Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Текті аталардан ғасырдан ғасырға жалғасқан, тәлім мен тәрбиенің бастауы болған асыл дініміз Ислам бірлік пен бейбітшілікке үндейді. Ислам сөзі бейбітшілік деген мағынаны білдіреді. Исі мұсылман баласы бауырына сәлем берген сәтте «Әссәламу алейкум» деп, Алладан бейбiтшiлiк пен амандық тiлеп амандасады. Осы ретте баршаңызға мұсылманның сәлемдесу әдебімен «Әссәламу алейкум» деймін. Сіздерге Алладан амандық, береке мен бірлік тілеймін.
Хақ Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Ей, адамдар! Негізінде, Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық, әрі сендерді бір-бірлеріңді танып, білулерің үшін халықтар мен рулар етіп жасадық. Анығында, Алланың алдындағы сендердің ең құрметтілерің – тақуаларың», – дейді.
Біз бұл аяттан бүкіл адамзат баласының ұлттар болып бір-бірінен ерекшеленіп жаратылуы Жаратушы Жаббар Иеміздің даналығы, мейірімі мен нығметі екенін түсінеміз.
Күллі өмірі адамзат баласына өнеге болған ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғашқы амалын мұсылман үмбетін бауырластырудан, қасиетті Мәдинада қоныстанған ру мен тайпаларды татуластырудан бастаған. Осылайша бірлік пен бауырмалдық сипаттың негізінде Ислам дінінің іргетасы қаланды.
Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бейбіт жолмен қасиетті Мекке қаласын алғанда басқа сенімдегі халықтың діни рәсімдеріне құрметпен қараған. Бұл – кез келген басшы мен кез келген салаға жауапты адам үшін өшпес өнеге, сарқылмас сабақ деп атар едік. Алла Елшісінің өнегелі ісі басқару ісіндегі барлық адамға үлгі бола бермек.
Елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 18 қазан «Рухани келісім» күні ретінде бекітіліп, осы датаға маңыз беріліп жатқан жайттың да өзіндік айрықша мәні бар. Өйткені, рухани келісімсіз келешек жоқ.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ» деген еді.
Аллаға шүкір, бүгінде Еуразия жүрегінде бейбіт ғұмыр кешіп келе жатқан Қазақстан төрткүл дүниеге бітімгер, араағайын, ымырашыл іргелі ел ретінде танылды. Еліміздің рухани бірлігін нығайтуға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да сүбелі үлес қосып келеді.
Орыс православие шіркеуінің Қазақстан және Астана митрополиті Александр еліміздегі мұсылман қауымын жыл сайын Құрбан айт мерекесімен құттықтайды. Мен де өз тарапымнан православ сеніміндегі христиандарды Рождество мерекесімен құттықтап, арнайы хат жолдаймын. Өйткені, өркениетті елдердегі діндераралық татулықтың қалыптасуы – аса маңызды іс. Мұсылманның ұлық мейрамы – Құрбан айт күні, сонымен қатар Рождество мерекесі күні ресми демалыс ретінде жариялануы маңызды шешімнің бірі болғаны анық.
Құдайға шүкір, біздің елде дәстүрлі діндер арасындағы өзара келісім жоғары деңгейде көрініс тапқан. Дін қайраткерлерінің басын қосып, барша халықты діни татулық пен тұрақтылыққа үндеген еңселі елордамыз рухани келісім мен бірліктің символына айналды. Сарыарқа төсінде өтетін дәстүрлі съездер діндер арасындағы диалогты дамытуға сүбелі үлес қосуда. Елбасының бұл бастамасы хәкім Абайдың: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деген сөзін ғаламдық биікке көтерді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында: «Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсіну қажет. Біз қашан да алауыздыққа қарсы тұра білген елміз» деп атап өтті.
Расында, қазақ көшін бастаған кешегі хан-сұлтандарымыз ел басқару ісін ең әуелі ұлтты ынтымаққа ұйыстырды. Бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы ретінде баршамыз бірлігімізді бекем етуге үлес қосуымыз тиіс деп санаймыз.
Алла Тағала халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық, күллі адамзат баласына ынтымақ нәсіп еткей. Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти