Интернетке көз жүгiрткенiм сол, «Кәуаптың қай түрiн жақсы көресiз?» деген сауалнама жарқ ете қалды. Сауалнамаға 7473 адам қатысып үлгерген екен. Соның 4507-сi, яғни 60,31%-ы «доңыз етiнен жасалғаны ұнайды» деп жауап бiлдiрсе, 21,50%-ы – тауық, 9,53%-ы – балық, қалған 8,66%-ы ғана сиыр етiн нұсқаған.
Қызығы, қой етiнiң кәуабы мүлдем көрсетiлмеген екен нұсқада. Әйтсе де, менi терең ойға салған мәселе «респонденттер неге доңыз етiне құмар?» деген сұрақ болды.
Шынын айту керек, жауап бергендердiң басым көпшiлiгi – орыс я орысқа туыстас өзге ұлттар шығар. Қазақ үшін доңыз етi түгiлi, қылы да харам. Тіпті доңыз кітаби дiндердiң бәрiнде дерлiк харам етілген. Мәселен «Тәурат» пен «Iнжiлдiң» мынадай жерлерiнде доңыз етiнiң харам екендiгi кез келгенге түсiнiктi тiлде жазылған: «Те, которые освящают и очищают себя в рощах, один за другим, едят свиное мясо и мерзость и мышей, – все погибнут, говорит Господь.» (Ис. 66:17.) немесе «Свинина… мяса их не ешьте и к трупам их не прикасайтесь; не чисты они для вас» (Левит, 11:8).
Бiр қызығы, отандастарымыздың басым көпшiлiгi доңыз етiн тұтынуға тек ислам дiнiнде ғана тыйым салынады деп есептейдi. Доңыз туралы әңгiме болса, көбiмiзге мiндеттi түрде мұсылмандық туралы ой келедi. Ал әлемнiң бiрқатар елдерiндегi христиан дiнiнiң өкiлдерi баю жолын көздегендер шошқа шаруашылығымен айналысатындықтан, тiптен оны харам деп есептемейдi де. Бұған интернетке үңiлiп отырып та көз жеткiзуге болады. Ресейлiк жастардың көпшiлiгi, мәселен, «доңыз етiн жеуге христиан дiнiнде де тыйым салынған екен, бiз бұған дейiн неге бiлмегенбiз, шiркеулер неге айтпаған?» деген таңқалысты сұрақтар қойып, осы мәселенi жиi талқыға салуда.
Аңыздарда айтылатындай, әу баста қалдықтар мен нәжiстi жеп тазарту үшiн жаратылған жануар болғандықтан да, доңыз – қазаққа я мұсылман әлемiне ғана емес, бүкiл саналы дiн өкiлдерiне, адамзат баласына харам етiлген нәрсе. Оны еврей ұлтының өкiлдерi тiптен бүгiнге дейiн тұтынбайды. Олар өз дiнiне қатаң бой ұсынады.
Ал әлгi сауалнамада көбiрек сұранысқа ие болып, алдыңғы қатарға доңыз етiнiң шығып тұрғаны жер бетiнде ақиқат дiнге бет бұрғандардан гөрi адасқандар көп екендiгiнiң айғағы тәрiздендi.
Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