Тарихшы қауым үшін Қазақ мемлекеттілігінің тарихы 1465 жылдан бұрын басталғаны дау тудырмайды. Десек те, Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің төл тарихымыз туралы толғанысында: «Орталық Азияда ең алғаш ұлттық мемлекетті қалыптастырған қазақтар» (Тарих толқыны) деп атап өткен еді. Олай болса, біз «Қазақ хандығына 550 жыл» деген датаны тек ұлттық мемлекет құрғанымыздың мерейтойы ретінде тойласақ құба-құп. Өйткені, Алтын Орда империясы ыдырағаннан кейінгі тарихи үдерістер көшпелілердің өзінің саяси, мәдени, діни ұстанымына сай өз тәуелсіз мемлекетін құруға итермеледі. Ал, көшпелілердің мемлекеттілік тарихы тым әріде жатыр.
Әсілі, Алтын Орда империясының өзегі – 1227 жылы құрылған Жошы ұлысы еді. Бату хан 1236-1242 жылдар аралағында Шығыс Еуропаны жаулап алуымен Жошы ұлысының аясын кеңейтіп, Алтын Орда империясын құрды. Империяның қала халқын негізінен татарлар құраса, көшпелі халқын Қазақ пен Ноғай тайпалары құрады. Жалпы, Әбілқайыр 1428 жылы Дешті-Қыпшақта көшпелі Өзбек мемлекетін құрғанға дейінгі 200 жылдай уақыт аралығында Алтын Орда империясы Еуразия төсінде салтанат құрды.
Жошы ұлысы алғашқыда Боз Орда, Ақ Орда, Көк Орда қанаттарынан, кейін империяға айналғанда он төрт ұлыстан тұратын әкімшілікке бөлінді. Осының ішіндегі Ақ Орда қанаты Жошының үлкен ұлы Орда Еженге тиесілі болатын. Ал, Қазақ хандығының негізін салған Керей мен Жәнібек сұлтандар осы Ақ Орда хандарының ұрпақтары еді.
Керей мен Жәнібек алғашқыда көшпелі Өзбек мемлекетімен бір болып, кейін 1465 жылы тәуелсіз шаңырақ көтерді. Олардың Қазақ хандығын құруы – бір кездері империя құрған ұлттың енді өзінің төл мемлекетінің негізін салуы еді. Себебі, Алтын Орда империясында мемлекет құрушы субектілер – тікелей Қазақ халқының құрамындағы түркі тайпалары болатын.
Қазақ хандығының қалыптасуына мемлекет құраушы тайпалардың саяси һәм мәдени ұстанымы ықпал еткені көпшілікке аян. Ал, Ислам дінінің қаншалықты рөлі болды? Бұл мәселеге сәл тарихи шегініс жасап барып, ой-тұжырым жасауға болатын тәрізді.
Жалпы, Қазақ хандығы құрылғанға дейін Ислам діні Орталық Азия мен Дешті-Қыпшақтқа таралып, діни мүдде мемлекеттілік деңгейге көтерілген болатын. Мысалы, Омаядтар династиясының қолбасшысы Құтайба ибн Мүслимнің 705-714 жылдары Бұхара, Самархан, Шаш, Ферғана және Қашқарияны күшпен жаулап алғаны белгілі. Алайда, осы аймақта өмір сүретін соғдылар мен түркілер Омаяттардан саяси тұрғыдан жеңіліс тапқанымен рухани тұрғыдан Исламға бірден мойынсұна қоймады. VIII ғасырдың ора шенінде Орталық Азияны Тан империясы мен Омаядтар билігі қос өкпеден қысты. Бұл екі империяның әскері 751 жылы Талас өзенінің Атлах жазығында соғысып, нәтижесінде Омаядтар мен Қарлұқтардың біріккен әскери күші Тан империясының әскерін тас-талқан етіп жеңді. Осыдан кейін Орталық Азияда Ислам діні саяси тұрғыдан басым күшке ие болған еді.
