Күндердің күнінде Баку қаласының бір ауруханасына ауыр халдегі жағдаймен жас бала түседі. Ота жасау бөлмесінде дәрігер баланың өмірін сақтап қалу үшін әбден еңбектенеді. Алайда, нәтижесіз болғанына көзі жеткен дәрігер балаға қарап:
– Ең болмаса «лә иләһә илла Аллаһ мухаммаду расул Аллаһ» деп кәлиманы айт, деп өтінеді. Бала айтуға қанша тырысқанымен айта алмай қиналады. Содан дәрігер бала үшін Алладан өлім жеңілдігін беруді және жәннәтқа кіруге мүмкіндік беруді сұрап, дұға жасай бастайды. Шын ықыласпен еткен дұғадан кейін кенет бала «лә иләһә илла Аллаһ мухаммаду расул Аллаһ», деп жан тапсырады. Дәрігер ота жасап аман алып қаламаса да, кәлиманы айтқызғанына іштей қуанып, бөлмеден шығады. Алдынан баланың анасы шығып, баласынан айрылғанын естігенде еріксіз жылап жібереді. Дәрігер:
– Сабырлы болыңыз! Балаңыз жәннәттық болады себебі, ол өлер алдында кәлиманы тілімен айтып кетті, дейді. Анасы таң қалып:
– Бұл қалай болғаны? Менің балам туғаннан мылқау болатын,-деп есін жиып алады.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы