Соның бірі – газетіміздің өткен санында өзіміз сұқбаттасқан Мирас Испаев. Тәкфірлік бағытты ұстанған Мирас 2005 жылы Мысырға барады, араб тілін оқытатын курста оқып, жеке үйлерде теріс білім алады. 2007 жылы Оралға қайтып келеді. Мысырда алған білімін береді жастарға. Сол жылы Сауд Арабиясында түпкілікті оқу мақсатында Мысырға тағы кетеді. Бірақ ол елдің визасын алып үлгірмей депортпен елге қайтарылды. Ол Мысырда оқып келдім деп, араб тілінде сөйлеп, дәріс оқып, артына бірнеше жүздеген жастарды ілестірді. Нәтижесінде басқа зиянды жағын айтпағанда, өзін жарық дүниеге әкеліп, ақ сүт берген анасын «кәпір» деп қолынан тамақ ішуден үзілді-кесілді бас тартқан қазақ жастары жүздеп пайда болды. Жүздеген ананың дәрменсіздіктен көз жасы құмға құйылды. Бүгінде темір тордың аржағында отырған Мирас дәстүрлі исламға оралды. Ағынан жарылып, қателескенін мойындады. Мирастың бұл игі қадамы оның артына ерген жамағатына ой салар деген үміт зор. Ал жақында Оралда көпке созылған «Қайрат шейхтың» қылмысты ісіне нүкте қойылды. Жастарды жихадқа үгіттеп, талай діни сауатсыз жасты адастырған шейхсымақ 7 жылға сотталды.
Қайрат шейхтың шын бетбейнесі
Қайрат Мұхамбетқалиев 1976 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданында дүниеге келген. Мамандығы аспаз. 1999 жылы Орал қалалық мешіті жанындағы медреседе сауат ашқан. 2000 жылы Шымкент қаласындағы халықаралық қазақ – араб университетіне түскен. Сабаққа 2 ай ғана қатысып, кейін жасырын пәтерде Абдуррафих (лақап аты) деген татардан такфірлік бағытта білім алған. Құзырлы органдардың мәліметіндегі жылдарды салыстырып қарасақ, сол жылдары өзінше намаз оқып, дінге бет бұрдым деген Қ.Мұхамбетқалиев арақты сапырып ішкен. Соның салдарынан психикасы мен мінез-құлығы бұзылып, 2000 жылдың наурыз айынан бастап БҚО наркологиялық диспансерде есепте тұрады. 2006 жылдың 14- қарашасындағы сот-наркологиялық комиссия шешімімен «1-дәрежелі созылмалы маскүнем» деп танылған. Әйелі, 4 баласы бар.
Оралдық 10 жігіт Сирияда соғысып жүр
Қайрат 2000-2002 жылы Сирияның Дамаск қаласында Мухаммад Абд ал- Ваххабтан Ханбали бағытында «Ахл ас- Сунна вал-Джамаа» негізінде діни-саяси білім алады. Қысқа курста оқып шыққан ол намаз оқымайтындарды «кәпір» деп, оларға қарсы соғыс ашуға, жихадқа дайын нағыз қаныпезер болып шығады. Сирияда жасырын орындардан оқуын тәмәмдап елге қайтқан Қайрат өзімен бірге жоғарыдағы ұстазының 50 том радикалды ілімді үгіттейтін діни кітаптарын әкелген. Жамағатты жинап, үнемі вахабизм идеясын насихаттап әрі имамдарды тыңдамауға шақырған. Осы іспен айналысқан тергеу тобының жетекшісі оған «Өте сауатты, шет елден арнайы дайындалған маман секілді» деген баға береді.
Оның артына 18 -25 жастағы жігіттер ерген. 2014 жылы маусым айында «Азия тех строй» ЖШС-да күзетші болған. Сол жердегі жастарды Сириядағы соғысқа қатысуға үгіттеген. «Ол әлеуметтік желілер арқылы арабиядағы шейхтармен үнемі байланысып тұрған. Және ол Оралдағы жүргізіп жатқан жұмысынан есеп бергендей сөйлескен» дейді тергеу тобының жетекшісі.
