Фиқһ терминологиясында «зәлләтул-қари» деген сөз бар. «Зәлләтул-қари» деп Құран оқу барысында түрлі себептерге байланысты жіберілген қателіктерді айтады. Себебі араб болсын, басқа ұлт өкілі болсын, Құран оқу барысында кейде байқаусызда қателесуі мүмкін. Дегенмен намазда «Фатиха» сүресі мен қосымша оқылатын сүрелерді қатесіз жаттап, дұрыс оқу қажет екені белгілі. Алайда, арабша білмейтіндер үшін әріптерді дұрыс оқу мен дыбыстарды дұрыс шығара білу де айтарлықтай қиындық туғызады. Осы себепті ғалымдарымыз Құран оқыған кезде жіберілген қателердің қайсысының намазды бұзып-бұзбайтындығына қатысты қағидаларды анықтаған. Мысалы, намаздың ішкі парызы болып саналатын қырағатты, яғни Құран аяттарын оқу барысында Құранның бір сөзінің дұрыс айтылуын біле тұра мағынасы өзгеретіндей етіп әдейі өзгертіп оқу намазды жарамсыз етеді. Ал білместікпен жасалған қателік орын алған жағдайда өзгертілген сөздің Құраннан немесе Құраннан емес екеніне қарау қажет. Егер Құран сөзінің тысында бір сөз айтылған болса, намаз бұзылады.
Ғалымдар иғрабта (септікте) қателік болса, намаз бұзылмайды деген. Тіпті сөздің мағынасы септіктен өзгеріске ұшыраса, намаз бұзылған болып саналмайды. Себебі намаз оқушылардың көпшілігі араб тілінің септігін біле бермейді. Мұндай септік қателігімен намаз бұзылады дейтін болсақ, намаз оқушылардың көпшілігіне қиындық туындайды. Сондықтан мұндай жағдайда намаз бұзылмайды. Сонымен қатар намазда аяттағы шаддалы сөзді (қосарланған әріпі бар сөзді) шаддасыз (қосарланған әріпті бір әріп күйінде), созылып оқылатын әріпті қысқа, қысқа оқылатын әріпті созып оқыса, идғаммен (әріптерді бір-біріне қосып оқу) оқылатынды идғамсыз оқу, идғамсыз оқылатын сөзді идғаммен оқу намазды бұзбайды. Мысалы, «ииякә» сөзін «иякә» деп шаддасыз оқу секілді.
Сөздің бір бөлігі жұтылып қалса, мысалы, «Әл-хамду» сөзін айтқанда ұмытып немесе демі жетпей қалудың нәтижесінде «әл» деп тоқтап қалғаннан кейін қайтадан «әл-хамду» деп айтылса немесе айтылатын бір сөз еске түспей қалып, келесі сөзге өтіп кеткен жағдайда көпшілік ғалымдардың көзқарасына қарай намаз бұзылмайды.
Аятқа бір әріп қосылып айтылған жағдайда мағына өзгермесе намаз бұзылмайды. Бірақ «Аллаһу әкбар» сөзінің алдына артық бір а қосып «А Аллаһу әкбар» деген жағдайда мағына өзгеріп кетеді. Мысалы, «Аллаһу әкбар» «Аллаһ тағала ең ұлық» деген мағынаға келсе «А Аллаһу әкбар» «Аллаһ па ең ұлық?» деген күмәнді мағынаға саятындықтан намаз жарамсыз болып саналады.
Бір әріптің орнына дыбысталуы жақын басқа бір әріпті шатасып оқыса, егер бұл әріптер «син» мен «сад» секілді махраждары жақын әріптер болса, намаз жарамды. Мысалы, «Аллаһуссамәд» деудің орнына «Аллаһуссәмәд» деп қалың «сы» дыбысын жіңішке «син» әрібімен алмастырып айтса және сол секілді «Фәлә тәқхәр» деудің орнына «Фәлә тәқһәр» деу, «Фәтхун қарииб» деудің орнына «Фәтхун ғәрииб» деп оқу намазды бұзбайды. Алайда ғалымдардың көпшілігі «Аллаһу әхәд» деудің орнына «Аллаһу әхәт» деу намазды бұзады деп санағандықтан, «Ықылас» сүресін оқыған кезде «дәл» әрібін «тә» деп оқу үлкен қателік екенін ескерткен.
Егер біреу намазда сүре оқу барысында үлкен қате жіберіп, артынша қайтадан түзетіп оқыса, намазы бұзылмайды. Құран оқу барысында аз немесе көбірек көлемде аяттарды аттап кету намазды бұзбайды.
Егер намазда қырағаттың бір әрібі ауысып, сөздің мағынасы өзгерген жағдайда, өзгерген сөздің мағынасы сенім (иман) жағынан күпірлікті білдірсе, намаз бұзылады. Сондықтан осы пікірлерді ескеріп, намаз үйренушінің Құранды да дұрыс үйренгені абзал. Үйренген Құран сүрелерін Құран оқуды білетін бір кісіге ерінбестен дауыстап оқып беріп, қатесі болса, оны жөндеуге талпынуы керек. Бірақ Құранды дұрыс оқымадым деп, ешуақытта намазды тастауға болмайды. Себебі арабтардан басқа ұлт өкілдеріне Құран әріптерін тура дыбысымен шығару қиынға соғуы мүмкін. Жоғарыда көргеніміздей, егер дыбыс дұрыс шығарылмағанда күпірлік сөзіне айналып кететіндей мағынасы ауысып кетпесе, намаз бұзылмайды. Егер кісі осындай қателіктерге түсуім мүмкін деп қорықса, Құран сүрелерінен оқылуы оңайларын жаттап, намаздарын қазаға қалдырмастан, сол сүрелерді оқып та намазын атқаруына болады. Бірақ барлық мұсылмандар үшін Құранды үйрену үлкен бір құлшылық болып саналады. Себебі Құран біз үшін түсірілген. Сондықтан көп кешіктірмей оның дұрыс оқылуын үйренуге талпынған абзал.