– «Ат-Тәкфир уәл-хиджра» қозғалысы қалай пайда болды?
– Бұл ұйымның пайда болуы ислам тарихында барынша ертеден басталады. Сонау Мұхаммед пайғамбардан кейінгі төрт халифтың кезеңінде пайда бола бастаған. Ол кезде бұл топ «Хауариж» деп аталған. Мұның себебі, үлкен күнә жасаған мұсылмандарды күпірлікке түседі, кәпір болады, тәубасы қабылданбайды деген сенімді негізге алуы болатын. Соңғы екі халиф Әз. Осман мен Әз. Әлидің өліміне себеп болған топ, сол алғашқы Ислам дініндегі қайшылықтардың туындауына, Әз. Айша мен Әз. Әли әскерлерінің қақтығысуына әкеліп, сол кездің өзінде мыңдаған мұсылмандарды өліміне себеп болған «Жәмәл» оқиғасында арандатушылық тудырушы топ ретінде танылған. Кейін бұл топтың қайта жаңғыруын 1965-1967 жылдары Мысырда болған жағдайлармен байланыстырады. Оның негізін Мұстафа Шүкіри деген адам қалаған. Оның ұраны: «Кім бізбен емес, сол адам біздің жауымыз». Осы жағынан да, такфиршілер «харижиттердің» жалғасы іспетті екенін аңғаруға болады.
Мұстафа Шүкіридің ұлттық құндылықтарға және зайырлылық принциптерге қарсы бағытталған идеялары сол кездегі түрмеге түсіп, белгілі қысымға ұшыраған студент жастары арасынан қолдау тауып, таралған болатын. Сол кезде олар өздерін «Жамаатул-мүслимун» деп атаған. Өздеріне қыспақ көрсеткен Мысыр басшысын, оны қолдаушыларды, тіпті оны кәпір деп айтпағандар да кәпір деген ұстанымда болып, қарсы күрескен. Ағымның атауындағы Такфир сөзімен бірге Хижра сөзінің қолданылуы тегін емес. Хижра – алғашқы мұсылмандардың Меккеден Мәдинәға көшіне байланысты қолданылған ұғым. Ал такфиршілер оны нағыз мұсылман кәпір қоғамнан мұсылман ортаға көшу керек деп түсіндіреді.
– Олар ұстанған ілімінің мақсаты қандай?
– Біздің халқымыз он екі ғасырдан астам уақыт Ислам дінінің өкілі саналады. Осы уақыт арасында елімізде діни жанжал, халық арасында дін атынан жаппай іркі тудыру мәселесі болмаған. Исламның болмысы да тек бейбітшілікке негізделеді. Алайда бұл ұйымның басты ұстанатын ұстанымы, үлкен күнә жасаған немесе құлшылық парыздарын орындамаған адамдар «кәпір» болып, олардың тәубасы қабыл болмайды, яғни олармен күресу керек дегенді желеу етіп ел ішінде ірткі тудыру, мұсылмандар арасындағы алауыздықты қоздыру, сол арқылы басқалардың мүлкін иеленуге өздеріне мүмкіндік тудыру. Егер мемлекетте Құран негіздері бойынша үкім жасалмайтын болса оны да «кәпір» деп санап, ол елдің басшысына бағынуға болмайды деген пікірді алға тартады. Бұлардың негізгі мақсаты осы үкім арқылы «кәпір» саналатын билікке қарсы күрес жүргізу. Олардың дүние мүлкіне иелік ету. Құран үкімдері бойынша үкім беретін «Халифат» мемлекетін құру. Алайда қазіргі кезде ұлттық мемлекеттер құрылып, ерекшелену үрдісі жүріп жатқан шақта, «халифат» құру мүмкін еместігін әрбір саналы адам біледі. Соған қарағанда бұл сылтау астында тек ел ішінде іркі тудырып, билікке ұмтылу, басқалардың мүлкіне иелік ету жатқандығы анық байқалады. Сонымен бірге, егер өздері өмір сүретін елдерде Құран заңдары жүрмесе мұсылмандық бойынша өмір сүру мүмкін емес деп түсіндіріп, басқа мұсылман ортаға көшу «хижра жасау» керек дегенді алға тартады. Бұл пікірдің астында да ұлттық ерекшеліктерді жою идеясы жатыр. Осындай ұстанымдар жөнінде Елбасы 2050 Стратегиясында: Қазақстандағы экстремизм мен терроризмде идеялық емес, қылмыстық негіз бар. Жалған діни көпірмеліктің артында қоғамның негізін күл-талқан еткісі келетін қылмыстық іс-әрекет жасырынып жатыр. Бұл – біздің еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа шабуыл. Бұл – біздің мемлекеттігіміз бен азаматтық кемелдігіміздің мықтылығының сынға түсуі деп атап көрсетеді. Олай болса осы тақылаттес ұйымдардың мақсаты діни басымдықтан гөрі қылмыстық, саяси басымдыққа ие деуге негіз бар.