Сирия-Ирак шекарасында ДАИШ Халифат жариялап, Бағдат қаласының бір бөлігін басып алып, ел билеушісі Башар Асадқа қарсы қарулы жихад ашқан кезде Қайрат ғаламтордағы діни- экстремистік саиттардан жихад жасауға шақырған үндеудерді көшіріп алып, елге таратқан. Солтүстік Қавказдағы Саид Буряткийдің және араб әлеміндегі танымал шейх Абдулла Аль- Гунайманның видео – үндеуін тыңдап, жамағатын «Аль-Каида» ұйымының террорлық әрекетіне қосылуға, Сириядағы Башар Асадқа қарсы қарулы жихадқа қатысуға шақырған. Бүгінде Қайраттың уағызын тындап, сөзіне ерген 10 шақты қазақ жігіті Сирияда соғысып жүр. Ал елдегі адасқандар саны бізге белгісіз.Зерттеу орындарының мәліметі бойынша Қайраттың жамағатында шамамен 200 – 300 адам болған. Ал осы елде жүрген 300 адам әлі қанша адамды адастырады? Біз Орал қаласында теріс ағымдармен жұмыс істеп жатқан мамандарды сөзге тарттық.
БҚО дін істері басқармасының бас маманы, исламтанушы Нұржан Стамбәкиев Нұр- Мүбәрәк университетінің түлегі. Ол Қатарда, Малайзияда магистратурада оқыған.
– Катарда қазақтар жоқта жақын. Ханбали мазхабын ұстанатын ол ел вахабизм ошағына жақын орналасқан. Ал Малайзия Шафи мазхабын ұстанады. Ол елде Түркиядағы сияқты балаларға 5-6 жасынан бастап мектеп бағдарламасымен бірге Құран сабағы жүреді.Сондықтан өз мазхабтарына берік, вахабизмге берілмейді. Ал бізде қалай? Біздің жастар 30 жасқа дейін түнгі клубтарда жүреді. Сосын намазды бастаймын деп, адамын танымай,
теріс ағымға ілесіп кетіп жатыр. Жалпы Қазақстандағы діни теріс ағымдардың кең тарауының себебі – шетелден теріс білім алу. Қазақ жастары шетелге діни іргетассыз, оң-солын танымай барып жатыр. «Араб жері екен, мықты екен» деп, кім не үйретсе де тез қабылдап алады. Кейбірі елден вахабист болып кетіп, Мысырға барған соң соларды тауып алады. Ол елдегі шейхсымақтар бүгінгі күнгі тәкфір т.б өздері өрбітіп жүрген мәселе төңірегінде ғана білім беріп, жастардың санасын улап, қатырып тастайды.
Адамның діни көкжиегі тарылып, ұстазының айтқанынан басқаны қабылдай алмай қалады. Тәкпір ағымын ғана жақсы меңгеріп келеді, дәлелін айтады. Бірақ исламдағы қарапайым бір сұрақты қойсақ, жауап бере алмайды. Олар жамағаттың сенімін арбап, соның кесірінен облыста тәкпір идеялогиясы тарап үлгірді,- дейді исламтанушы.
«329 жас шетелде діни теріс білім алуда»
Қысқасы, шетелде білім алуды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бақылап отыр ма? Мысыр, Сауд Арабиясы, Түркиядағы діни университеттерге оқып жатқан жастар бар ма, оқуға жіберу жолы қандай, шетелде оқып жатқан жастармен Муфтиаттың байланысы қаншалықты дәрежеде деген сауалмен біз Астанаға, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласқан едік. Шетелден теріс білім алған қазақ жастары туралы Муфтиятта ақпарат бар екен. Олардың мәліметі бойынша, Мысыр мен Сауд арабиясында 329 адам оқып жүр. Ал олар елге келсе не болады? Бір Оралға Қайрат шейхтың салған ылаңы мынадай болса, 329 адам арқылы бүкіл еліміздің түпкір- түпкіріне келіп таралып кеткелі тұрған тәкпір идеялогиясын қалай тұсаулаймыз?!
Бахтыбай Бейсенбаев,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі:
– Бүгінгі таңда әртүрлі гранттар мен ата-аналардың жеке қаражаты есебінен шетелдерде білім алып жатқан жастар баршылық. Мұхаммед Пайғамбар хадистерінің бірінде: «Қытайдан болса, да білім талап ет», деген. Демек, қажетті білімді қашық жерде болса да үйрену шарт. Шет елге шығып білім алып, елге оралып, абройлы қызмет жасап жүргендердің қатары артып келеді. Еліміздегі мешіт пен медреселердің өзінде 200 жуық имам шет елдік дипломдармен қызмет атқарып жүр.
