Ханафи мәзһабының ғалымдары Құрбан шалуға қатысты аят-хадистер бұйрық райда айтылғандықтан, Құрбан шалуды уәжіп деп біледі. Мысалы, Құран Кәрімдегі: «Олай болса Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал»,-деген аят пен Алла Елшісіның (с.ғ.с): «Құрбан шалыңыз. Өйткені, бұл бабаңыз Ибрахимнің сүннеті», «Жағдайы бар кісі құрбан шалмаса, біздің маңайымызға (мешіттерімізге) жақындамасын»,-деген хадис-шарифтердің бұйрық раймен айтылғанын негізге алып, Құрбан шалуды міндетті үкім ретінде қарастырады. Яғни, әрбір муким (бір жерде тұрақты тұрушы) ынсап мөлшерінде материалдық жағдайы болса, құрбан шалуға міндетті. Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша құрбан шалушының ақыл есі бүтін және балиғат жасына толуы шарт. Ал, Имам Ағзам мен Имам Юсуфтың пікірінше, бұл екі шартсыз қамқоршылар олардың атынан Құрбан шала алады. Ханафи мәзһабында Құрбан шалудағы материалдық ынсап мөлшері, пітір садақасын беруі тиіс материалдық жағдаймен мөлшерлес (екі жүз дирхем күміс мөлшерінде мүлкі болса). Алайда, Құрбан шалудағы материалдық жағдайдың ынсап мөлшері зекет берудегі материалдық жағдаймен өлшенбейді. Зекет беруде ынсап мөлшері бір жыл уақыттың өтуімен өлшенсе, Құрбан шалуда бір мұсылман жыл бойы кедей болып, дәл құрбан шалу уақытында материалдық жағдайы түзелген болса, оған Құрбан шалу уәжіп саналады. Керісінше, материалдық жағдайы жақсы бір мұсылманның құрбан шалар сәтте материалдық жағдайы күрт төмендесе, ол мұсылманға құрбан шалу уәжіп емес. Жоғарыдағы айтылған хадис шариф бойынша материалдық жағдайы бар мұсылман кісі себепсізден себепсіз Құрбан шалмаса, оның есеп күнгі жағдайы ауыр екенін аңғарамыз. Сондықтан, материалдық мүмкіншілігі бар әрбір мұсылманның Құрбан шалғаны абзал.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Өмірімді тек құлшылықпен өткізуге Ислам қалай қарайды?

Мұхан Исахан

Пікір жазу