– Біздің бойымыздағы өлең деген тұманның көзін ашқан қазақтың эпостық жырлары мен халықтың сұлу әндері. Бұл ғажап туындылар біздің рухымызды көтеріп, жанымызды ізгілендірген еді. Халық фольклорымен біз өте ерте, бала күнімізде таныстық. Ол уақытта біз өлең жазуды ойлаған жоқпыз. Бірақ біздің ішімізге көркем сөздің сәулесі сол кезде түскен еді. Мектепте, медколледжде оқып жүрген кезімде баспасөз беттерінде жарияланған балаң жырларымда ешқандай еліктеу жоқ еді. Ол кезде мен тым жас едім. Бірақ үйрену, үйлестіру – өнер адамы үшін ғұмырлық міндет. Алматыда Қазақ Университеті жанындағы Мұхтар Әуезов атындағы әдеби бірлестікте жас ақындар жарыса өлең оқитынбыз. Жоғары оқу орындарында жиі өтіп жататын поэзия кештерінен қалмайтынбыз. Одан кейін әлем әдебиетінің кәусарынан сусындай білдік. Арқамызды тауға сүйегендей болдық. Қазір де жақсы поэзия болса, қалт жібермеймін. Осының бәрі бір ізбен кетпей, жан жақты өсіп өз өрнегімді табуыма жол ашты. Менің жырларым – менің «рухыммен өріп шыққан мұнарам» дейтінім сондықтан.
– «Ізгілік» атты өлеңіңізде көптеген адамдармен пікірлес, дәмдес сырлас болғаныңызды «үлкен олжаңызға» жатқызып едіңіз. Жақсы адамдармен жиі араластыңыз. Мұндай араластықтың жауапкершілігі де оңай болмайтын шығар.
– Өте дұрыс айтасың. Ізгі жандармен достасу үшін адамгершілік, рухани деңгейің сай келу керек. Шынын айтсақ көп адамдар жан байлығына емес, дәулетіне, қызметіне қарап өзіне дүниесімен тең келетіндермен ғана араласады. Дегенмен ішкі мәдениетің мен парасатыңды, өзіңді, өнеріңді бағалайтын жандар да бар.
Менің рухани әлемімде керемет із қалдырған аналар көп кездесті. Олжас Сүлейменовтің анасы Фатима, Әлібек Дінішевтің анасы Кәмила, Асқар Сүлейменовтың анасы Қымбат, суретші Ерболат Төлепбайдың анасы Ұлдар апайлардың көптеген асыл қасиеттеріне куә болдым. Баталарын алдым. Өзім де табиғатты жақcы көргенім сияқты, адамдарды жақсы көріп тұрамын. Адамдардың да маған деген ыстық ықыласы, пейілі таза көңілімнің жауабы шығар деп ойлаймын. Нәзира Байырбектің кітабында өмір жолымдағы осындай ізгі иірімдер көрініс тапқан.
– Көзінің алмасы, көкірегінің дүрбісі бар ақын көрместі көріп, сезбесті сезіп қояды емес пе? Сізді не толғандырады?
– Сұрағыңа қысқаша ғана жауап берейін. Мен адамзаттың жағдайына алаңдаймын. Адамзатты жағдайы деген – мына өзіміздің, ұрпағымыздың мәселесі ғой. Адамның адамгершілік, мейірімділік, бір-біріне деген жаны ашушылық сезімдері азайып барады. Телеарналардан жүрекке, санаға ауыр әсер ететін дүниелер көп беріледі. Құлақ естіп көз көрмеген нәрселер баяндалады. Кешкілік басымызды қосып, арналарды ақтарғанда алдымыздағы асымыз бойымызға батпай қалады. Жантүршігерлік көріністерге жас балалардың бойы үйреніп кетеді ме деп қорғамын. Адамның бойындағы тереңде жатқан өшпенділік сезімдерді емес, ізгі қасиеттерді оятатын дүниелерді жиі насихаттау ләзім.
Жер бетінде мәңгілік ештеме жоқ. Небір алпауыт елдердің өзінің қаржылық дағдарысқа ұшырап отырғанын көріп отырмыз. Ол әлемдік жаңа қиындықтарды тудыруы мүмкін. Энергия көздерінен бөлінген улы қалдықтардың зияны орасан болып отыр. Жан-жануарлардың кейбір түрлері жойылып барады. Бір жерде орман өртеніп, бір жерде құстар топ-тобымен өліп жатыр. Мұхиттарға тонналап төгілген мұнайдың зардабы өз алдына. Су тасқыны, құйын, дауыл, түрлі сынақтардың нәтижесінде ұлы жаратылыстың ырғағы мен тәртібі бұзылып жатыр. Осы оқиғаларға адамның кінәсі жоқ деп айта аламыз ба?
– Мұқағали ақын «поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» дейді. Сіздің де алғашқы жыр-жинақтарыңыздан тұнып тұрған лириканың дәмін татсақ, соңғы кездері Жаратушыға, ұлтқа, Отанға деген махаббатыңызды сезініп жүрміз…
– Қазақ – басынан көп қасірет шеккен халық. Әр дәуірдің халыққа жұбаныш бола білген тұлғалары, пана бола білетін батырлары, ақыл қоса білетін шешендері мен билері, ұлттың рухын көтеріп жақсыға баули білетін ақын-жазушылары болған. Біз қазақ елінің тәуелсіздік алғанын көзімізбен көрдік. Екі мың жылдықтың тоғысында азат елде өмір сүріп жатырмыз. Енді бабаларымыз армандап кеткен осы бақытты кезеңді қастерлеу, оны көздің қарашығындай күтіп сақтау халықтың таңдаулы перзенттеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол қатардан табылу әр қаламгердің арманы емес пе?