ҚМДБ мен ҚР МСМ Дін Істер комитеті 10 шет елдік университеттің тізімін жасап, біздің жастарға қолайлы тұстары мен ұлттық мәдениетіміз бен санамызға сәйкестіктері жағын тексеріп, ыңғайлы деп табылған Түркияның Анкара, Мармара, Ыстамбұл университеттерімен және Кони қаласындағы Нәжметдин Ербакан университетімен, Хасеки жоғары академиясымен, Ресейдің Мәскеу және Қазан қалаларындағы Ислам университеттерімен, Мысырдағы әйгілі Әл-Әзһар универсиеттімен екі жақты ынтымақтастық келісімшарт жасасты. Осы оқу орындарына ҚМДБ келісім шартпен үміткерлерді жібере бастады. Оқуға түсу үшін ҚМДБ өтініш және жергілікті жерден өкілдіктеріміздің ұсыныс хатын қабылдайды. Емтиханнан жақсы өтсе, оқуға жолдама береміз. Бүгінгі таңда Түркияның Хасеки академиясында 48 шәкірт оқып жатса, 29-ы емтиханнан өтіп, шақыру күтіп отыр. Мысырдағы Әл-Әзһар университеті мен институтында Қазақстаннан 113 жүз адам білім алып жатса, 20 жас шақыру күтуде. Сондай-ақ Түркия университеттерінің магистратурасы мен доктарантурасына түскен 10 шақты азамат бар. Үстіміздегі жылы Түркиядағы Хасеки академиясында оқып жатқан шәкірттерге арнайы екі рет барып қайттық. Ұстаздармен, шәкірттермен кездесіп, оқу орынның жай күйі, оқу үдерісі, бағдарламасы, кітапхана қорлары, шетелдік студенттерге арналған тұрмыстық жағдаймен танысып келдік.
Ал енді Мысыр мен Сауд арабиясында теріс ағымда оқып жүрген 329 адамның бәрімен байланыстамыз деп айта алмаймын. Олар үшін қатты алаңдаймыз. Шетелдегі қандастарымыздың жағдайы, алып жатқан діни білімінің сапасы мемлекеттік тұрғыдан бақылауға алынуды қажет. Күні бүгін өкінішке орай, жеткілікті деңгейде бақылай алмай отырмыз. Оқуға діни басқарма арқылы кететіндер өте аз. Себебі теріс діни ағымды ұстанғандардың бізден жолдама алмайтыны белгілі. Елімізден жыл сайын осындай қанша жас қай елге, қандай білім үшін кетіп жатқанын білгіміз- ақ келеді. Алайда әртүрлі себептермен қолымыз қысқарып, бұл мәселені назардан тыс қалдырып отырмыз. Осы бақыланбаған діни білім үшін зардап шегуіміз әбден мүмкін. Сондықтан шетелге тек қана оң-солын танып үлгерген жастарды жіберу керек деген ұстаныммен отырмыз. Ең тиімдісі өз еліміздегі діни бастауыш, діни орта, діни жоғары оқу орындарынан білім алу. Алматы қаласындағы Нұр-Мүбәрәк университетінде исламтану немесе дінтану мамандықтары бойынша магистрлар мен PhD доктаранттары да дайындалады. Қазақстандағы діни оқу орындарына араб, түрік ғалымдары дәріс береді. Білім беру деңгейі жоғары.
Жарас Аханов,
БҚО Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы:
Бүгінгі күні шетелде діни білім алған азаматтарды шейх санап, діни білімнің білгірі деп, соларды ғана тыңдау басты үдеріс алған. Бұл дәстүрлі емес ағым өкілдерінде көбірек ұстаным болып отыр. Ол жерде шетелден діни білім алған азамат қай оқу орнын бітірді, білім алған оқу орнының бағыты қандай, ол шетелде тіркелген бе, ол жағына көп мән бере бермейді. Теріс ағым өкілдері теріс идеологиядағы жалған оқу орындарын оқып алып, елімізде біраз бүлінушіліктер жасады. Оның қазір қасіретін көріп отырмыз. Діни бағыттағы теріс идеологияны тоқтату үшін мемлекеттік мекемелер, қарапайым халық, қоғамдық ұйымдар осы мәселені толықтай түсініп, қарсы ақпараттық жұмыстар жүргізуіміз керек.
