Танымал дінтанушы Кеңшілік Тышхан, өзінің Facebook парақшасында, «Соңғы кездердегі дінге қатысты бос талас-тартыстарға қатысты ой» деген пост жариялады.

– Уа иман еткен адам! Діннің, адамзаттың тарихына қарашы, дүниеде барлығы қатар жүреді. Иман мен күпірлік те сонау Адам атаның екі баласы Әбіл мен Қабылдан басталған. Ыбырайым пайғамбардың әкесі, Нұх пайғамбардың ұлы, Салих, Лұт пайғамбарлардың жұбайлары, Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың немере ағасы иманнан нәсібін ала алмады.

Адамға иман беру жаратқанның ісі деп сену ләзім. Сондықтан иманнан жұрдай адамдарға ескерту міндет бірақ, қайшылыққа түсіп ауыр сөздер шығындау иманшылыққа, адамгершілікке жат! Сенің «дінің» өзіңе, менің дінім өзіме де!

– Уа дінсіз! Дінсіздік те адамзатпен бірге келе жатқан таным. Намрут, Перғауын сияқты патшалар да дінсіз болған. Дінсіздіктің басы да, соңы да сен емессің! Өзінің дінсіздігіңді ғылым деп санайсың ба?!

Ғалымдардың талайы иланып өткен! Фарабилер, Ұлықбектер, Ибн Синалардан артықпысың?! Әлде нанымның орнын дұшпандықпен толтырғың келе ме?! Милиардтаған адамдар өздерінің жұбанышын, үмітін тапқан сенімді сен жоққа шығарды екен де діннен шығып кете ме бәрі?!

Жоқ! Олай болса пікір айтуға хақың бар, бірақ арандатуға хақың жоқ. Зайырлы мемлекеттің заңдары да бұған мүмкіндік бермейді, – деп жазды Кеңшілік Тышхан.

Сондай-ақ, дінтанушы, ҚР Қылмыстық Кодексiнің 174-бабына сілтеме беріп, яғни әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырғандар – екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын еске салып өтті.

Пікір жазу