«Расында, Құранды Біз түсірдік. Әрі шын мәнінде, оны Біз қорғаушымыз», – деп уәде берген (Хижр: 9).
Мұсылманның Құранға қатысты адалдығын мынадай бес жағдаймен көрсетуге болады:
1. Құранды оқу мен жаттап алу. Себебі Құран оқу білімнің көбеюіне, танымға ие болуға септігін тигізеді. Жанды тазалауға мүмкіндік туғызады, рухани кемелдікке жеткізеді және адам бойындағы тақуалықты арттырады. Құран оқығаны үшін адам өте үлкен сауап алады. Қиямет күнінде оған шапағат жасалу құқығына ие болады. Әбу Умамадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте:
«Алланың елшісінің (с.ғ.с.): «Құран оқыңдар! Расында ол қиямет күнінде өзінің достарына шапағатшы болып келеді», – деп айтқанын есіттім» – деген (Мүслим).
Құранды жаттау арқылы адамның жүрегі сәулеленеді, оны жаттап алған мұсылман бұл дүниеде ерекшеленіп, үлкен құрмет пен сыйға ие болады. Ал ақыретте қанша сүрені жатқа білгеніне қарай оның дәрежесі де жоғарылай береді. Бұған мына хадис дәлел болмақ:
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құранды жатқа білген кісіге: «Оқы және жоғарылай бер, жердегі өмірде барлық ережесіне сай қалай оқыған болсаң, солай оқып бара бер. Соңғы аятты оқыған жер сенің (жәннаттағы) орның болады» делінеді», – деген (Әбу Дәуіт және Термези).
2. Әсем дауыспен оқылған Құранды жүрек жақсы тыңдайды, ал оқылған нәрсе жанымызға терең әсер қалдырады. Алланың елшісі (с.ғ.с.):
«Құранды қирағатпен дауыстап оқымағандар бізден емес», – деп айтқан (Бұхари).
Сол сияқты біздерге мынадай да хабар бар:
Бір мәрте пайғамбар (с.ғ.с.) Ибн Масудке (р.а.):
– Маған Құран оқып берші – дейді.
– Ибн Масудке (р.а.):
–Уа, Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.)! Сізге түскен Құранды, сізге оқып берейім бе? – дейді. Алланың елшісі (с.ғ.с.):
–Рас, мен Құранды басқадан тыңдағанды жақсы көремін – деп жауап берген соң Абдулла ибн Масуд (р.а.) Құранды оқиды. Ол Құран оқып отырған уақытта пайғамбардың (с.ғ.с.) көздеріне жас келеді.
3. Құранды оқығанда оның мағынасы туралы ойланып, аяттарын түсінуге әрекет жасау. Алла Тағала:
«Қашан Құран оқылса, оған құлақ салып тыңдаңдар да сөйлемеңдер. Әрине мархаметке ие боласыңдар» (Ағраф: 204).
«Олар Құран туралы ойланбай (ды) ма?! Әлде жүректерінде құлыптары бар ма?!» – дейді (Мұхаммед: 24).
4. Құранды сақтап қалу жауапекршілігін мұсылмандардың келер ұрпағы өздеріне алу үшін оларға Құранды үйрету. Құранды оқып-үйрену және басқаларға үйрету біздерді даңқ пен бақытқа жеткізетін жол болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендерің», – деген (Бұхари).
5. Құранды түсінуге және оны іс жүзінде қолдануға ұмтылу. Себебі, тиісінше амалға аспаған түсінуден пайда жоқ. Тек қана үйрену, түсіну және амалға асыру арқылы ғана Құранның мазмұнын толық түсініп, оның бізге берер пайдасын ала аламыз. Алла Тағала:
«Ей, иман келтіргендер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар? Істемейтін істеріңді айтуларың Алланың алдында зор ашуға себеп болады», – деген.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
философ. ғ.к., дінтанушы