ЖАУАП:
Құран Кәрім аудармаларына қатысты бұған дейінгі сұрақтар жауабында біршама түсінік берген болатынбыз. Құран Кәрімнің аудармасын жасағанда оның мағынасын басқа тілге толық жеткізу мүмкін болып табылмайтыны, оның өзіндік себептері бар екендігі, дегенмен Құранды үйренушілерге оның мағыналық аудармасының қажеттілігі сол сауалда айтылды.
Бұған қосымша айтарымыз – аударма барысында қиындық туғызатын және оның түсінілуін қиындататын бірнеше жайт бар. Араб сөзінің табиғатына көп мағыналылық тән, бір ғана етістіктің 30-40 туынды мағынасы болуы араб тілінде қалыпты жағдай саналады. Оның үстіне шариғи үкімдер, мәдени нормалар, риторикалық оралымдар, тағы басқа көптеген ерекшеліктер тән Құран сөздерінің астары қалың, мағыналық қабаты терең екені тағы белгілі. Сондықтан қай тілден болса да Құран сөзіне дәл келетін балама сөз табу оңайға түспейді. Балама сөз табыла қалған жағдайда, ол басқа өзімен қатар қолданылуға тиіс іргелес сөздермен қиыспай, бір тіркесте қолданылуға келмей қиындық тудыруы мүмкін. Мұндайда аудармашылар кейде жанама мағыналы сөздерді қолданады да, кейде мағынадан алшақтамас үшін тіл заңының бұзылғанына қарамастан қазақ тіліндегі қиыспайтын екі ұғымды қатар қойып сөйлем құрауға мәжбүр болады.
Тағы бір қиындық – араб сөйлемінің құрылысы мен қазақ сөйлемінің құрылысы мүлде сәйкес келмейтіндігі. Біз бастауышты – бірінші, баяндауышты екінші қойып сөйлесек, араб тілінде сөйлем баяндауыштан басталады. Сондықтан кей аудармашылар араб тіліндегі сөйлем құрылысынан көп алшақтағысы келмей, сөйлем мүшелерінің орнын ауыстырып қолданып, түсініксіз сөйлемдер туындатып жатады.
Сонымен қатар араб тілі қазақша аудармада қолданылу-қолданылмауы шарт емес шылау сөздерге, септеуліктерге аса бай. Қазақшада ол сөздер қажет болмаса да аудармашылар Құран мәтініндегі әрбір сөзді ескерусіз қалдырмас үшін олардың бәрін аударып келтіруге мәжбүр.
Енді Халифа Алтай аудармасының нақты ерекшеліктеріне көшелік.
Біріншіден, Түркия жерінде туып-өскен автор сол өңірдегі қазақтардың тіліне тән, біздің елімізде қолданылмайтын немесе басқа мағынада қолданылатын сөздерді көп пайдаланған. Мысалы, «айқын және жасырын» деген сөздің орнына аудармашы «көрнеу мен көмес» деген тіркесті қолданады. «Серік қосу» сөзін – «шерік қату», «теріске (жоққа) шығару» тіркесін – «жасынға шығару», «қандай өкінішті» тіркесін – «нендей өкініш», «ретке келтіру» тіркесін – «тәртіптеу», «анық» сөзін – «әшкере», «жай (жасын) түсті» тіркесін – «жасыл түсті», «өз қолымен» сөзін – «қолекі», «үйретілген» сөзін «үйретінді» деп қолданған. Тіл мамандары болмаса, басқа адамдардың түсінуі қиын осы тектес қолданыстар Х.Алтай аудармасында жиі кездеседі.
Екіншіден, Құран аудармаларының тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы жарық көрген нұсқасы саналатын бұл аударма сауатты редактордың қолынан өтіп үлгермеген тәрізді. Аударма нұсқаның тыныс белгілері дұрыс қойылмаған, жұрнақ-жалғаулар дұрыс жалғанбаған, грамматикалық тұрғыдағы олқылықтар едәуір. Мұндай кемшіліктерді көп адам нақты ажырата қоймағанымен, қабылдаушы психологиясының өзіне тән ерекшеліктеріне сәйкес тіл қателіктері түйсікпен ұғынылады. Яғни қай жерде қандай кемшілік барын айта алмаса да, әйтеуір сөйлем дұрыс еместігін кез келген оқырман түйсінеді, сезінеді.
Үшіншіден, аударманың нақты, арабша мәтінмен дәлме-дәл сәйкес болуына көбірек көңіл аударғандықтан автор сөйлем құрылысының жатық, мағынасының түсінікті болуына жеткілікті түрде мән бермеген тәрізді. Мысалы «Саффат» сүресінің 51-54-аяттарын Х.Алтай төмендегіше аударған: «Олардан бір айтушы: «Расында бір ағайыным бар еді» дейді. (Ол маған) «Шын-ақ растаушылардансың ба? – дейді. «Өліп, топырақ және сүйек болсақ та, жазаландырыламыз ба?» (деп қасындағыларға): Оны көргілерің келе ме?» – дейді». Ал екінші аудармашылар (М.Шыңғыс қажы, Е.Мұхаммедқали) осы аяттарды анағұрлым түсінікті етіп аударған: «Олардың біреуі: «Менің бір досым бар еді. Ол маған: «Сен шынымен-ақ сенесің бе? Өліп топыраққа айналғаннан кейін де есеп береміз бе?» деуші еді. Соған бір кездесейік пе?» деді қасындағыларға».
