Бұл сұраққа жауап беруде сарапшы ретінде емес, сенуші мұсылман ретінде көбірек сөз саптауға тура келеді.
О дүние туралы ілім әлемдік және дәстүрлі діндердің басым бөлігінде бар. Әсіресе бұл ілім Құранда «Кітап иелері» аталатын йаһудилер мен христиандарда айқынырақ мазмұндалған. Әрбір діндегі о дүние туралы түсініктің өзіндік ерекшеліктері бар: кей діндерде жұмақ пен тозақ туралы көбірек мәлімет берілсе, екінші бір діндерде о дүние сұрауы мен азабы жоқ жәннат мекен ретінде сипатталады.
Ал ислам дінінде иманның алты шартының бірі өлгеннен кейін қайта тірілуге сену болып табылады. Яғни о дүниелік өмірге сену – исламның негізгі сенімдік тіректерінің бірі.
Өлгеннен кейін қайта тірілу, қабірде сұраққа алыну, күнәларына сәйкес қабір азабын өткеру немесе ізгі амалдарына сәйкес қабірі нұрланып, жан тыныштығын табу, қиямет күні қайта тұрғызылып, сират көпірінен өту, амалдар есебі алынатын таразыға тартылу, күнәсі мен сауабына қарай тиісті жазасын немесе сыйын алу, жұмаққа немесе тозаққа бұйырылу секілді Алла Тағала әмірімен болатын о дүниедегі істер жайында Құран аяттары мен Мұхаммед пайғамбар хадистерінде жиі айтылған.
Сіз сауал ретінде келтірген көр азабы – ислам дініндегі о дүниеге қатысты білдірілген хабарлардың бір бөлігін құрайды. Мұсылман баласы Барзақ әлемінің бар екендігіне, қабір сұрағы мен көр азабының ақиқаттығына күмән келтірмейді. Пайғамбарымыздың қабір жанынан өтіп бара жатып, оның ішіндегілердің қандай халде, қалай азапталуда екенін баян еткен хадистері көп. Соның кейбіріне жүгінсек, Ибн Аббастан жеткізілген хадисте былай делінеді: «Бір күні Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі қабірдің жанынан өтіп бара жатып: «Расында, олар азап көріп жатыр және ол азап ауыр күнә үшін емес (яғни адамдар үшін ауыр болып көрінетін күнә үшін емес), дегенмен екеуінің де күнәсі ауыр: оның бірі өсек таратқан, екіншісі – өз зәрінен сақтанбаған» деді». Бухари мен Муслим жинақтарында келтірілген осы хадисті түсіндірген ғалымдар қабір азабының ақиқаттығын дәйектей отырып, дүние тіршілігінде адамдар үшін ауыр болып көрінбейтін күнәлардың өзі қабір азабына себепкер болатынын алға тартқан.
Осы айтылғанды құптай түсетін мынадай да хадис бар: «Іш дәретті жақсылап алыңдар, өйткені қабір азабының көпшілігі іш дәреттің дұрыс алынбағандығынан болады».
Пайғамбарымыз бірде бір қабірдің басына көгеріп тұрған шыбықты шаншып: «Осы шыбық қурап қалғанша оның (қабірдегінің) көр азабы жеңілдейді» деген.
Енді бірде Пайғамбарымыз қабір жанынан өтіп бара жатып, оның ішіндегі адамның азапталып жатқанын айтқан. Біршама уақыттан кейін сол жерден қайта өткенде марқұмның көр азабы тоқтатылғанын аңғарған. Мұның мәнісін білгісі келген Пайғамбарымызға Алла Тағала тарапынан осы құдси хадис арқылы: «Әлгі марқұмның артында ұл баласы қалған еді. Сол перзенті өсіп, Құран үйрене бастады. Соңында Құран оқитын перзент қалған адамға қабір азабын беруге ұялдым» деген аян-хабар білдірілген.
Ислам ғұламалары о дүниедегі өмірге қатысты Құран мен хадистегі барлық хабарларды жинақтай отырып, қабір азабы тақырыбында көптеген еңбектер жазып қалдырған. Қазіргі исламтанушы ғалымдарымыз бен имамдарымыздың осы тақырыптағы бейнедәрістері мен жазбаларын да ғаламтордан көптеп таба аласыз. Сондықтан оларда келтірілген дәлел-дәйектерді қайталап жатпастан, сіздің сауалыңыздың екінші жартысына ойысайын.
Тіршілік жағдайларында кей кездері қабірді ашу қажеттіліктері туындап қалатындықтан, көр азабына кездейсоқ куә болу жайттары өмірде жиі кездеседі. Халқымызда мұндай әңгімелер көптеп сақталған. Өз басым да сондай жайттарға куә болғандардың өзін болмаса да, олардың көзін көрген бірқатар жандармен сұхбаттас болдым. Әдетте мұндай әңгімелер мақтан үшін немесе қорқытып-үркіту үшін емес, тірілерге сабақ, ғибрат болуы үшін айтылады.
