Адамзат қоғамы өркениетті сана деңгейіне көтерілді десек де, дүнияуи мақсаттарды көздеген пендешілік әрекеттер тоқталмайды. Өйткені ол – адамзаттың болмысында бар мінез. Нәпсінің өзі адамзат қоғамын алға жылжыту үшін берілген, бірақ адам баласы оны орнымен пайдаланып, Құран Кәрімде әмір етілгендей «өлшеуде шектен шықпайтын» қабілетке әзірге қол жеткізе қойған жоқ.
Мың-сан мүдделер қатар өмір сүріп отырған қоғамда қауіп-қатерсіз тіршілікті елестету қиын. Қазіргі әлемдік қауымдастықта өз ұлтын аман сақтап қалу үшін күресіп жүрген, өз мемлекетін өміршең ету үшін жан салып отырған қоғамдар да, экономикасын тұғырландырғанымен, руханиятын тіктей алмай, дағдарыс халінде тұрған елдер де, керісінше тек экономикалық мақсаттарды көздеп, өз әлеуетімен дамушы елдерге қысым көрсетіп отырған мемлекеттер де, адамзат қоғамын өз қалауы мен қарауына орай тазартуға еркіміз бар деп есептейтін астам мінезді қауымдар да қатар өмір сүріп отыр. Дін тазалығы үшін күресушілер мен діни сенімді дүнияуи мақсаттарға пайдаланушылар, дінде жоқ шетін көзқарасты ұстанушылар мен дінсіздіктен рухсыздыққа қарай құлдыраған топтар адамзат тарихының барлық кезеңіндегідей бүгінгі қауымдастықта да әрекетін жалғастыруда.
«Жау жоқ деме, жар астында» дегенді де, «Іштен шыққан жау жаман» дегенді де қазақ тегін айтпаған. «Досы көпті жау алмайды, Ақылы көпті дау алмайды», «Айнала алмай ат өлсін, Айыра алмай жат өлсін, Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз» деп бұл дерттің дауасы – бірлік екенін де қазақ өзі айтып кеткен. Бізге керегі «жау қайдалап» жасанып, қарсы шығу емес, іргемізді нықтап, босағамызды бекітіп, шаңырағымызды шайқалтпай ұстау. Ұлтты қалыптастырған құндылықтар ғана оны ұлт ретінде әрі қарай сақтап қала алады. Біз дәстүрлі қазақ қоғамына тән рухани құндылықтарды сақтап, жандандырып, өміршең етуге күш салуымыз қажет. Заманауи қоғам қалыптастырып жатқан құндылықтардың да асылы мен жасығын дер кезінде байыптап, орнымен енгізуге әрекет ету керек. Оған біздің ұлт ретіндегі танымымыз да, тәжірибеміз де жеткілікті. Қазіргі қауіп атаулыны бейтараптандыратын бірден-бір құрал – саналы іс-әрекет.