«Осындай болу керек» деп ешкімді қалыпқа құя алмайтынымыз белгілі. Тілегім ретінде айтар болсам, қазіргі қазақ әйелі азамат әйел болуға тиіс. Бәлкім, мәжбүр… «Азамат болу» дегеніміз міндетті түрде қоғам өмірінен ойып орын алу деген сөз емес. Бесік тербетіп, үй шаруасында отырған әйел де нағыз азамат әйел бола алады. Өйткені нағыз азаматты сол тәрбиелейді. Тек бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететінін сезінсе болғаны. Елдік пен имандылықты ана сүтімен перзентіне сіңіре білсе, қазіргі қазақ әйелі үшін одан үлкен қайраткерлік жоқ. «Әйелдің жақсысы еркектің жақсысынан да жақсы, еркектің жаманы әйелдің жаманынан да жаман» деген нақыл бар қазақта. Артық жаралған адам әлемде жоқ, ал «әр қазақ – менің жалғызым» болып отырған біздің жағдайымызда, әйел-ер демей, ешқайсымыздың жаман болуға хақымыз жоқ.
Қазақ қашанда үлгісіз ұлт болған емес. Ел болып еңсе көтергелі ұлтына үлгі ғана емес, ұран болған аналар легі азайған жоқ. Қазіргі таңда да көптеген қазақ әйелдері сол ұлағатты үрдісті үздіксіз жалғастырып келеді. «Қазақ қызы» деген атқа лайық болудың өзі аз мәртебе емес. Ұлт болып ұйысқаны үшін қазақ ұлдарына қандай қарыздар болса, қыздарына да сондай қарыздар. Ал қоғамдық қызметке әйелдердің араласуы мәселесіне келсек, бұл біз айтпасақ та, көп жағдайда қажеттіліктен, дүнияуи себептерден ерікті-еріксіз болып жатқан үдеріс. Қазақ әйелі қашанда белсенділігімен ерекшеленген. Атамыз қазақ ел басына күн туса, ер азаматтармен бірдей атқа қонған, бейбіт күнде білігі асса – билікке, өнері асса бәйгеге ерлермен бірдей таласқан әйелдеріне құқық атаулыдан тыйым салып көрген жоқ. Одан дәстүрлі қазақ қоғамы ұтпаса, ұтылмағаны тарихымыздан белгілі. Соның нәтижесінде қазақ халқы үлгілі ұлт болды. Қазақ әйелі азамат әйел болды.
Әйел адамдардың белсенділігі төмен, тіпті жоққа тән елдерге қарап отырып, шынында да әйел қолы отбасына ғана емес, тысқары қоғамға да қажет екенін еріксіз сезінесің. Тағы да қайталауға тура келеді, біз көп санды халық емеспіз. Біздің жағдайымызда әйел, еркек демей, әрбір азаматтың орны бөлек. Әйелдердің тұлға ретіндегі, азамат ретіндегі әлеуетін толық мәнінде жүзеге асыруына қоғамда да мұқтаждық бар. Қазақстандық әйел азаматтарымыздың қоғамдық өмірдегі белсенділігін, ғылым-білімнің, техниканың, өндірістің дамуына қосқан елеулі үлесін ескерер болсақ, әйелдердің қоғам өміріндегі белсенділігі төмендеп кетсе, бізге үлкен интеллектуалдық залал келері анық.
Тағы бір ескерерлік жайт, қоғам өмірінде тек әйелдер ғана қозғай алатын, бастама көтеріп, жүзеге асыра алатын ерекше мәселелер болады. Бұл әсіресе ана мен бала мәселесіндегі сырт көзге байқала бермейтін көптеген қиындықтарға тікелей қатысты. Осындай мәселелердің өз уақытында шешімін табуында әйел-аналардың орны ерекше.
Белсенділіктің өзі жанашырлықтан, қоғамға деген аналық көзқарас пен қамқорлықтан туындайды. Сондықтан әйел-аналарымыздың осы табиғи қасиеті жоғалмауы тиіс.