Меккедегі төртінші күн
Қажылық рәсімдерін тәмамдап, қонақ үйімізге келдік. Басшымыз – кешке ұшып кетерімізді айтты. Бірнеше сағатымыз бар екен, “қалаға шығып, елдегілерге базарлық ала барайық” десті жігіттер. Келістік, жақын маңдағы дүңгіршігі көп көшеге қарай тартып кеттік.
Әл-Баракат. Қателеспесем, біздің бірінші бас сұққан дүкеніміздің атауы осылай болды-ау деймін. Есіктен кірген бетте, біздер мынау сөреге, қалғандары анау сауда қатарына жүгіре кетті. Уақыт тығыз. Көзге түскендеріне қол созып жатырмыз. Біріміз сырты күміспен қапталған Құранды таңдадық. Біріміз түгі қалың кілем, енді біріміз ондаған жайнамаз ұстап алғанбыз. Саудагерге келдік. Анау кісінің түрінде қобалжу бар. СүбханАлла,-дегенді бірнеше рет айтқанын естідім. Көптен бері, саудасы бұлай жүрмеген-ау. Қуанып тұр,- деп шамаладым.
Ал енді есептесейін десек, әлгі саудагеріміз, басын бұлғайды. Болмайды деген ишарасы бұл. Не болып қалды деп, біз түсіне алмай әлек болып тұрмыз. Не болды,- дегенді араб тілінде, ым-ишарамен байлап түсіндіргендей болдым. Жауабы төбемнен жай түскендей әсер етті.
– Бауырлар. Менен сауда жасағандарыңа мың рақмет. Алла разы болсын. Бірақ, өтініш. Мен сіздердің тең жартыңызбен есептесейін. Қалғандарыңыз анау көрші дүкенге барыңыздаршы. Мен бір күніме лайықты сауда жасадым. Осы маған жетеді. Қанағат. Ал көршімнің таңертеңнен бері саудасы жүрмеді. Содан бірдеме сатып алыңдаршы? Сол істерің үшін Алла сендерден разы болсын.
Иә, саудагер жігіт осылай деді. Состиып, состиып қалдық. Мынау кісінің орнында біз болғанда қайтер едік? Осылар менің бүкіл затымды сатып алса екен,-деп тілер ек. Көрші? Ол бизнестегі бәсекелесім емес пе? Өй, ол жаққа барып қайтесің? Тауары сапасыз,-деп көршімізді бір жамандап алар ма ек? Астапыралла!
Түсіндім. Құранда Алла бұл халыққа: – Сендер Алланың аманатына берік болсаңдар, мен сендердің жаз жайлауларыңды, керуен жолдарыңды аман етем,-депті. Міне, бұл жұрт бес парызына берік, сүннетегі көршімен қарым-қатынас, көрші хақысы дегенге адалдық танытып отыр. Алла берген уәдесін орындаушы.
Нұрбек Бекбау