Жауап: Тәфсир сөзі «ф-с-р» түбірінен туындаған есім сөз. Араб тілінде «фасара» етістігінің мағынасы «баяндау, ашу, жабық бір нәрсені ашу» деген мағыналарды білдіреді. Ал осы түбірдің «тәфъил» формасынан туындаған «тәфсир» сөзінің мағынасы бір сөздің білдіретін негізгі мағынасын анықтау деген сөз. Басқаша айтсақ, негізгі сөзді түсінуге жеңілірек сөзбен айтып жеткізу. Ал бұл сөз терминологияда бірден түсінуге қиын соғатын сөздің астарындағы мағынаны табуға қолданылады. Мұсылман ғалымдары бұл сөзді көбіне Құран кәрімде аяттарының мағынасын дұрыс анықтау және ондағы бірден түсінуге қиын сөздердің астарындағы мағынаны баяндау мақсатында қолданғанмен, ғылыми мағынада тек қана Құранмен шектелмей, өзгі ғылым салаларында да қолданылған.
Ал «тәуил» сөзі – «ә-у-л» етістігінен туындаған есім сөз. «Әуәлә» етістігі, қайту, кері оралу деген мағынаны білдіреді. Рағыб әл-Исфахани «негізге қайта оралу» деп түсіндірген. «Тәуил» түсіндіру, баяндау деген мағыналарды да білдіреді. Ал термин ретінде бір сөздің негізінде болған әр түрлі мағыналардың біріне қайту, яғни бір мағынасын таңдауды білдіреді. Демек, Құранды бір тұтастық шеңберінде қарастыра отырып, аятты ықтимал мағыналардың біріне негіздеу деген сөз.
Негізінен «тәфсир» мен «тәуил» сөздері түрлі кезеңдерде бір-бірінің орнына қолданыла келген. Тәфсир сөзі тәуилден бұрын қолданылған. Ислам ғылымдары әлі жүйеленіп, жазылмай тұрған кезде бұл сөз көбіне тәфсір және хадис ғыламдарында қолданылған. Тәуил сөзі Құрандағы ой-пікірлерді қорғау кезеңінен бастап қолданыла бастаған. Кейбір ғалымдар бұл екеуінің мағынасы бір дегенімен, көпшілік ғалымдар тәфсір сөзінің тәуилден кең ауқымды екенін білдірген.
Осы мәселеге қатысты түркі жұртшылығынан шыққан, сунниттік ислам теологиясының негізін қалаған, Орта Азия мұсылмандарының дәстүрлі ислам түсінігің қалыптасуына себеп болған Имам Матуридидің тәуил теориясн айтпай кетпеуге болмайды. Оның «Тәуиләтул-Қуръан» атты еңбегі тәпсір саласында өте құнды шығарма болып табылады. Ол осы кітабында тәфсир мен тәуил сөздерінің айырмашылығына тоқталған. Оның пікірінше «тәфсир» Алла тағаланың (Құрандағы) мақсатының не екендігіне қатысты кесімді түрде пікір білдіру болса, «тәуил» Жаратқанның мақсатының не екенін кесімді, нық түрде мынау деп айтпай ықтимал болған мағыналардың біреуіне негіздеу болып табылады. Ол тәпсірді сахабаларға тән деген. Өйткені олар аяттардың түсу себебін білетін. Ал тәуилді одан кейін келген дінді терең білген кісілерге тән деп пікір білдірген. Сондықтан кейін келген ғалымдар «Алланың мақсаты» мынау деп кесіп айтпай, негізінен сол сөздің ықтимал мағыналарының бірі меңзелгендігін білдіру. Тәпсір бір үкімді ғана білдірсе, тәуил әр түрлі мағыналарды түсінуге жол ашқан рационалды ойлау тәсілі. Сондықтан да Имам Матуриди кітабын тәпсір демей, тәуил деп атаған. Түрік ғалымы С. Кутлу оның бұл теориясын Имам Әбу Ханифаның Құранды түсіну ұстанымынан алғандығын атап көрсетеді.
Тәпсірлер негізінен риуаят және дираят деп екіге бөлінген. Риуаят тәпсірі ақыл-ойға емес Пайғамбарымыздан, сахабалардан келіп жеткен риуаяттарға негізделсе, ал дираят тәпсірінде риуаятпен ғана шектелмей араб тілінің тілдік қағидаларын, сөз өнері тәсілдерін, қисындық ойлауды негізге алған, ақыл-ойды қолдануға ерекше мән берілген. Құран аяттарын сүрелердің реттілігіне қарай риуаят жолымен тәпсірлеп, риуаят тәпсірінің негізін қалаған имам Табари (923 жылы қайтыс болған) болса, тәуилге негізделген дираят тәпсірінің негізін қалаған – Орта Азиялық ғұлама, Имам матуриди. Оның бұл тәсілі әйгілі тәпсірші Замахшари мен ар-Разиге де әсер еткен. Негізінен замахшари сенімдік тұрғыдан мұғтазилит болғанымен, оның тәпсірінің құндылығын ғалымдардың барлығы да мойындаған. Осы Замахшаридың да түбі түркі ұлтынан екендігі айтылады.
