Фиқһ кітаптарында қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын құрбандыққа шалудың абзал екендігі айтылады. Негізінен қой, ешкі секілді ұсақ, түйе, сиыр секілді ірі-қара малдардың ұрғашысы болсын, еркегі болсын хадистерда аталған кемшіліктері кездеспесе, құрбандыққа шалуға жарамды. Құрбандыққа шалынатын малдың еркек-ұрғашы болуы оның абзалдығына өлшем емес. Алайда сиырдың ұрғашысын шалудың абзал екенін айтқан фиқһ ғалымдары бар.
Негізінен ол көзқарасты сол фиқһ ғалымдары өмір сүрген уақыт пен ортасына қарай бағамдау қажет. Неге десеңіз, ғалымдар тұрмысы егіншілікке негізделген қоғамда сиырдың еркегінің күш-қуатының көбірек қолданылуын ескере отырып, осындай көзқарас айтқан болуы кәдік. Алайда бұл діннің өзгермейтін өлшемдерінің қатарына жатпайды. Бұл – қоғамның пайдасын негізге ала отырып айтылған көзқарас.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
исламтанушы