Сол секілді «Бақара» сүресінің 29-аятын Х.Алтай: «Ол сондай Алла, жер жүзіндегі барлық нәрсені сендер үшін жаратты. Сонан кейін аспанға көңіл бөліп, оны жеті қабат көк етіп тәртіптеді. Ол әр нәрсені толық білуші» деп аударған. Ал екінші аудармашылар бұл аятты: «Алла жер жүзіндегі барлық нәрсені сендер үшін жаратты, соңынан аспанды жаратты да, оны ақаусыз жеті қабат етіп орналастырды. Ол барлық нәрсені біліп тұрушы» деп едәуір жатық түрде келтірген. 49-аят Х.Алтай аудармасында: «Сендерді Перғауынның сыбайластарынан құтқардық. Олар сендерді жаман қинаумен ұстап, ұлдарыңды бауыздап, әйелдеріңді тірі қоятын еді. Міне, мұнда сендерге Раббыларыңнан зор сынау бар» деп берілген. Екінші аудармашылар бұл аятты: «Өздеріңді қатты қинап, азаптаған, қыздарыңды қалдырып, ұлдарыңды бауыздаған перғауын тобынан сендерді құтқардық, осының өзі де Раббыларыңның сендер үшін үлкен сынағы еді» деп аударған.
Төртіншіден, Халифа Алтай көптеген аяттардың аудармаларынан кейін оларды ішінара тәпсірлеп (түсініктеме беру арқылы мағынасын тарата баяндап) отырған. Мұндайда мәтіндегі аударма мен тәпсірдің ара-жігі нақты айқындалып берілмегендіктен олар көзбен қабылдауда да, түсінуде де қиындық тудырады. Мысалы: «Олардың жүректерінде дерт бар» деген нақты аударманың («Бақара» сүресі, 10-аят) жанына жақша ішіне «Күншілдік дерті» деп қосқан. Келесі сөйлемді: «Сонда Алла олардың дертін арттыра түсті» деп аударған автор оның жанына тағы да жақша ішіне: «Мұсылмандар дамыған сайын күншілдіктері қоза түсті» деген қысқаша түсініктеме қосқан. Ал «Бақара» сүресінің: «Міне солар Раббылары тарапынан тура жолда және солар құтылушылар» деп аударылған 5-аятынан кейін мынадай жалғаспалы түсініктеме беріледі: «(Делінген бейнеде Құранның тура жолынан пайдалана алатын тақуалардың: Көмеске иман келтіру, намазды толық орындау, Алла жолында мал сарып қылу, кітаптарға және ахиретке нану, бес шарты баян етілгеннен кейін, келесі аяттарда ескерту пайда бермейтін қасарысқан кәпірлер мен екі жүзді (мұнафықтар) баян етіледі)». Мұндайда араб тілінен хабары жоқ және түпнұсқаға назар салмаған оқырманның қай сөйлем нақты аяттың аудармасы, ал қайсысы түсініктеме екенін ажырата алмай қиналатыны анық.
Әрине, бұл айтылғандардың барлығы аталмыш аударманы жоққа шығару немесе маңызын кеміту деп қабылданбағаны жөн. Бұл айтылғандарды діни біліктілігі жоғары болғанымен, басқа тілдік ортада өсіп, қалыптасқан, түрік және араб тілдерін көп тұтынғандықтан солардың тілдік қисынына бейімделген, сонымен қатар Құран мәтінін өзі жетік игергендіктен өзгелер үшін аса күрделі екендігін кей тұста ескеріп үлгермеген дін ғалымына тән олқылықтар деуге болады.
Ал Құранның арабшасының көңілге қонымды, құлаққа жағымдылығына келсек, мына мәселелерді біле жүруге болады.
Араб тіліне ерекше әуезділік тән. Ол әуезділік осы тілдегі дыбыстардың созылыңқы және қысқа болып, түрліше ұзақтықта дыбысталатындығынан туындайды. Араб тілінде екпін де күшті, көп жағдайда екпіннің дұрыс қойылмауы сөздің мағынасын өзгертіп жібереді. Ал бір сөзде екі-үш екпіннің қатар қойыла беретін ерекшелігі араб сөзінің әуезділігін күшейте түседі. Сонымен қатар ғасырлар бойы Құранды дыбыстау ерекшеліктерін толық сақтай отырып, қырағатпен, мақамдатып, әуезді етіп оқудың әдістері қалыптасқан. Қазір Құран мәтіні 10 түрлі қырағатпен, оның ішінде 20 түрлі риуаятпен оқылады. Осындай бірін-бірі қайталамайтын ерекше әуезділікке Алла аянына тән қасиеттілік әсері (оның ішінде шипалық әсері де бар) қосылғандықтан, Құран Кәрімнің арабшасы, сіз айтпақшы, тыңдаған адамның жанына қатты жағады. Бұл жерде тыңдаушының ықыласы да өзіндік маңызға ие. Ғасырлар бойы ата-бабамыз тыңдаған Құран әуезі біздің қанымызға сіңіп, рухани жадымызда орныққан, мәдени кодымыздың құрамдас бір бөлігіне айналған. Сонымен қатар бала күнімізден өзіміз тыңдап өскендіктен де бұл әуез көптеген жағымды ассоциативті бейнелер туғызып, әдемі әсерлерді жаңғыртады.