Түркі жұртының мақтанышы саналған тәпсір ғалымдарының бірі Әбусууд Ефендинің (1491 ж.) де «Иршаду әхлис-сәлим илә мәзәйәл Китбил-кәрим» атты тіпсірі бар. Оның тәпсірі де дираят түрінде жазылылып, ислам әлемінде әйгілі болған. Соңғы ғасырдағы Хамди Язырдың да Құран тәпсірінің ерекше екенін атап өту керек.
Орта Азиялық ханафи фиқһ ғалымы Әбу Ләйс ас-Самарқандидың да тәпсірі маңызды тәпсірлердің бірі. Сонымен қатар әйгілі Имам Бұхаридің де тәпсір кітабы бар. Бірақ оның тәпсіршілігі хадистегі атақ-дақының көлеңкесінде қалып қойған. Сонымен қатар, Шейх Алауиддин әс-Самарқандидің (ц. 928/1522) «Бахруль-улум» атты тіпсірі бар. Оның тәпсірі һәм риуаят һәм дираят түрінде жазылған. Еңбегінде тасаууф ғалымдарының да аяттарды түсіндірулерін келтіріп отырған.
Әбу Хафс Омар ән-Насафи тәпсірші әрі кәлім ғылымының білгірі. Оның «Тәйсир» атты кітабы бар. Түркі жұртынан шыққан тағы бір тәпсірші Хафизуддин Әбулбаракат б. Ахмет ибн Мухаммед ән-Насафи. Оның тәпсірге қатысты «Мәдәрикут-танзил» атты еңбегі бар. Оның тәпсірі де дираят тәпсірінің қатарына жатады. Оның тәпсірінде тасаууфтың лебі басым келеді. Тәпсірінде ханафи-матуриди ұстанымдары ашық көрінеді. Тәпсірі қысқа-нұсқа болғандықттан ғасырлар бойы медреселерде оқытылған.
Түркілер ислам дінін қабылдағаннан бастап қазіргі кезеңге дейін ақидада матуриди, ал фиқһта ханафи мәзһабын ұстанып келеді. Негізінен осы ұстанымды тәфсіршілердің еңбектерінен де байқауға болады. Сондықтан түркілердің ислам түсінігін ханафи-матуриди ұстанымдарынан іздеу керек. Ислам күллі адамзатқа ортақ құндылықтар жүйесі ұсынғандықтан ислам дінін қабылдаған арабтардан өзге парсы және түркі жұртшылығы да өзіндік үлестерін қосып, ислам ғылым-білімін дамытты.
Жалпы ислам діні иман-ислам-ихсан тұғырларына негізделеді. Ислам дінін ерте кезеңдерде қабылдап, ислам өркениетінің әлемге таралуына елеулі үлес қосқан түркілер ақидада негізін Имам Ағзам салып кеткен, кейіннен Имам Матриди, жүйелеп дамытқан матуриди, фиқһта ханафи мазһабын ұстанды. Ханафи-матуриди түсінігінің түркі халықтары арасында таралып, орныңуында Түркістандық Ахмет Яссауйдің рөлі де ерекше. Міне ислам дінінің осы үш тұғыры Әбу Ханифа-Матуриди-Яссауй ұстанымдары негізінде ел арасында таралды. Осы үш тағанға негізделген ғылыми дәстүр аясында өрбіген ғылыми жандану негізінде мауараннахр аймағында ислам ренесенсы жүзеге асты. Бұл ұстаным негізінде тек қана діни ғылымдар емес, Алланың шеберлігінің туындысы болып табылатын әлемді тануға себепкер жаратылыстану ғылымдары қасиетті саналып, тәлім етілді. Осының арқасында түрлі ғылым салалары қарыштай дамыды. Мұсылман ойшылдары ғылымдарды Алланың есімдері мен сипаттарының әлемдегі шағылысы деп қабылдап, зерттеді. Сондықтан Орта Азия мұсылмандары арасында таралған дәстүрлі ислам түсінігінің әуелі Құран және хадис негізіндегі нақылға, оны кең түсіну үшін Хақ тағала ерекше ілтипатқа бөлеп, сыйға тартқан ақылға және осы екеуін өмірлік ұстанымға айналдырып, мұсылман тұлғасын қалыптастыратын үлкен рухани тәрбие мектебі болып табылатын хал ілім – тасаууф негізінде қалыптасқандығын нақты айтуға болады. Сондықтан Түркі муфассирлері арасында кең тараған әдіс – тәуил әдісі.