Сұхбат

Қабылбек ӘЛІПБАЙҰЛЫ: Ұтымды жобаны үздіксіз жандандыру керек

– Қабылбек Әліпбайұлы, Ақтөбеге алғаш келуіңіз бе?

– Жоқ, осыдан екі жыл бұрын да келгенмін. Ақтөбе қаласы, Мұғалжар, Темір аудандарында түсіндіру жұмыстарын жүргіздім. Биылғы сапарым да осы өңірлерде өтті. Бұл жолы облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлының арнайы шақыртуы себеп болды. Діни басқарманың жолдауымен келіп, бір аптаға жуық жұмыс жүргіздік.

– Аудандардағы ахуал қалай? Ілгерілеушілік байқала ма?

– Иә, қазір өңірдегі діни ахуал тұрақты деуге толық негіз бар.

– Сіздің ойыңызша оған не ықпал етті?

– Әрине, ақпараттық түсіндіру жұмыстарының тиімділігі деп білемін. Бір мүддеде біріккен мешіт имамдары мен теолог, дінтанушылардың үздіксіз еңбегінің нәтижесі.

– Жобаның тиімділігін неден байқадыңыз?

– Өткен жылы республика деңгейінде ұйымдасқан жоба жалғасын тауып, облыс деңгейінде осымен үшінші мәрте іске асырылуда. Жоба аясында екі ауданда да арнайы семинарлар жүргіздім. Жергілікті жамағаттармен кездесіп, мешіттерде уағыздар айтылды. Жат ағымның зардабы түсіндіріліп, дәстүрлі дініміздің құндылықтары насихатталды. Жамағаттың қатысуы жақсы, тегіс тыңдады. Мешіттерде дәстүрлі дін ұстанушылар қатары да басым екен. Намазда бірлі-жарлы адамның «әминді» дауыстап айтқаны болмаса, өзгесі жамағаттан бөлінбейді. Бейімделушілер де бар.

Діни мамандардың жағдайы да жіті назарда. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Нұрланұлы бастаған топ аудан, қала, ауыл мешіттерін тегіс аралауда екен. Мешіттің тыныс-тіршілігімен танысып, қысқа дайындық жұмыстары пысықталып, коммуналдық шығындарының төлемін шешу жолдары қарастырылып жатыр. Тіпті, кей мешіт имамдарын баспанамен, жалақымен қамту мәселесіне дейін ықпал етуде. Яғни, аудандағы діни ахуал жан-жақты зерделенеді. Жобаның ұтымды тұсы да осы.

Сіз РАНТ мүшесі ретінде көптеген облыстарда боласыз. Осы сынды арнайы жобалар басқа өңірлерде жүзеге асырыла ма?

– Мұндай ауқымды шараны өзге облыстардың тәжірибесінде кездестірмеппін. Ұтымды жобаның үздіксіз жандандырылып отыруы өте орынды. Бұл да болса өңір басшысының жергілікті діни ахуалдың тұрақтылығына деген алаңдаушылығын білдірсе керек. Десе де, діни радикализм – бұл жаһандық мәселе. Жат ағымды ұстанушылар барлық елде, Қазақстанның барлық аймақтарында кездеседі. Сондықтан, жоба өзге облыстарда да жүзеге асырылса деймін. Осы ұсынысты өзім қызмет ететін Қарағанды қаласында да көтергім келеді. Алла сәтін салғай.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Индира ІЗБАСҚАН

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close