Әһлі сунна ғұламаларының көпшілігі Аллаға иман келтірген мүміннің мәңгілік тозақта қалмайтындығын айтады. Ислам тарихында «такфир» тақырыбын ең алғаш қоздырған Хауариж ағымының өкілдері үлкен күнә істеген адамды мүміндік санаттан шығарып, «кәпір» деген еді. Мутазалиттер болса, үлкен күнә жасаған адамды мүмін емес, мұсылман (амалымен Алланың дінінде болып көріну) деп санады. Сондай-ақ, үлкен күнә жасаған мұсылман тәубе етпеген болса, мәңгілік тозақта қалады. Бірақ, бұндай кісі кәпірлерге қарағанда, тартар азабы жеңілдеу болады деп білді. Бұдан аңғаратынымыз, Хауариждер мен Мутазалиттер амал етуді иманның бір бөлшегі деп ұққан. Ал, Әшғари мен Матуруди өкілдері амалды иманмен тұтас деп қарастырмайды. Осы себептен де, олар үлкен күнә жасаған мұсылманды діннен шықты деп айтпайды. Күнә істі жасаған адам тек есепке тартылып, жазаланады. Бәлкім Алланың рахымымен кешіріліп, жазаланбауы да мүмкін деген көзқараста болды. Алла-Тағала Құран-Кәрімде күнә әрекет үшін тек соған сай жазаның берілетіндігін ғана баяндаған. Бұл хақында: «Кім бір жақсылық жасаса, оған он есе қарымтасы беріледі. Және біреу жамандық істесе, соған сай ғана жаза беріледі де олар зұлымдыққа ұшырамайды» (Әнғам, 6/160), — деп бұйырады. Алланы терістемеген, Оған серік қоспаған адамның жасаған күнәсі үшін ақыреттегі тартар жазасының Аллаға серік қосушылардың көретін жазасынан жеңіл болатындығы шүбәсіз. Нағында, Алла-Тағала мәңгілік азапты кәпірлер үшін даярлаған. Егер, Алла өзіне сенген адамның үлкен күнәсі үшін кәпірлерге берілетін жазаны берген болса, онда ол кісінің көрген жазасы жасаған күнәсінен басым болып шығады. Бұлай болса, Алланың әділеттілігіне нұқсан келмек. Ал, Алла әділетсіздік пен зұлымдық жасаудан мүлде пәк. Демек, Хауариждер мен Мутазалиттердің үлкен күнә жасаған мүмін болса да, тозақта мәңгілік азап шегеді деген пікірі, асыра сілтеушілік саналады. Әсілі, адам Хақтың барлығы мен бірлігіне куә келтіріп, үлкен күнә жасамаған болса, мына беу дүниенің сынағынан сүрінбей өтті саналады. Себебі, ол адам мына жарық дүниенің жұмбақ сырын ұғынып, Хақтың бір екенін таныса, күпірліктен жаны таза болады. Демек, Алланың зұлымдық жасамайтындығын ескерсек, Хаққа иман келтірген күнәһар адамды мәңгілік тозақтық дей алмаймыз. Имам Матуриди: «Күнәһар мұсылмандардың ақыреттегі жағдайын Аллаға қалдырғанымыз жөн. Егер, Алла қаласа рахым етіп, күнәһар пендесін кешіреді. Қаласа күнәсіне қарай азап шектіртеді. Бірақ, өзіне иман келтірген адамды мәңгілік тозақта азаптамасы анық. Осылай ойлағанда адам «үміт» пен «үрейдің» арасында күн кешеді. Себебі, Алла кішкентай бір күнә үшін рахым етпеуі де мүмкін. Қаласа үкен күнә жасаған пендесін кешіруі де мүмкін. Алла Тағала Құран-Кәрімде: «Алла өзіне ортақ қосқанды жарылқамайды да, бұдан өзге күнә жасаушыларды кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, расында, үлкен күнә жасаған болады» (Ниса, 4/48), — деп бұйырады. Яғни, Ұлы Жаратушы серік қосушыларды ғана кешірмейтінін айтқан», дейді.