» дедім. «Қалай кімді, сіз ұл тудыңыз» деп саңқ ете қалды. Сосын дереу баланы алды да, жөргекті ашып кеп жіберді. Шынымен, қыз!.. Дереу медбикелерді шақырып, «баланы табыңдар!» деп, айғай салды. Сөйтсек, қасымда жатқан әйел бұған дейін жеті иә сегіз қыз туған екен.
«Осыдан тағы қыз тусаң, үйге келме» деп, күйеуі тепсінген көрінеді. Амалы құрыған әйел бір медбикемен астыртын келісім жасайды. Сөйтіп, өз баламды өзім алып, ананың қызын өзіне бердік. Нұрсұлтанымнан осылайша айырылып қала жаздаған жайым бар» деп әңгімелеп беріпті…
Айта кететін нәрсе, Әлжан ана Назарбай бидің шаңырағына келін болып түскеннен кейін де өнерін тастамай, біраз жылдарға дейін ауыл арасындағы айтыстарға шығып жүрген. Сонда өзін:
Шатқалы Үшқоңырдың ұяға жан,
Біреуге қымбат дүние біреуге арзан.
Сұрасаң аты-жөнім, мен айтайын:
Келіні Назарбайдың, атым – Әлжан, – деп таныстырады екен. Ауылда қыз ұзату болса, жасауын дайындауға көршілерді жұмылдырып жіберіп, бәріне бас-көз болады. Кісі қайтып, ас беріліп жатса да, істің басы-қасында жүріп, талай шаруаның басын қайырады. «Дауысы жұмсақ, қатты сөйлемейтін кісі болғанымен де, сөзі өтімді еді, бір айтқанын орындатпай қоймайтын» деп еске алады оны көзі көргендер…
Сөз өнеріне ғана емес, қолөнерге де бейім болған Әлжан ананың ұршығы, тігін машинасы, тағы басқа заттары бүгінде елордадағы ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында тұр…
Міне, Әлжан ана туралы қазірге дейін білетініміз осындай ғана.
Десек те, жапон ғалымдары дәлелдегендей, баланың бес жасқа дейін алған тәрбиесі оның бүкіл адамдық болмысының негізін құрайтыны рас болса, біз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы үшін оны бес жасына дейін көз тимесін деп, жұрт көзінен тасалап өсірген әжесі Мырзабала мен анасы Әлжанға бас июге тиіспіз. Өйткені, адам, тіпті, өмірінде қателік жасаса да, айналып келіп, өз қазығын табады. Бала күнінде алған тәрбиесі, анасының ақ сүтімен дарыған қасиет, таным-түсінік оның өмірлік ұстанымының діңгегіне айналады.
Бұл орайда өзінің ана тәрбиесін көргендігін Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бір естелігінде былай баяндайды: «Кез келген адам анасына деген құрметін тілмен айтып, жеткізе алмайды. «Меккеге үш рет арқалап апарып келгенде де, ананың парызын өтеу мүмкін емес» дейді ғой. Мен де сол барлық қазақтың балалары секілді әкенің қаталдығынан қаймығып, анасының тәрбиесімен өскен баламын. Әкем кешке дейін жұмыста, мен тек анамның жанында болдым. Анамның мені жанындай жақсы көретінін білетінмін. Егер анасы баласын шын сүйіп, шын жақсы көріп өсірсе, ол баланың бақытты болатынына сенемін….»
…Кез келген әйел затын ықпалы жоқ деп айта алмайсың. Жар ретінде әйел – ерінің болмысына, ана ретінде – перзентіне қашан да ықпал етіп отырады. Ұлы жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «Саясат пердесін жамылғанымен, саясатқа сия бермейтін жайларды түсінуге әйел ойы зерек келеді» дегеніндей, әйел тіпті дауыс көтермей, айғайлап көшеге шықпай, от басы, ошақ қасында отырып-ақ, бүкіл ұлт тағдырына ықпал ете алады. Ал, ұрпағына елдік мұратты ту етер мақсаткерлік, қиыншылық пен ауыртпалықтарда адал жолдан тайдырмайтын иман мен адамгершілік, өмірдің сан түрлі майданында елдің туын жықтырмас қайрат пен жігер дарыта білген ананы ықпалды әйелдердің ішіндегі ең ықпалдысы деуге болады. Бұл орайда, Ер Ағыбайдың анасы – Қойсана, Шыңғысхандай әйгілі қолбасшыны туған қоңыраттың қызы – Әз Құрныз Ойхо, Мұстафа Шоқайдың әжесі – Бақтықыз, Жәлменбет батырды туған Зеріп ана, Шоқан Уәлихановтың әжесі, оның Омбыда оқып, жетілуіне тікелей ықпал еткен – Айғаным Сарғалдаққызы, алты баласын жауынгерлік рухта тәрбиелеп, өзімен бірге отаршылдыққа қарсы қырған шайқастарға алып шыққан Кенесары ханның қарындасы – Бопай ханшайым, тағы да басқа қазақ тарихында аты қалған аналардың есімін мақтанышпен атауға болады.
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты туған Әлжан ана да, әлбетте, сол ұлы, ықпалы шексіз әйелдердің бірі. Бүгін перзенті қазақ үшін жанын аямай, тер төгіп, еңбек етіп жатса, қазағы үшін кемел саясат ұстанса, соның бәрі – Әлжан ананың жеңісі. Ықпалды әйел деп, біздің пікірімізде, осындай арлы, абыройлы азамат тәрбиелеген аналарды ғана атауға болады.
Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