Жауап:
«Келген – дәулет, кеткен – бейнет» дейді халқымыз. Артында қалғандар үшін қаза қашанда жеңіл болмаған. Ажал айтып келмейді, біреу он екіде бір гүлі ашылмай дүниеден өтсе, біреу орта жаста, біреу қартайған шағында бақиға көшіп жатады. Бәрі де салыстырмалы түрде қабылданады ғой, жастай ажал құшқандармен салыстырғанда, асарын асап, жасарын жасап, Алла берген біраз өмірді сүріп, артында ұрпақ қалдырып бара жатқан соң, сексендегі қарияның өлімін тойға теңеу – артында қалғандарды жұбатудың, көңіл айтып, сабырға, шүкіршілік етуге шақырудың бір түрі ғана. Шын мәнінде қазаны ешкім қуаныш деп санамайды.
Тағдырдың жазуымен 17-19 жастарында екі бірдей бауырым, 26 жасында жездем бірінен кейін бірі дүниеден өтті. Бұл қаза әсіресе бұған дейін де бір ұлынан нәресте күнінде айрылған анамыз бен әкемізге қатты батып, ерте қартайтты. Кейін әжеміз 82 жасында дүниеден өткенде, бізге де жұрт: «Әжелеріңдікі той ғой» десті. Алайда «қариясы бардың қазынасы бар» дегендей, басалқалы батагөй әжеміздің орнын да ешкім толтыра алған жоқ…
Тірілер мен тіршіліктің қадірі, жас пен қарттың өмірінің айырмасы топырақты өлім үстінде танылады. Сондықтан қарияның өлімін тойға теңеу асылық та, айып та емес, жұбату мен шүкірлікке шақыру ғана деп білген жөн.