Қазір қазақ поэзиясының жаңа бір жақсы кезеңі деп ойлаймын. Ақындардың өлеңдерінде Алланы тану, ұлтты сүю, Отанды сүю, жалпы адамгершілік тақырыптары жиі көтеріліп келеді. Талантты ақын Өтеген Оралбаевтың «Қағбаның қарлығаштары» деген жыр жинағы мені қатты қызықтырды. Адами, имнаи нұрлы жырлар жазып жүрген жас ақындар Саят Қамшыге, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Төреғали Тәшенов, Айнұр Әбдірәсілқызы, Қалқаман Сарин, Серік Қалиев, Алмас Темірбай, Серікбол Хасан сияқты қыз-жігіттердің есімдерін атай кеткім келеді.
– Апай, екі өнер адамының бір шаңырақ астында өмір сүруінің артықшылығы неде? Қазір ондай жұптар көбейген сияқты, сөз өнерінде, ән әлемінде болсын.
– Үй болып, ұрпақ өрбіту – ата-бабамыздың, Адам Ата, Хауа анамыздың жолы. Абай атамыз «Сорлы асық сарғайса да, сағынса да, жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да, шыдайды риза болып жар ісіне, қорлық пен мазағына табынса да» демей ме?! Сүйіп қосылған жандар бір-бірін аялай білуі керек. Бұған өнер адамының ақыл парасаты жетеді деп ойлаймын. Жалпы отбасылық өмірде ермен әйел босағаның екі тірегі.
Анығы – ері, әйелі,
Әлемдік өсіп-өнудің ұйытқы, мәйегі,
Отбасы деген – Мәңгілік күпті көңілдің
Титтей тиянақ, дәйегі.
Қосылдық.
Қосты – дұрысы.
Жұбайды жұптау –
Жаратушының жұмысы.
Түңлігі бірдің түсінісуі –
Ғұмырлық үйлесімдердің ұлысы!
– Гендерлік саясатқа қалай қарайсыз? Осы арқылы «Раушан коммунистеріміз» қайта пайда болып жүрмей ме?
– Шынымды айтсам, гендерлік саясатты түсіне бермеймін. Тек қана білетінім – әйелдің орны әу баста белгіленіп қойған. Бір кездері. Кеңес өкіметінде де әйел мен ерді теңестіреміз деген саясат болған. Мен сонда:
О, арулар, талдап шаш тарағандар,
Жігіттерге биіктен қарамаңдар!
Өмір ұлы көш болса, баяғыдан
Көшті бастап келеді ер адамдар,-
деп жазғаным бар еді. Ер адамдар елін, отбасын қорғауы керек. Ал әйел адам өзінің нәзіктігімен, ісмерлігімен, бөпелерін тәрбиелеуімен, әйелге тән мейірімен әйел болып қалуы керек. Білікті, қайратты әйелдердің билікке араласып, қоғамдық қызметте болуына қарсы емеспін. Бірақ нәзік жандылардың бәрі бірдей белсенді боп кетсе, қазанға кім қарайды, баланы кім туады?! Бұл мәселені аса білгірлікпен әрі ұлттың тарихи, табиғи ерекшеліктері мен еркін ескере отырып, жүйелі түрде үйлестіруді асықпай-аптықпай жетілдіре түсер деген сенімдемін.
– Күнделікті өмірде қандай жағдайларда көзіңізге жас аласыз?
– Тағы да Абайға сүйенейін: «Көзіме жас бер, жылайын» дейді жарықтық. Адам үлкейгенде көзінің жасы таусылатын сияқты. Ақын болған соң көңілің босайтын кездер көп болады. Менің де көзімнен осы күні көп жас шыға бермейді. Шетелдерде еліміздің туы көкке көтеріліп, Әнұранымыз айтылып жатса, қуаныштан толқитыным бар. Жақында ғана телеарнада берілген бір концерттен Отанбек деген бір баланың шырқаған әні көңілімді босатты. Атына қарап ақ оның шетелде, Отанына қайтуды армандаған отбасында туылғанын бағамдаған едім. Ата-ананың баласына тілегі қабыл болады дейді. Міне, сол Отанбек Қытай елінен атамекеніне оралып, «Сардала» әнін айтып тұр екен. Оның аса әдемі дауысында шексіз сағыныш, қазақ еліне деген ыстық махаббат бар еді. Соны сезіндім. Көз жасым еріксіз мөлтілдеді.
Қазақтың сайын даласында келе жатқанымда небір таңғажайып сұлу жерлерді көргенде де, жаным елжіреп, жанарыма жас үйірілетінін жасыра алмаймын.
– Ендеше, өзіңіздің бір шумақ өлеңіңізбен әңгімемізді түйіндейік.
– Сен қазақсың!
Қазынасы – нәсіп, құт!
Қазақ болу – ғаламатқа ғашықтық.
Жерің, суың, тауың сұлу соншалық,
Көрген көзден кететінде жас ытқып!
– Әңгімеңізге рахмет, апай!
Сұхбаттасқан Гүлжан РАХМАН