Мұратбек Қыстаубаев,
Мысырдағы Әл-Әзһар халықаралық ислам университетінің
түлегі әрі магистранты, Орал медресенің ұстазы:
Әл-Әзһар университетінің дайындық курсына 2005 жылы түстім. Бүгінде елімізде қызмет істеп жатқан үлкен ғұлама, доктор Ершат Оңғаров сияқты ағалар қарсылап алып, қай жерден білім алу керектігін айтып, көмектесті. Ашылғанына 1000 жылдан асқан Әл-Әзһар университеті дүниежүзі мойындайтын, ешкім ешқандай талап қоя алмайтын бірден- бір ислам университеті. Дайындық курсынан кейін нститут, одан соң университетінде оқып, 8 жылда оқу бітіріп, елге оралдым. Университетте білім төрт мазхаб бойынша бөлек оқытылады. Бүгінде оқыту жүйесін қайта қолға алып жатыр. Әл-Әзһар мешітінде де жоғары деңгейлі докторларға дәріс беретін шейхтар мазхабтарды араластырмай сабақ береді. Соңғы жылдары өкінішке орай, Мысырға барып оқу қиындады. 2011 жылдан бері виза тексеру бар. Әлемдегі саяси жағдайдың ушығуы, Азия, Орта Азияда салафизмнің өршуіне орай талап күшейді. Бүгінде санасы әу бастан, осы жақтан уланған жастар Түркия арқылы барады да, виза алу үшін Әл-Әзһар университетіне барып тіркеледі. Бірақ білімді ол жерден емес, теріс бағыттағы жасырын құжыралардан алады. Жертөлелерде дәріс беретін шейхсымақтардың торына түскен соң, Сауд Арабиясындағы сияқты қып-қызыл вахабист болып шыға келеді. Ділмұрат Назаратолла Сауд Арабиясында жүріп, жастарды улап жатқан адамның бірі. Жалпы діни білім жүйелі түрде берілуі тиіс. Ал Мысырға барып жасырын жерлерде оқитындарды исламның әліппесінен бастап оқытпайды. 1-2 ай, әрі кетсе жарты жыл Мысырда жүріп, елге келіп, «білім алдым» деп бір- екі қадисті арабша айтып, жастардың санасын улайда. Қарапайым халық: «Ойбай, ол шетелден оқып келген, Арабияда жарты жыл болған» деп естері кетіп, артынан еруде. Ал шетелдегі жасырын орындардағы білімнің негізі – салафизм, ваххабизм идеясы. Оны о баста ағылшындардың ықпалында жұмыс істеген саяси топ құрған. Мақсаттары – мұсылмандардың ұлттық құндылықтарды құрту. Ең алдымен Осман империясын құлату үшін құрылып, мақсатына жетіп, Осман халифатын қолға түсіріп ағылшындарға тапсырып, мадағын алған. Содан бері мұсылманды бөліп, іріткі салу, бір-біріне қарсы қою әлі күнге дейін жалғасуда. Оралдық шейхтар Мирас пен Қайрат шетелдегі осындай жасырын құжыралардан теріс білім алып келіп, осы мақсатта жұмыс істеді.
Жалпы жастарға діни білімнің әліппесін өз елімізде бергеніміз дұрыс.
Оралдағы медреседе оқу мерзімі 2 жыл 8 ай. Маңғыстау, Атырау облыстарын қосқанда 40 бала оқиды. Мемлекеттік стандартағы колледж бітірген диплом беріледі. Жатақхана, үш мезгіл тамақ тегін. Ата-аналар медресе бітірген соң мешіттен басқа баратын жері жоқ деп ойлап, балаларын оқуға бермейтін сияқты. Бұл қате пікір. Медресе бітірген жас араб тілінен аудармашы болуға, егер жоғары оқуға түсіп, білімін жалғастырса, дінтанушы, исламтанушы болуға, елшілікте жұмыс істеуге мүмкіншіліктері бар.
Дайындаған: Ұлдай САРИЕВА,
Орал қаласы