Енді миллиондаған адамдардың қызығушылығын тудырып отырған Қадыр түні қалай ғибадат жасалады және қандай амалдармен сауапқа кенелуге болады деген сұрақтың жауабын іздеп көрейік.

Ислам әлемінің ең қасиетті түні саналатын  Қадыр түні 2017 жылдың маусым айының 21-нен 22-сіне қарған түніне сәйкес келеді.  Қадыр түні оқылған намаз бір адамның сүрген өміріне бедел болып бағаланады және  шын жүректен жасалған барлық дұға-тілектер ешқандай кері қайтарылмастан қабыл болады екен. Қадыр түні осы айда қасиетті Құран Кәрім түсірілгеніне байланысты маңызды.

Қадыр түні мұсылмандар үшін өте қайырлы және мүбарак болып саналады. Ол Құранда былай деп сипатталады: «Негізінен біз оны (Құранды) Қадыр түнінде түсірдік. (Мұхаммед Ғ.С.) Қадыр түнінің не екенін білесің бе, (Алла білдірмесе) қайдан білесің? Қадыр түні мың айдан артық. Ол түні Періштелер және Рух Раббыларының рұқсаты бойынша әртүрлі іс атқару үшін түседі. (әсіресе риясыз құлшылықпен өткізгендер үшін) ол түн таң бозарып атқанға дейін мейірім мен есендік түні болмақ».

Қадыр түні қандай ғибадаттар жасалуы тиіс:

* Құран Кәрім оқылады, Құран оқи алмайтындар оқығандарды тыңдағаны дұрыс болады. Құранға деген сүйіспеншілікті, құрмет пен адалдықты жаңалап, нығайтқан жөн.

* Қарыз намазы бар болғандар нәпіл намаз оқымастан алдын кем дегенде бес уақыт қаза намаздарын оқуы ізгі амалдарға жатады. Қаза намазы жоқтар нәпіл намаздарын оқиды. Қадір түні дұға жасау және кешірім сұрап жалбарыну ең жақсы амалдардың басында келеді. Құран оқып барып дұға жасау ең сауапты амал болып саналады.

* Ардақты Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) салауат айтылуы тиіс; Оның шапағатынан  үміттеніп, оның үмбетінен екені санасында  жаңалануы қажет.

* Қадір түні  ойланып толғанатын түн болуы керек; әрбір пенде «мен кіммін, қайдан пайда болдым, қайда бара жатырмын, Алланың алдында қандай жауапкершіліктерім бар» деген сияқты мәселелерді  әсіресе өмірлік мәселелерді терең ой елегінен өткiзгенi жөн.

* Мұсылмандар бір-бірлерінен кешірім сұрап, ақыларын кешіруге ұмтылуы қажет. Бір-біріне кейіп, өкпелеп жүргендер татуласуы, ренжітіп алғандар мен қатты ашуландырғандардың көңілін аулап, жүректеріндегі қайғының ізін өшіріп тастауға тырысуы тиіс.

* Қадір түні біліп-білмей жасаған күнәларымыз үшін шын жүректен өкініп, тәуба жасауымызға және басымыздан өткеріп отырған осы түніміз өміріміздегі жалынып-жалбарынып кешірім сұрайтын ең соңғы мүмкіндігім деп қабылдап дүға-құлшылықтарымызды атқаруымыз орынды болады.

Баршаларымыздың Рамазан айында ұстаған оразаларымыз, Қадір түні орындаған ғибадаттарымыз бен дұға-тілектеріміз қабыл болсын!

Балғабек МЫРЗАЕВ,

теология ғылымының докторы

Пікір жазу