Адамдар арасындағы жақын таныстық – бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста, құрметте, мәдениеттердің алмасуы арқасында ғана жүзеге асатыны сөзсіз. Ал, діни түсінікте берілген аяттағы тақуалық дегеніміз ол Аллаға өзінің білімімен, ақылдылығымен, ықыласымен және шынайы ниеттілігімен тақуалық танытушы адамды атайды екенбіз.
Алла Тағала бізден қиямет күні осындай жүректегі тақуалықтың нәтижесінен шыққан амалдарды таразылайды. Себебі, Жаратқан біздің сыртқы пішінімізге, келбетімізге қарамайды. Осындай илаһи мазмұндағы аяттарға бүгінгі сәләфизм негізінде қаланған «Дар әл-харб» (Соғыс майданы) атты өздеріне қарсы келгендерге жаппай күрес, бейкүнә адамдарға қару алып шығу идеологиясы Құран негізінде мүлде кездеспейді. Осыдан-ақ, сәләфилердің негізгі ұстанымы ислам қағидаларына сәйкес келмейтінін аңғаруға болады.
Шынайы мұсылман өзінің Жаратушысына деген сенімі арқылы ішкі жүрегімен, жанымен берілуі қажет. Кез келген мұсылман іштегі сенімі арқылы Алладан қорқып әрбір істеген амалын саралап, басқан қадамын аңдап басу керек. Мұсылман осындай ішкі көрінісімен қатар сыртқы мінез-құлқы арқылы да діні мен тіліне қарамастан өзгені құрметтеп ешкімге өшпенділік танытпауы тиіс. Ішкі дүниесі мен сыртқы дүниесі сәйкес келген мұсылман ғана кемелдіктің шегіне жетері сөзсіз.
Исламда қарулы жиһад деген ол тек қарсы шапқан дұшпанға тосқауыл болу мақсатында ұйымдастырылған соғыс ұғымын білдіреді. Сондай-ақ, жиһадқа байланысты дайындық патшаның бастамасымен жүзеге асады. Бүгінгі таңда терроризм жалауын желбіретіп жүрген қаншама мұсылмандар жиһадтың негізгі ұғымынан бейхабар әрі діни сауатсыз.
«Терроризм» сөзі араб тілінде «қорқу» етістігінен шығады. Бұл сөз Құранда мүлде басқа мағына береді. Мәселен, «Әнфал» сүресінің 60-шы аятында «Қолдарыңнан келгенше қару-жарақ пен аттан болған (соғыс құралдарын) дайындаңдар. Ол сендерге Алланың дұшпанын, өздеріңнің жауларыңды және басқа да дұшпандарды қорқытуларың үшін керек» делінген. Демек, бұл аяттан байқағанымыздай, Алла Тағала «терроризм» сөзінің негізгі етістігін қарсы шапқан дұшпанды қорқыту, үрейлендіру шеңберінде ғана қолданып тұр. Ендеше, сөз тұрғысында Құраннан асып түсер Алладан шебер қандай жаратылыс бар?.
Бүгінде «терроризм» сөзінің астында қаншама елді дүрліктірген қақтығыстар болып жатыр. Теріс пиғылды мұсылмандар бір-бірін дұшпан санап өзге дін өкілдерін жазықсыз азаптап отыр. Салдарынан ислам дініне деген күйе жағылуда. Осындай кейбір мұсылмандардың сыртқы көрінісінен шығып жатқан қылмыстық әрекеттері үшін адам баласы діни тұрғыда болсын заңды тұрғыдан болсын оларға үкім шығара аламыз. Себебі, мұсылманның мұндай әрекеті қоғамның ұстанымына тікелей қарама қайшы. Ал, кез келген адамның ішкі дүниесіне, оның жүрегіне қарап Алладан басқа ешкім үкім шығара алмайды. Өйткені, адамның сенімі, ықыласы және шынайы бейнесі оның жүрегінде көрініс табады. Сол үшін Алла Тағала қиямет күні адамның жүрегіне, ішкі дүниесіне қарап есеп алады.
Сәләфилер о бастан ішкі дүниесінде теріс діни сенім орнықтырған. Олар уақыт өте сол іштегі сенімі арқылы кез-келген арам ниетті амалдарды жүзеге асыруға дайын болады. Бұған бүгінгі сәләфилердің басым көпшілігі «ширк, бидағат, күпірлік амалымен күресу жұмыстарын орындап жатырмыз» деп, өзімен санаспағанға қарсы келіп жатқандары дәлел. Олар мұндай әрекеттері арқылы іштегі теріс қалыптасқан дүниесін сыртқа шығарып, нәтижесінде өзгеге қатыгездік танытып мұсылмандардың арасында іріткі салып жүргеніне бүгінгі қоғам куә.
Егер қандай да бір адам күпірлік немесе ширк амалын жасап қоршаған ортаға кесірін тигізіп жатса онда біз оның осындай сыртқы көрінісінде тапқан амалына қарап үкім шығарамыз. Бірақ, біз оның ішкі дүниесіне, жүрегіндегі ниетіне қарап үкім шығара алмаймыз.