Осы орайда «қабір азабы жөнінде қорқынышты бейне материалдар әзірлеп, тарату күнә ме, жоқ па?» деген сауалға тікелей жауап беру пәтуа шығарумен бірдей іс-әрекет саналатынын атап айту қажет, сондықтан бұл сауалға пәтуа шығаруға құқығы бар мамандардың арнайы діни үкім бергені жөн болмақ.
Өз тарапымыздан жеке тұлға ретіндегі пайымдауларымызды келтірер болсақ, қабір азабы жөнінде оқып немесе естіп білу көзбен көргендегідей ауыр қабылданбайды. Ал мұндай жайттарды көзбен көру (бейнематериал арқылы болса да) базбіреулерге ұмытылмас сабақ болса, жаны нәзік, жүйкесі жұқа кей адамдарға ауыр әсер етіп, жан күйзелісіне ұшыратуы да мүмкін. Яғни қабір азабы жайлы жан түршігерлік көріністерді көрсеткен бейнематериалдар сабақ емес, зардап болатын салдарға ұрындыруы ықтимал. Әрбір іс ақырғы нәтижесімен қайырлы десек, мұндай тәуекелшіл істерден тартынған абзал секілді.
Сонымен қатар мұндай материалдар «Қиындатпаңдар, жеңілдетіңдер; қорқытпаңдар, сүйіншілеңдер» деген Пайғамбарымыздың хадисі мен жеңілдік діні – исламның рухына да сәйкес келе бермейді. Қабір азабы жайлы қорқытып-үркітпей-ақ орнықты мысалдармен салиқалы түрде де түсіндіруге болады (ондай бейнематериалдар мен дәрістердің де баршылық екенін атап айтуымыз қажет).
Қабір азабын тартып жатқандардың даусын адамдар мен жындардан басқа барлық жаратылыс иелері еститіні туралы дініміз хабардар еткен. Сондықтан да халқымыз төрт түлігін көр азабын тартушылардың дауысынан шошынбасын деп, қабірстаннан аулақ жерге жаятын болған. Қабірстанды қоршап қоюдың қабірді аяқ асты болудан, жыртқыш аңдардың қазып тастауынан сақтаумен қатар осындай да ғибратты мәнісі болған. Яғни халқымыз мал екеш малға да жанашырлық танытып, олардың шошынудан, іш тастаудан аман болуын қамдап, қабірстан жұртына жолатпаған. Осындай қарапайым қамқорлықты біз тым болмаса адамға көрсете алмасақ, мұсылмандығымызға сын болса керек-ті.
Тағы бір қосарым – қабір азабы туралы бейнематериалдардың негізгі бөлігі шетелдерде шығарылған фильмдер. Қазақстандық авторлар көп жағдайда дайын материалдарды өңдеп пайдалануда. Тілі қасаң, ділі қатаң базбір ұлттар үшін қалыпты болып көрінген жайттар қазақтың жайсаң жанына жайлы тимесі анық.
Жалпы ұлтымызда қалыптасқан жағымсыз жайттарды астарлап айтып, тұспалдап таныту, алыстан сермеп, тереңнен толғап сөйлеу мәдениеті санаға шым-шымдап әсер етудің, әзиз жанды аялап өсірудің әдемі әдебі ретінде орныққан. Ал халқымыздың қабір сұрағы, көр азабы, жұмақ пен тозақтың жай-күйі секілді о дүниелік ілімдерден жан-жақты хабардар болғанына сонау ерте ортағасырлардан сақталып келе жатқан «Ақырзаман кітабы», «Ахуали қиямат», «Жұмжұма сұлтан» секілді бірнеше ондаған діни дастандар, бірқатар діндар авторларда кездесетін «Жұмақ пен тозақ айтысы», «Өлі мен тірі айтысы» секілді танымдық туындылар, ғибратты аңыз-әңгімелер куә. Соларды орнымен насихаттап, пайдалана білсек, үрейлі бейнематериалдардан гөрі әлдеқайда әсерлі болары және имандылық әлеміне ізгілік арқылы жетелері анық.
Сіз сауал ретінде келтірген көр азабы – ислам дініндегі о дүниеге қатысты білдірілген хабарлардың бір бөлігін құрайды. Мұсылман баласы Барзақ әлемінің бар екендігіне, қабір сұрағы мен көр азабының ақиқаттығына күмән келтірмейді. Пайғамбарымыздың қабір жанынан өтіп бара жатып, оның ішіндегілердің қандай халде, қалай азапталуда екенін баян еткен хадистері көп. Соның кейбіріне жүгінсек, Ибн Аббастан жеткізілген хадисте былай делінеді: «Бір күні Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі қабірдің жанынан өтіп бара жатып: «Расында, олар азап көріп жатыр және ол азап ауыр күнә үшін емес (яғни адамдар үшін ауыр болып көрінетін күнә үшін емес), дегенмен екеуінің де күнәсі ауыр: оның бірі өсек таратқан, екіншісі – өз зәрінен сақтанбаған» деді». Бухари мен Муслим жинақтарында келтірілген осы хадисті түсіндірген ғалымдар қабір азабының ақиқаттығын дәйектей отырып, дүние тіршілігінде адамдар үшін ауыр болып көрінбейтін күнәлардың өзі қабір азабына себепкер болатынын алға тартқан.