Сіз айтқан аят «Рахман» сүресінің 17-аятында: «Екі шығыс пен Екі батыстың Раббысы (Жаратушысы Иесі)» деп келеді. Сонымен қатар «Мағариж» сүресінің 40-аятында: «Жо-жоқ. Алланың қойған жүйесі олар ойлағандай емес. Шығыстар мен батыстардың Раббысына ант етемін, олардың орнына олардан да артық адамдарды әкелуге шамамыз жетеді. Бізден қашып құтылатын, шамамыз жетпейтін ешбір нәрсе жоқ», – делінген. Осы аятта «шығыстардың» және «батыстардың Жаратушы Иесі» деген тіркестер де келеді.
Бұл аяттар екі шығыс пен батыс және батыстар мен шығыстар бар екендігін аңғартуда. Мысалы, жазда күннің шығу-бату нүктесі мен қыс мезгіліндегі күннің шығу-бату нүктелері әр түрлі болып келеді. Жаздағы ең ұзақ күндерде күн ең ұзақ батыс нүктесіне батып, ең ұзақ шығыс нүктесінен шығады. Қыстың ең қысқа күндерінде ең жақын нүктеден туып, ең жақын нүктеден батады. Демек, Күн әр күні әр түрлі нүктеден туып, әр түрлі нүктеден батады. Ең ұзақ шығыс пен ең ұзақ батыс арасында әр түрлі шығу-бату нүктелері орын алады. Осының нәтижесінде екі мезгілдегі ең ұзақ екі шығыс пен ең ұзақ екі батыс арасында көптеген шығыстар мен батыстар орын алып жатады. Сонымен қатар бұл аяттар жер шарының екі жартысын меңзеген болуы да мүмкін. Өйткені, жер шарының бір бөлігінде күндіз болса, екінші жартысында түн уақтысы болады. Бұның барлығы Жаратқан иеміздің бізге жер шарының дөңгелек екендігін сол кездің өзінде-ақ ашық-айқын баяндап бергенін көрсетеді. Осы аяттар арқылы Хақа тағала қандай шығыс пен қандай батыс болса да барлығының Өз мүлкінде екендігін, Оның құдыреті күллі әлемді қамтып, одан тыс қалған еш нәрсенің жоқ екенін тайға таңба басқандай түсіндіріп тұр.