«Мәдениет» ұғымының аясы дінмен салыстырғанда анағұрлым кең. Өйткені6 ол сан салалы рухани және материалдық мәдениетті қатар қамтиды. Осы тұрғыдан алғанда дін рухани мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.
Діннің де қамту аясы аса кең. Өйткені дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Яғни дін – рухани мәдениет феномені, оның негіздерінің бірі, ол қоғамдағы кез-келген феноменнен анағұрлым бай, маңызды және ықпалды. Сондықтан дін барлық қоғамдарда дерлік мәдениет түзуші рухани факторлардың негізгісі ретінде қызмет атқарады.
Қазақтың дәстүрлі діни танымына да осы тұрғыдан қараған жөн. Әрбір діннің сенім негіздері сол дінді қабылдаған барлық халықтар үшін ортақ. Ал сол діннің аясындағы діни таным әр ұлттың өмірлік тәжірибесіне, дүниетанымдық ерекшеліктеріне, дәстүрлі құндылықтарына сәйкес дербес қалыптасады. Бұл ерекшеліктерден ұлттың осы дінді қабылдағанға дейінгі болмыстық сипаттары көрініс табуы мүмкін. Қазақ даласына ислам діні келгеннен бері сол діннің аясында жетіліп, толысып, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың дәстүрлі діни танымы біздің рухани мәдениетіміздің өзегіне айналған. Сондықтан рухани мәдениетіміздің барлық салалары – ойлау жүйеміз, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз, өнеріміз (сөз өнері, саз өнері) дәстүрлі діни танымымызбен тікелей байланыста дамыған, содан нәр алып, тамырланған.
Яғни дәстүрлі діни танымның мәдениетпен байланысы екі жақты әсерлесуден тұрады: мәдениетке құрамдас бөлік ретінде еніп, оның барлық ерекшеліктерін сіңіре отырып қалыптасқан діни таным өзінің қалыптасу кезеңінен өткен соң мәдениетке шешуші әсер ететін, мәдениеттің мәнін құрайтын факторға айналады, ұлттық дүниетаным мен мәдениеттің бұдан кейінгі дамуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан мәдениет пен дәстүрлі діни таным байланысына уақыт факторы тұрғысынан қараған жөн.