Нағында, Омаядтар және Аббасидтер кезіндегі фатх жорықтары барысында Ислам дін саяси тұрғыдан ғана жеңіске жетті. Алайда, Хақ шұғыласы халықтың жүрегінен орын алуы үшін Ислам өз табиғатына сай бейбіт насихатталуы керек-тін. «Адамды күшпен бағындыру оңай, бірақ оның жүрегі алынбас қамал» деген тәмсіл тікелей осы біздің тарихымызға қарата айтылған. Орта ғасырлық қолжазба «Насабнамада» Мубайдиттердің көсемі Ысқақ бабтың (VIII ғасырдың аяғы) соғысты қойып, исламды бейбіт түрде насихаттауға көшкені айтылады. ІХ ғасырдан бастап ислам күшпен емес, бейбіт түрде насихатталып, түркілер біртіндеп исламды қабылдай бастады. Мысалы, 961 жылы Қарақан қағаны Мұса Ислам дінін мемлекеттік дін етіп жариялады. Тарихшы З.Китапшы, В.Кляшторний, Т.Сұлтановтың келтірген деректеріне сүйенсек, бір күнде он мың үй қыпшақ-түркі исламды қабылдаған кездер де болған көрінеді. Осының нәтижесінде Орталық Азиядан Фараби, Ибн Сина, Бируни, Матуриди секілді шариғатпен қатар пәлсапа ілімін меңгерген ғалымдар шықты. Сондай-ақ, нақлді (Құран мен Сүннет) жоғары қойған Бұхари, Муслим секілді хадистанушылар, Марғинани, Дабуси, Сарахси, Бәздауи секілді фыкһ ғалымдары бой көрсетті. Тіпті, Қарақан дәуірін терең зерттеген З.Кабакшы осы кезеңде Мәуреннахрдан үш жүзден астам фыкһ ғұламаларының шыққанын айтады. Жүсіп Хамадани, Абдулхалық Ғыждуани, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Нәжмидденн Кубра секілді шейхтардың қауымдастықтары да Ислам дінінің таралуына, халықтың жан-дүниесіне жетуіне екпінді ықпал етті.
Қарақан мемлекетінен кейін ХІІ ғасырдың басындағы Қидандардың Орталық Азияға шапқыншылығы және ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Шыңғысханның жаулап алуы кезінде Ислам дінінің таралуы бір сәтке тежелді. Дегенмен, Алтын Орда билеушісі Берке (1258-1266) мен Тудай Мөңке (1277-1281) тұсында Ислам діні қайта дами бастады. Алтын Орда билеушісі Өзбек хан 1320 жылы Ислам дінін мемлекеттік дін етіп жариялап, осының нәтижесінде Дешті-Қыпшақ тайпаларының басым көпшілігі Ислам дінін қабылдады.
Тарихшы З.Жандарбектің айтуына қарағанда XV ғасырдың орта шенінде Қазақ хандығы құрылар кезеңде, Орталық Азия мен Дешті-Қыпшақта Ислам дінін насихаттаған негізінен Ясауи және Нахшбанди тарихаттары болған. Ясауи тарихаты көшпелілердің дәстүрлі кодификациясы – Шыңғысханның Ұлы Ясасымен шариғат заңдарын қатар ұстанып, дәстүр мен дінді ұштастыра білсе, Нахшбанди қауымдастығы шариғаттың фундаментальді қағидаларын қатаң ұстануымен ерекшеленген. Көшпелі Өзбек мемлекетінің негізін салушы Әбілхайыр хан алғашқыда Ясауи қауымдастығының қолдауына ие болумен өз билігін нығайтады. Бірақ, Мәураннахр қалаларын жаулап алумен Әбілхайыр хан Нахшбанди шейхтарына арқа сүйей бастайды. Осы кезде Әбілхайыр ханның бас батыры Қобландының Арғын тайпасының биі әрі Ясауи тарихатын қолдаушы Ақжол биді өлтіруі, Керей мен Жәнібек сұлтанның одан іргесін бөліп әкетуіне итермеледі (З.Жандарбек. Ясауи жолы және Қазақ қауымы).
Әрине бұл жерде Ақжол бидің қысастан қаза табуы, Керей мен Жәнібектің Әбілхайыр ханнан бөлінуіне себепші болды. Ал, Қазақ хандарының Әбілхайырдан бөлінуінің түпкілікті себебі тым арыда жатыр.
