Жауап: Құрбандыққа тек төрт түлік мал, яғни қой, ешкі, сиыр, түйе шалынады. Осы төрт түлік малдың қайсысын шалам десе де кісінің өз еркінде. Аталған малдардың тысында еті желінетін болса да, басқа жануарлар құрбандыққа шалынбайды. Мысалы: тауық, үйрек, қаз, елік секілді аң-құстарды құрбандыққа шалуға болмайды. Құранда: «Біз әрбір үмбет үшін өздеріне берген малдарынан Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік», (Хажж сүресі, 34-аят) деген.
Бірақ құрбандыққа шалынатын төрт түлік малдың да құрбандыққа жарамды болуы үшін қойылатын талаптар бар. Енді осы талаптарға тоқталайық. Біріншіден, құрбандыққа шалынатын төрт түлік мал ауру-сырқаудан аман, дене мүшелері түгел болуы керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.с.):«Төрт мал құрбандыққа жарамайды: Анық соқыр, анық ауру, (жүре алмайтындай дәрежеде) көрініп тұрған ақсақ және жілігі көрінетіндей өте арық малдар», (Тирмизи, Сүнән) деп ескерткен. Яғни осындай кемшілігі бар малдарды құрбандыққа шалуға болмайды. Бірақ құрбандыққа деп сатып алған малы сап-сау болып, кейін осындай жағдайға ұшыраса, онда кедей адамдардың оны құрбандыққа шалуына болады. Ал бай кісілердің басқа сау мал құрбандыққа шалғаны абзал. Дегенмен кемшілік кейіннен пайда болған малдарды құрбандыққа шалуға болады. Себебі Әбу Саид әл-Худри басынан өткен жағдайды былай деп баяндайды: «Біз құрбандық үшін бір қошқар сатып алдық. Бірақ қасқыр шауып, оның артқы жамбасын жарақаттады. Бұл мәселе жайлы сұрағанымызда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) ол малды құрбандыққа шалуымызды бұйырды». (Ибн Мажә, Сүнән)
Екіншіден, құрбандыққа шалынатын малдың жасына да мән берілу керек. Яғни, құрбандыққа жарамды болуы үшін ешкі бір жасқа толған болуы керек. Қой семіз болса, алты айдан асса құрбандыққа жарамды. Ал сиыр екі жасқа, түйе болса бес жаста болуы қажет.
Демек төрт түлік, яғни қой, ешкі, сиыр, түйенің тысында басқа жануарды құрбандыққа шалуға болмайды. Сондай-ақ құрбандық жасына толмаған төрт түлікті де құрбандыққа шалуға болмайды. Сонымен қатар ақсақ, ауру-сырқау, соқыр, өте арық мал да құрбандыққа шалынбайды.