Алғашқы сөзді «Құран араб тіліне де аударылмайды» деген түсінікті дұрыстаудан бастасақ. Құран Кәрім – Алла Тағала тарапынан араб ұлтынан шыққан Пайғамбарымызға (с.а.у.) араб тілінде түсірілген аяндар. Сондықтан оның өзі аян болған тілге аударылу-аударылмауы жөнінде сөз етудің қисыны жоқ. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Арабты үш себеппен жақсы көріңдер: Мен – арабпын, Құран араб тілінде түсті және жәннат жұртының тілі де арабша» деген хадисі осыны айғақтайды.
Ал Құранды басқа тілдерге аудару мәселесіне келсек, бірнеше ерекшеліктерді назарға алған жөн. Кез келген туынды еңбектің өзін басқа тілге аударғанда сөзбе-сөз аударған жағдайда мағынасын толық беру мүмкін болып табылмайды. Ал Құран Кәрім секілді аяндар мәтінінің кемел мазмұнын сөзбе-сөз жеткізу тіпті мүмкін емес. Бірақ Құранды үйрену барлық мұсылмандар үшін парыз. Олардың арасында араб емес ұлттардың үлес салмағы басым. Ал араб тілін үйреніп, Құранды түпнұсқадан оқуға барлық адамның мүмкіндігі жете бермейді. Сондықтан ғасырлар бойы Құранның мағыналық аудармалары жасалып келе жатыр және бұған еш жерде тыйым салынбаған.
Әрине, мағыналық аударма да түпнұсқаның толық мағынасын береді деу қиын, оның үстіне аударма барысында араб тіліне тән әуезділік те жоғалады. Дей тұрсақ та, Құранның мағынасын түсіндірудің аударма мен тәпсірден өзге жолы жоқ екені де мәлім.
Құран аудармасы – Құранның өзі болып саналмайды, сондықтан ғибадат барысында – намазда, қажылықта, Құран бағыштауда Құранның аудармасы қолданылмайды. «Құранды аударуға болмайды» деген жаңсақ түсінік осы ғибадат рәсімдерінде Құран мәтінінің арабша түпнұсқасында оқылатындығын дұрыс түсінбеуден қалыптасқан болса керек.
Хижраның 127 жылынан бастап Құран бербер, парсы, үнді, түрік, латын тілдеріне аударыла бастаған, дамыған орта ғасырларда француз, ағылшын, неміс тілдеріне тәржімаланды. Жаңа тарих кезеңінде (соңғы үш ғасырда) Құран аудармалары қазақ, орыс, урду, малай, бенгал, жапон, т.б. тілдерде жарық көрген. Құран аудармашыларының бірі, исламтанушы ғалым Халифа Алтай Түркияда жарық көрген «Құран Кәрім аудармаларының дүниежүзілік библиографиясы» атты еңбекте «1515-1980 жылдар аралығында Құран 60 тілге 2668 рет аударылған» деген дерек келтірілгенін жазады.
Қазақ тіліндегі тәржімаларға келсек, оның ғылымға мәлім тарихы 1912 жылғы Мұса Бегейұлының қолжазба аудармасынан басталады. Бірақ бұл аударма жарық көріп үлгермеген, ол туралы тек мәлімет сақталған. Шығыс Түркістандық қандасымыз Ақыт Үлімжіұлы жасаған екінші Құран аудармасы 1939 жылдары қытай отарлаушылары тарапынан жойылып кеткен. 1960-70 жылдар аралығында жерлес ғұламамыз Сәдуақас Ғылмани Құранның алғашқы үш тарауын қазақшаға аударған, ол әзірге ғалым отбасының мұрағатында сақтаулы.
1988 жылы отандық авторлар Н.Өсерұлы мен Ж.Истаев Құранды қазақшаға аударуды аяқтаған, дегенмен бұл аудармалар 1993 жылдары кешеңдеу жарияланды. 1989 жылы араб графикасымен жазылған Құранның қазақ тіліндегі аудармасы Түркияда Халифа Алтай тарапынан жарық көрді. 1990 жылы осындай араб графикасымен жазылған Құранның қазақша кезекті аудармасы Пекинде Ғазез Ақытұлы мен Мақаш Ақытұлының дайындауымен баспадан шықты. 1991 жылы Халифа Алтай жасаған қазақ тіліндегі аударма кирилл әріптерімен Сауд Арабиясында көптеп басылып, отандық оқырманның игілігіне айналды.
1991 жылы Р.Нысанбайұлы мен У.Қыдырхановтың Құран аудармасы жарияланса, 2006 жылы А.Смановтың, 2006-2010 жылдары З.Оразбайдың, 2012 жылы Сәуле қажы Бекенқызының, 2013 жылы А.Ахмет, С.Андарбайдың, сонымен қатар Е.Мұқатай, М.Шыңғыс қажының аудармалары жарық көрді. Аталғандардың ішінде З.Оразбайдың аудармасы мағыналық аударма мен тәпсірді қоса қамтыған.
Әр аударманың өз ерекшеліктері, жетістіктері мен кемшін тұстары болатыны табиғи жайт. Кей аудармалар әдеби тілге бейім болса, кейбірінің нақтылығы басым. Қалай болғанда да қазақ оқырманының Құран Кәрімнің мағынасымен танысып, ислам қайнарынан сусындауына аталған аудармалар үлкен септігін тигізіп отыр. Айта кету қажет, Е.Мұқатай, М.Шыңғыс қажы жасаған аударма Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан ең толымды аударма ретінде құпталып, қазір көптеп таратылуда.