Біріншіден, Дешті-Қыпшақ ежелден Жошының үлкен ұлы Орда-Еженнің ұрпақтарына тиесілі ұлыс еді. Ал, Әбілхайыр хан Ібір-Сібірді билеген Жошының бесінші ұлы Шибанның ұрпағы болатын. Алтын Орда дәуірінде Орда-Ежен ұрпақтары Дешті-Қыпшақта Ақ Орда атты квази мемлекетті құрды. Қазақ хандығының негізін салған сұлтандар осы Ақ Орда хандарының ұрпақтары еді. Яғни, Көк Орданы билеген Шибан әулетінің ұрпағы Әбілхайыр ханнан Ақ Орда хандарының ұрпақтары Керей мен Жәнібектің бөлектенуі заңды құбылыс еді. Ал, Әбілхайыр ханның күшейіп, Мәураннахрға қарай ойысуы, сондай-ақ, оның бас батыры Қобландының Арғынның биі Ақжолды өлтіруі, Керей мен Жәнібек сұлтандардың көшпелі Өзбек мемлекетінен еншісін бөліп әкетуін тездете түскен еді.
Екіншіден, көшпелі қазақ халқының табиғатымен шариғаттың фундаментальді қағидалары үйлесе бермейтін. Мәселен, шариғаттың ағайынды адамдардың некелесуіне рұқсат беруі – жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін берік ұстанатын рулық-тайпалық құрылымдағы түркі тайпаларының мүддесіне теріс келетін. Сондай-ақ, шариғаттағы ниқаб кию дәстүрі түркі халқының дәстүріне мүлде сәйкес келмейтін. Қазақ әйелдері кимешек, жаулық, орамал киген. Бірақ, ешқашан аузы-мұрнын тұмшаламайтын. Осындай құқықтық қайшылықтар шариғат жүйесіне жақындай бастаған Әбілхайыр ханнан Керей мен Жәнібек сұлтандардың және оған ерген халықтың бөлінуіне әкеп соқты.
Үшіншіден, Қазақ хандығы құрылған шақта, бұл мемлекеттің ресми діні – Ислам діні болды. Ислам дінін ұстанған түркі тайпалары Қазақ хандығына мүшелікке өтті. Ал, Ислам дінін әлі қабылдамаған тайпалар Қазақ бола алған жоқ. Мысалы, көрші ойрат, ұранқай, қырғыздың құрамында Қазақ халқын құраушы Найман, Қыпшақ, Керей, Қоңырат секілді тайпалардың аталықтары кездеседі. Найман, Қыпшақ, Керей, Қоңырат тайпаларының бұл аталықтары Ислам дінін қабылдамағандықтан, Қазақ хандығына мүшелікке өте алмады. Яғни, Қазақ халқын бір кеңістікте өмір сүрген діни сенім-нанымы, салт-дәстүрі, саяси мүддесі бір түркі тайпалары құрды.
Ислам дінінің Дешті-Қыпшаққа жерсінуіне шариғат заңдары мен салт-дәстүрді сабақтастыра білген жергілікті дін қайраткерлерінің еңбегі зор еді. Қазақ халқы көшпелі ғұмыр кешкеннен кейін мешіт-медресе ұстай алмады. Бірақ, Қазақ халқы Исламмен бейбіт уағызшылардың насихаты арқылы танысты. Дін уағызшылары Исламды халықтың таным-түйсігіне қарай жырмен, өнермен насихаттады. Қарақан дәуірінде негізі салынған хал-хикмет ілімі жыраулар дәуіріне ұласып, олардың насихатымен қазақ халқы исламға шын мәнінде мойынсұна бастады. Осы тұрғыда Сайф Сарай, Сыпыра жырау, Асан қайғы, Доспанбет, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқар т.б жыраулардың сіңірген еңбегі ерен еді. Ал, қожа-молдалар қазақ халқының тұрмыс-салтта Исламды қалай ұстану керектігіне баулыды. Олар қазақ халқының сүннет, неке қию, балаға ат қою т.б. сол секілді жөн-жоралғылардың исламмен сабақтасуына әсер етті. Қазақ хандарының діни тәрбие алуына аталықтар (діни ұстаздар) институты қаншалықты әсер етсе, көшпелілердің Исламды қабылдауына қожалар институты соншалықты ұшаң-теңіз еңбек сіңірді. Себебі, хандық дәуірде қазақ халқының әрбір руының өз қожасы мен пірі болды. Дін таратушылар бұрынғыдай жалпы халықты емес, әрбір ру мен әулетті нысанаға алғандықтан, Ислам шын мәнінде Қазақ мемлекетінің қалыптасуына елеулі ықпал етті.
Мұхан ИСАХАН,
Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығы
Исламды зерттеу бөлімінің бастығы