Ол сүреде: «Негізінен Құранды Қадір түнінде түсірдік. (Мұхаммед с.ғ.) Қадір түнінің не екенін  білесің бе? Қадыр түні мың айдан хайырлы Періштелер және Жабрейіл ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі. Ол бейбітшілік кеші,  таң рауандағанға дейін жалғасады» (Қадыр: 1-5) делінеді.

Алла осы сүреде Құранның түскен дәл уақытын, бұл түн өте маңызды да қасиетті, ерекше екендігін айқын көрсеткен. Хира тауында «Ғалақ» сүресінің алғашқы аяттары түсірілген. Осы түннен бастау алған Құран сүрелері Жәбрейіл (ғ.с) арқылы 23 жылда толық түсіп тәмәмдалды.

Жаратушы Алла тарапынан түскен соңғы кітап — Құран Кәрим соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с.) жіберілді. Дәл осы Қасиетті түні түрлі кезеңде өзге де пайғамбарларға Алла Тағала Өз кітабын түсіріп отырды. Забур – Дәуітке (ғ.с), Таурат – Мұсаға (ғ.с), Інжіл – Исаға (ғ.с). Алла тағала Өз пайғамбарларының ешқайсын бөле жармайтынын «Бақара» сүресінің 285- аятында айтқан:

«Елшілердің арасын айырмаймыз, естідік те бойұсындық.  Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, Қайтып барар жеріміз де Сенің алдың!»

«Ләйлатул қадр» сөзін қазақ тіліне аударса, «Тағдыр түні» – деген мағынаны береді, атынан көріп тұрғанымыздай осы түні пенденің тағдыры періштелерге белгілі болады. Сондықтан да болар ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) осы түннің «қадірлі де құнды түн» екендігін  сипаттап өз үметтеріне нақ осы түнді қалт жібермей жан-тәнімен Аллаға құлшылық қылып, Алладан істеген барлық күнәларының кешірілуін сұрап, түнді ұйқысыз өткізіп, жалықпай дұға етуімізді өз хадистерінде айтып кеткен.

 Ардақты пайғамбарымыз(с.ғ.с): «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, әрі Қадыр түнін шын иман және сауап үмітімен өткізсе, оның бұрын істелген күнәлары кешіріледі», – деген(Әбу Хурайрадан, имам Насай келтірген).

Құран Кәрим осы түнде түсе бастады. «Анығында біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік» (Қадір. 1)

Бұл түннің өзіде ерекше берекелі түн. «Шынында біз Құранды мүбарак түнде түсірдік» (Дұхан. 3)

Алдағы бір жылда болатын барлық істер Алла тағаланың тағдырымен періштелерге осы түнде білдіріледі. «Сол түнде хикметті істің барлығы жіктеледі. Бізге тиіс тағдыр ісі ретінде» (Дұхан. 4-5)

Бұл түнде Жәбірейіл және басқа да көптеген періштелер жер бетіне түседі. «Сол түні Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін періштелер және Жәбірейіл түседі» (Қадір. 4)

Бұл түні таң ағарғанға дейін тыныштық, аман-есендік орнап жаманшылықтар аулақ болады. Жерге түскен періштелер иман келтіргендерге салем береді. «Бұл түнде таң атқанша сәлемет жалғасады» (Қадір.5) 

Айша анамыз (Алла оған разы болсын ):«Расул Алла (с.ғ.с) айлардың ішінде Рамазан айының соңғы он күндігінде құлшылыққа ерекше ыждахаттылық білдіретін», – деп айтқан (Имам Муслим).

Алланың елшісі (с.ғ.с) бір хадисінде: «Қадыр түнін Рамазан айының соңғы он күнінен іздеңіздер», – десе, келесі сөзінде: «Қадыр түнін Рамазан айының 27-ші түнінде күтіңдер», – деп айтқан.

«Қадір» сүресінде Жаратушы Алла өзі айтып өткендей бұл түні кеш бата Жәбрейіл (с.ғ.с) және басқада көптеген періштелер Жер дүниесіне түсіп, пенделердің қылған дұғаларына «Әмин» деп тұрады. Жаратушысынан қандай дұға тілеп, нендей құлшылық қылып жатқанын Алла тағаланың құзырына алып  барады.

Қазіргі таңда басқа айларда ауыз бекітпесе де осы Рамазан айында ораза ұстаушылар саны артып келеді, бұғанда Аллаға шүкір дейміз. Қадір түні мешіттерде халық нөпірінен аяқ алып жүргісіз. Мешітке аяқ басқан Қадір түнін асыға күткен әрбір пенденің көкейінде бір мақсаты Жаратушыдан тілері, күтері бар шығар. Алайда осы түні әйел заты ерлермен араласпай өз отбасында қарсы алғаны абзал. Бейуақыт кезінде, көпшілік орында таң намазына дейін отбасынан сыртта жүру әйел болмысына лайық емес, ер кісілердің жөні бөлек.

Осы тұста сөз етілуі қажет мәселе, көптеген отбасылары, жастар бұл түнді асыға күтудегі мақсаты «Қызыр баба, Қыдыр ата аралайды, немесе ата-баба әруақтары келеді арнайы дайындалған дастарханнан дәм татады» деп беріле үміт қылады. Естеріңізде болсын, бұл тәрізді ой пікір мен ұғым халықтың қиялынан пайда болған. Қадыр түніне еш қатысы жоқ. «Олай болса ұйықтамай соншалықты әзірленіп кімді күтеміз?», – дерсіз.

Бұл түнді қарсы алуда ислам діні нені талап етеді? Қадір түнін қалай өткізу керек?

Әбу Хурайра рахима Алла жеткізген бір риуаятта Алла елшісі (с.ғ.с): «Кім Қадір түнін оның артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп құлшылықпен өткізетін болса, өткен күнәлары кешіріледі» ( ИмамБухари)

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінен оқып білгеніміздей бұл түні – Аллаға тасбих (еске алу және мақтаулар) айту, нәпіл намаздар оқу, Құран оқып насихат айту сияқты ғибадат түрлерімен шұғылдану дұрыс. Осы түні ораза айы хақында түскен Құран аяттарын, пайғамбар хадистерін жаттап, балаларыңызға, немерелеріңізге насихаттап, көпшілік орында уағыздар айтылғаны да ғибадат. Сондай-ақ Қадір түні өзіңізге, перзенттеріңізге, туыстарыңызға Алладан медет, сүйеніш жақсылық және де толып жатқан арман тілектерңізді сұрап дұға етіңіз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дұға – ғибадаттың өзегі», – деп айтқан емес пе.

Сонымен қатар құптан және таң намаздарын жамағатпен оқуға үлкен мән беру қажет, себебі Алланың елшісі (с.ғ.с): «Құптан намазын жамағатпен оқыған адам түннің жартысын, ал таң намазын да жамағатпен оқыған адам екінші жартысын құлшылықпен өткізгендей болатынын сүйіншілеген» (Имам Муслим)

Он екі айдың сұлтаны Рамазанда жасаған құлшылығымыз бен дұға-тілектеріміз қабыл болып, дана Әли (рахима Алла) сипаттаған пенделерден болуды нәсіп етсін бізге! Нәпсінің қалауын жеңген, оның арбауына көнбеген, сабырлықты қалқан қылған құлға Алланың рахымы жаусын! Алланың сәулелі жолға түскен ұлы, ақ жолмен жүрген өмірде байыптылықты пайдаланған, ажалдан жалтармаған, амалды мол жасаған пендеге Алланың мейірімі жаусын!

Гүлнар Жаладинқызы, дінтанушы

Пікір жазу