Құрандағы кейбір сүрелердің өзге сүрелерден артықшылығы мәселесінде ғалымдар арасында түрлі көзқарастар бар. Хадис жинақтарында Құранның артықшылығы мен қатар ондағы кейбір сүрелердің артықшылығына қатысты «Китабул-фадаил» бөлімдері орын алған. Осыған орай Құран кәрімнің артықшылығына қатысты көптеген кітаптар жазылған. Оларда Құран және сүннетте келген мәліметтер негізінде туындаған көзқарас айырмашылықтары, олардың сүйенген негізгі дәлелдері, оның сенімдік, ғылыми және теориялық жақтары қолға алынған. Осылардың негізінде кей ғалымдар Құранның сүрелерінің барлығы Жаратқан Жаббар ие тарапынан уахи жолы арқылы келгендіктен бірдей, бір-бірінен артықшылығы жоқ десе, бағзылары кейбір сүрелердің өзге сүрелерден артық екендігін айтқан. Енді осы мәселелерге қысқаша тоқтала кетейік:
Артықшылығы жоқ дегендердің уәждері: Әбул Хасан әл-Әшғари, Әбу Бәкір әл-Бақиллани секілді ғалымдар осы топта. Ибн Хиббан аят пен сүрелердің бір-бірінен артықшылығы тек сауап тұрғысынан дей келе: «Алланың сөзі – бір тұтас ақиқат. Оның бір бөлігі екінші бөлігінен артық деген нәрсе жоқ» деп ұстанымын баяндаған. Имам Мәлік сүрелердің біреуін екіншісінен артық деп санаудың қате екенін, сондықтан бір сүрені қайта-қайта оқудың мәкрух екендігін алға тартқан. Олар хадистерде өтетін «ең абзал», «жүрегі», «мырзасы» секілді сөздердің ол сүрелердің сауаптық тұрғысынан абзалдығын ғана білдіріп тұр деп санаған. Бір-бірінен артық деп санаудың қайшылыққа ұрындыратынын, ол хадистердің тізбек және мәтін тұрғысынан әлсіз екендіктерін алға тарта отырып, өз көзқарастарын дәлелдеуге тырысқан.
Көпшілік ислам ғалымдары сүре және аяттардың өзара артықшылықтарының болуын дұрыс санайды. Артықшылықтарын: мазмұны тұрғысынан (Мысалы, бірінші дәрежеде Алла тағаланы танытатын аяттар, екінші үкімге қатысты аяттар, үшінші мәлімет беру мақсатында келген түрлі оқиғалар мен хабарлар), мағынасының айқын немесе жасырындығы тұрғысынан (мухкам-муташабих, ), функционалдығы (насих-мансух, ғам-хас, мутлақ-муқайяд) тұрғысынан алып қарастырып, өз уәждерін келтерген. (59-б.). Олар бұл мәселеге қатысты нақты әрі дұрыстығында күмән жоқ хадистердің бар екенін алға тарта отырып, пікірталастырудың өзінің орынсыз екендігін айтқан. Имам Құртуби осы ұстанымның дұрыс екенін білдірген.
Осы орайда Имам Ағзамның екі көзқарастың алтын ортасын тауып «Фыкхул-акбарда» былай дейді: «Құран – Алла Елшісіне түсірілген және кітапта жазылған. Құран аяттарының барлығы сөз ретінде артықшылық пен ұлықтығы тұрғысынан бірдей. Тек кейбірінің зікір тұрғысынан, ал кейбірінің «Аятул-курси» секілді мағыналық тұрғыдан артықшылығы бар. Өйткені онда Алла тағаланың ұлықтығы, үстемдігі және сипаттар туралы айтылған. Сондықтан да онда екі артықшылық қамтылған: 1. Зікірдің артықшылығы, 2. Айтылған нәрсенің артықщылығы. Кәпірлерді сипаттайтын аяттардың тек аяттығы жағынан артықшылығы бар. Мағыналық жағынан артықшылығы жоқ. Өйткені олар – дінсіздер. Осылайша Алла тағаланың есімдері мен сипаттарының барлығы артықшылық, ұлықтық тұрғысынан алғанда тең, араларында айырмашылық жоқ».
Негізінен бұл мәселе – өткір пікрталасқа себеп болатындай, ақиданың ең негізгі мәселесіне қатысты тақырып емес. Ғалымдар өз пікірлерін белгілі негіздерге сүйене отырып, баяндаған теориялық мәселелердің бірі саналады.