– Ұйым жақтастары не нәрсеге жиі қарсылық білдіреді?
– Бұл ұйымның жақтастары қазіргі зайырлы мемлекеттердің жүйесін шайтанның жүйесі санап, ол мемлекетті қолдайтын адамдардың шайтанның әскерлері екендігін алға тарта отырып олардың ұстанымдарына, құқықтық жүйеге, зайырлылыққа қарсы шығады. Дәстүрге негізделген салтты, халық арасындағы әулиелік түсінігін, өлген адамның басына мазар орнатуды бидғат, күпірлік деп санайды. Егер ата-анасы өздерінің түсінігіндегі ислам шарттары бойынша өмір сүрмейтін болса, оларды дінсіз (кәпір) санап жасаған тамақтарын ішпеуді, берген тәліміне бағынбауды заңды санайды. Тіпті неке мәселесінде егер олар кәпір болатын болса куәлігі, өкілдігі жүрмейді дегенді алға тартып, ағымдағы жастар өз беттерінше неке қия береді немесе талақ айтумен ажыраса береді. Мұның әлеуметтік салдары қоғам үшін өте үлкен деп санаймыз. Тіпті олар: егер адам иман келтірсе, Аллаға иман етсе, бірақ сол иманның мағынасын түсінбесе де кәпір болады деп санайды. Яғни өз қатарын толықтырмаған адамдардың барлығы да кәпір саналады.
– «Тәкфиризм» идеясының қазіргі кездегі әрекеттері қандай және қай елдерде белсенді?
– Осы Мысыр елінде пайда болған ұйым жақтастары қазірде Сауд Арабиясында, Иордания корольдігінде, Иракта шоғырланған. Ал жалпы идея қазіргі таңда қайта жанданып, Сирия мен Ирактағы лаңкестік болып жатқан жерлерде негізгі басымдыққа ие. Сонымен бірге бұл идеяны ұстанушылар көптеген елдерде өздерінің жақтастарын тауып үлгерген. Қазірде ИШИМ жасақтарының қатарын толтыруда. Мысалы, Ресейде (Шешенстан, Дағыстан) өз идеологтарының нұсқауымен көптеген лаңкестік әрекеттер ұйымдастырған, жергілікті билікті әлсіретуге бағытталған қақтығыстарға себеп болған. Тіпті мұсылмандар көп шоғырланған жерлерде көбірек лаң тудыруға қатысқандығын байқауға болады. Мысалы, Түркия мемлекетінде 2000 жылдардың өзінде осы топқа қатысы бар азаматтар тұтқындалып, сот шешімімен абақтыға жабылған болатын. Осыған байланысты бұл елдерде аталмыш ұйымның қызметіне заңмен тиым салынған. «Халифат», «Жиһад», «Ширк» сияқты ұғымдарды басшылыққа ала отырып діни қысым, не саяси қайшылықтар болып жатқан елдерде өздерінің ықпалын көрсетуге тырысуда.
– Ағымның Қазақстанға әкелер қаупі қандай?
– Қазақстан қоғамының ұлттық, діни әралуандығы мен діни сенім бостандығына берген мүмкіндіктерін пайдалана отырып, еліміздің әр аймағында бұл идеяны жақтаушылар байқалуда. Әсіресе батыстағы мұнайлы аймақтарда белсенділік танытып, жергілікті дін өкілдерімен жиі қайшылыққа барып жатқандығы белгілі. Бұл ағымның іс-әрекеттері тек діни-рухани жақтан ғана емес, саяси жағынан да аса қауіпті болып табылады. Аталмыш ұйымның қатарын толықтырушылар отбасылық қайшылықтарды былай қойғанда ел ішінде ірткі тудырып, Қазақстан билігін «Тағут мемлекеті» санап, билікке қарсы жиһад жасауға, ел ішіндегі тыныштықты бұзуға, азаматтарды адастырып шет елге кетуге итермелейді. Сонымен бірге, балаларын зайырлы білім алуға жібермей, қараңғы ұрпақ тәрбиелеуге талпынады. Тіпті теледидар көру, мерзімді басылымдар оқу сияқты дүниелерді күнәға санап, қоғамнан жырақтану үрдісін қолдайды. Олардың жақтастары көбінесе «шайтан» мемлекетіне қызмет етуге болмайды деп санап, мемлекеттік мекемелерде қызмет атқармайды. Көбінесе сауда-саттықпен, жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Бізде де осы үрдіс байқалып отыр. Егер осы тақылеттес үрдістің алдын алуға күш салмасақ, болашақта үлкен қақтығыстарға итермелейтіндігіне дау жоқ.
– Әңгімеңізге үлкен рахмет!
Сұхбаттасқан Г. ШАРХАНҚЫЗЫ