Ұлттық статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда тіркелген ажырасулар саны 19,7%-ға кеміп, 48 мың жағдайды құраған.

Ажырасулардың жоғарғы көрсеткіші Нұр-Сұлтан қаласында және Павлодар облысында байқалды, ал ең төменгі коэффициенті Түркістан облысында – 1000 тұрғынға шаққанда 1,31 ажырасу. KAZISLAM порталының тілшісі бұл мәселенің негізгі себебін анықтау үшін психоаналитик пен дінтанушының пікірлерін білген еді.

Психоанализ ассоциациясы психоаналитигі Бинұр Мұратқызының айтуынша, былтырғы карантиннің басында керісінше тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендердің қатары көбейген. Себебі ерлі-зайыптылар отбасылық жанжал туындағанда ешқайда кетіп қала алмай, бір територияда қалып қоятын. Қазір жұбайлар көп уақыт бірге болғандықтан, бір-біріне үйренісіп қалған. Мәселені шешу үшін бойда қалыптасқан «қашу әдетін» сөйлесу әдетіне өзгерткен. Сондықтан ажырасудың коэфиценті де төмендеген.

– Яғни, жұбайлар бір-бірімен диалог құруы, бірін-бірі тыңдай алуы керек. Ашулану кезінде бірден сөйлесіп кетпей, 5-10 минут үндемей қалып барып әңгімелессе, ұрыстың темпі басылады.

 

Дегенмен, әңгімелесудің өзі кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ол әр адамның өзіндік бағасына байланысты. Бізде көбіне өзіндік бағасы төмен адамдар қол жұмсауға барады. Себебі олар ойын ашып жеткізе алмаудан қара күшке бет бұрып жатады, – дейді психолог.

Бинұр ханымның пікірінше, бақытты отбасы дегеніміз – ерлі-зайыпты бірлесіп бір қадам жасай алатын, бір-біріне түсіністік таныта алатын отбасы. Қазіргі таңда ол әйелдің мойнына үлкен жүк пен жауапкершілік артылып қойғанын айтады. Ол үй шаруасымен де, бала тәрбиесімен деайналысуы, одан қалса жұмыс та жасауы керек. Сол себепті жұбайлар кез келген нәрсені ортақ істеп, үй шаруасында бір-біріне жәрдемдесіп, бала тәрбиесіне бірге көңіл аударып, сондай-ақ екеуінің ортақ қызығушылығы болса, отбасы мызғымас кіші мемлекетке айналуы сөзсіз дейді.

Ал теолог Балғабек Мырзаев Құран Кәрімде әйелдеріңе қол көтеріңдер деген сөз жоқ дейді.

– Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелдерін бір рет болса да ұрмағаны белгілі. Көптеген хадистерде керісінше әйелдер мен балаларға мейірімділікпен қарауды өсиет еткен. Айша (р.а.) анамаздан жеткен хадисте: «Мұсылмандардың имандылық жағынан ең абзалы – мінез-құлқы ең өнегелі болғаны және жұбайына ең жақсы мәміледе болғаны», – деп бұйырылады.

 

Сондықтан біз өзімізді мұсылман санасақ, Құран Кәрім және Пайғамбарымызыдың сүннетімен жүреміз деп айтатын болсақ, жұбайларымызды жұдырықпен емес, ақыл-кеңеспен жеңе білуіміз керек. Жөн-жосықсыз жұдырықты ала жүгіру – жеңілгеннің ісі. Ол дінімізде харам болып  есептеледі, – дейді теолог маман.

Оның ойынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамымыздың үлкен дерттерінің бірі. Ол бұрыннан келе жатқан құбылыс. Карантин сол мәселені судың бетіне шығарып берді дейді.

– Біріншіден, зорлық-зомбылық қанағатсыздық болған, ішімдік ішілетін және білімсіз, ой-сана төмен болған жерде болады.

 

Екіншіден, бала-шағамызға жастайынан отбасылық құндылықтарды бере алмасақ, дұрыс тәлім-тәрбие болмаған жерде болады.

 

Үшіншіден, бұрыс әрекет жасаса да өзімнің жақынымдікі, туысымдікі дұрыс деп тұрып алатын жаман қасиетіміз бар екенін мойындауымыз керек. Осының нәтижесінеде ерлі-зайыптылардың арасындағы сыйластық пен құрмет жоғалып барады. Ер адам өзінің міндеттерін, қыз баласы өзінің жолын біліп әрекет жасаса, зорлық-зомбылық азаяр ма еді деп ойлаймын, – дейді.

Теологтың пікірінше, қоғамда зорлық-зомбылықтың болуына ер адам көбірек кінәлі. Бірақ ыдыс-аяқтың сылдырлауына қыздарымыз да себепкер болып жататынын жоққа шығара алмаймыз. Жалқаулық, үйдің ішінің ыбырсып жатуы, тіпті тамақты дұрыстап пісіре алмауы секілді проблемардан туындайды.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Мүфтият екпеге қатысты үндеу жасады

Балғабек Мырзаев осылардың бәрі жинақтала келгенде отбасында береке болдырмайды дейді. Бұған қоса, бүгінгі күні шыдамсыз, жүйкесі жұқарған жастарымыздың мінез-құлқының әсерін айтады. Нәтижеде, ойран болған отбасы, жесір әйел мен жетім балалар қалады. Қоғам бүгін білімді және жақсы тәрбиеге ие адамдарға мұқтаж дейді.

– Халқымызда: «Бір күніңді ойласаң – ағаш ек, екі күніңді ойласаң – үй сал, мың жылыңды ойласаң – ұрпақ тәрбиеле», – деген дана сөз бар. Дәстүрді бойға сіңіріп тәрбиелеу, ұрпағын өзінің түп-тамырынан ажыратпай, тілі мен ділін, төл мәдениетін бойына сіңіріп өсіру мұндай жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді. Ұлы әкесіне қарап, қызы шешесіне қарап бой түзейді. Әке-шешесі азаннан кешке дейін теледидарға үңіліп, мағынасыз сериалдардың соңында жүрсе, үлкенге үлгі, кішіге ізет көрсететін ұрпақ қайдан шықсын?! Заңғар жазушы М. Әуезов айтқандай, ел боламыз десек бесігімізді түзеуіміз керек, – дейді Балғабек Мырзаев.

Еске салсақ, 2020 жылғы қаңтар-қыркүйекте некелесу мен ажырасу қатынасы рекордтық төмен көрсеткіш – 19,8%-ды құрады, яғни некелескен жұптардың 19,8 пайызы кейін ажырасып кеткен. Ал 2019 жылы көрсеткіш, керісінше, рекордтық жоғары теріс мәнге жетіп, 43,5%-ды құрады.

2020 жылғы қаңтар-қыркүйекте елдегі тіркелген некенің 69%-ға жуығы, яғни 60,4 мыңы қалаларға тиесілі. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 17,5%-ға аз. Ауылдық жерлердегі тіркелген некелер саны бір жылда 11,6%-ға, яғни 27,2 мыңға дейін қысқарды.

2020 жылғы қаңтар-қыркүйектегі ҚР-да ажырасу жағдайларының 73,4%-ы, яғни 12,7 мыңы (бір жыл бұрын — 73,3%) қалаларға, ал 26,6%-ы, яғни 4,6 мың ауылдық жерлерге тиесілі болды.

Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу