Мұхан Исахан: Рас, қазақ әдебиетінің негізін салған Жүсіп Баласағұни, Ахмет Иүгінеки, Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Сыпыра, Асан қайғы, Бұқар, Тәтіқара, Үмбетей, Дулат, Абай, Шәкәрім т.б ақын-жазушылар шығармасында көтерілген басты тақырыптарының бірі – діни-рухани құндылықтар болатын. Халқымыздың негізгі дені көшпелі өмір сүргендіктен, діни мәліметтермен көбіне жыраулардың қисса-дастандары арқылы танысатын. Мысалы, ақын Шәді Жәңгірұлы «Фиқһ-Кайдани» атты шығармасында өлеңмен шариғат шарттары мен қағидаларын жырлаған. Кеңес билігі кезеңінде дінді насихаттауға тиым салынғанмен, ұлт зиялылары руханиятқа деген қажеттілікті әдебиет пен өнер арқылы өтеп, халыққа шама-шарқынша дұрыс тәлім-тәрбие беріп келді. Ал тоқсаныншы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дағдарыс осы тәрбие мектебіне де өз салқынын тигізді. Қоғамда қарын мүддесі алға шыққандықтан, әдебиет пен өнер майталмандары да күнкөрістің қамына кіріптар бола бастады. Көркем дүниелер бұрынғыдай ұлықталмағандықтан һәм қоғам дертіне ем-шипа болатын дені дұрыс шығармалар жазылмағандықтан, қалың бұқара рухани қажеттіліктің балама көздерін іздеуге көшті. Халыққа ол балама көздер еліміздегі қаптаған діни секталар болып көрінді. Мемлекет халықтың рухани бағытын айқындап бермеген соң, қаталаған қалың бұқара шөлі қанбаса да секталардың жалаң діни ақпаратынан су ұрттай бастады. Ал, миссионерлер болса, халықтың осы мағынауи һәм материалдық қажеттілігін өз мақсаттарына ұтымды пайдалана білді. Егер біздің билік Кеңестік кезеңде белгілі бір деңгейге көтерілген мәдениет пен әдебиетімізді аман сақтап қала алғанда, бәлкім, дәл бүгінгідей рухани дағдарыс орын алмаған болар еді.Иә, біз соңғы жылдары сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан әдебиет мектебінің құнын түсіріп алдық. Кешегі тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда әдебиеттің тізгінін ұстаған ел ағалары да атеистік дәуірдің тумалары болғандықтан, қазақтың сөз өнерін діни құндылықтармен қабыстыра алмады. Осы жіктеліс қазақтың біртұтас руханиятына жарықшақ түсірді. Енді, әдебиет пен дін бөлек-бөлек бағытқа бет алды. Ел зиялылары дін жөнінде жақ аша алмайтын халге дейін төмендедік. Өкінішке қарай, керек кезінде қазақ қаламгерлері руханияттың нүктесі — жүрек ілімін қаузайтын шығармаларға жазуға мүлде құлықсыз болып шықты. Дегенмен, соңғы жылдары жастарда әдебиетке деген бет-бұрыс байқалады. Енді сол жас толқынның ішінен әдебиеттің қас буыршындары шығады деп үміттенеміз.