Бүгінде мұсылмандардың басты проблемасы адамның ішкі дүниесіне қарап діни үкім шығару болып отыр. Мұндай проблеманы қазір ислам әлемінде дүрліктірген псевдоисламдық топтар соның ішінде, әсіресе, сәләфилер болып отыр. Осындай топтардың салдарынан бүгінде мұсылмандар жапа шегумен қатар өзге дін өкілдеріне қарабет болды.
Біз «әһли сунна уәл жамағат» мұсылмандары Алланың бірлігіне және Мұхаммед (с.ғ.с.) оның елшісі екеніне куәлік еткеннің барлығын, мейлі, ол күнәһар болса да мұсылман санаймыз. Ал, христиан, будда немесе иудей дін өкілдері мұсылман болмаса да олардың ішінде де мұсылмандыққа тән жақсы қасиетке ие жандар бар. Солай бола тұра псевдоисламдық топтар оларды кәпірлер, мүшриктер деп өшпенділік таныта отырып айыптаудан тайынбайды. Қазіргі таңда біз оларды айыптаудан гөрі дұрыс насихат айтып жақсылыққа үндеп жамандықтан тыйылуға шақыруымыз қажет. Себебі, адамзаттың ұстазы болған Мұхамед (с.ғ.с.) пайғамбардың өзі көршісі иудей бола тұра онымен жақсы қарым-қатынаста болған.
Қазіргі халифат құрамыз деп адамзатқа қарсы тұрып соғыс ашу, өзге мұсылманға немесе өзге дін өкіліне алауыздық таныту, олардың жерін басып алу – исламның шынай бейнесі емес. Расында, мұндай сипаттар кезінде Құрайш тайпасында көрініс тапқан еді. Құрайш мұсылмандарды іштей жек көрумен қатар оларды сырттай азаптаумен болды. Мұсылмандармен қатар исламның таралуына қарсы шықты, оларға соғыс ашып сұрапыл әрекеттер жасады. Құрайштың езгісіне төзбеген мұсылмандар екі рет Хабашстанға қоныс аударды. Онда да Құрайш мұсылмандардың соңынан түсіп ақырында мұсылмандар Мәдинаға қоныс аударып кетеді. Жан төзгісіз әрекеттерді бастан кешірген мұсылмандар сабыр етіп оларға қарсы ешбір шара қолданбаған еді. Себебі, ол уақытта қарулы жиһадқа шығу үкімі әлі де Алла тарапынан түспеген болатын. Осындай зұлматты бастан кешіргеннен кейін ғана мұсылмандарға өз дінін, тәнін сақтап қалу үшін «қарулы жиһадқа» шығу үкімі түсті. Бұл үкімнен үрейленген Құрайш тайпасы бертін келе мұсылмандықты қабылдай бастады. Мұндай тарихи оқиғадан біз мұсылмандардың басына қандай күн тумасын сабыр ету керектігін және өзіне немесе дініне қауіп төніп сабырлықтың шегіне жеткен кезде ғана қарулы жиһадқа шығуға рұқсат етілгенін байқаймыз. Ал, қазіргі біздің жағдайымызда қарулы жиһадқа шығудың ешқандай себебі жоқ. Себебі, ислам дінін сонымен қатар мұсылмандар да ешкімнен қалыс қалмай өркендеп келе жатыр.
Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірден өткеннен кейін мұсылмандар «футухат әл-исламия» атты қозғалыс бастады. Осындай қозғалысты тиімді пайдаланған псевдоисламдық топтар бұл қозғалыстың негізгі мақсатын дін емес саясатқа айналдырды. Салдарынан мұсылмандар топ-топ болып бөліне бастады. Әркім өз тобының мүддесі үшін күресіп бақты. Осылайша, кейбір мұсылмандар Алланың «Күдіксіз Менің тура жолым осы. Енді соған еріңдер. Басқа жолдарға түспеңдер, сонда сендерді Алланың жолынан тайдырады. Сендерге осыларды Алла нұсқады. «Сақтанарсыңдар», «Күдіксіз діндерінде бөлініп, топтарға айрылғандармен ешбір байланысың жоқ. Сөзсіз олардың ісі Аллаға тән. Кейін оларға істеген істерін түсіндіреді» және «Аллаға ортақ қосушылардан болмаңдар. (31) Сондай олар діндерін бөлшектеп, топтарға бөлініп, әрбірі өз алдындағыларына мәз болғандар» деген ескерту аяттарын ұмытып кетті. Салдарынан ниеті бұзық мұсылмандар қарулы жиһад ұғымын бұрмалап Рим жерінен Иракқа дейін қанды қақтығыстар жасады.
ХІХ ғасырдың басында осындай псевдоисламдық топтар Мысыр жеріне кіріп, қанатын кеңге жайды. Солардың ішінде Саудиялық биліктің қолдауын тапқан сәләфилік бағытты баса айтуға болады.
Жер қойнауында жатқан саудиялық қара алтынның арқасында сәләфизм идеологиясы қаржыландырылып ислам тарихына сызат түсірді. Соның салдары бүгінде ислам әлемінде арнайы мәзһаб ретінде қалыптасып үлгерді және Құрандағы «терроризм» сөзінің негізгі түсінігін бұрмаланып оның ауқымы соғыс шеңберінде ғана түсіндіріліп келеді.
Профессор Ахмед Субхи Мансурдың
«Уаһабизм ақидасындағы
терроризм негізі» атты кітабынан үзінді.
Аударған
Жалғас АСХАТҰЛЫ