Ислам дінінде мұсылмандарға істерін ақылдасып шешуге өсиет етілген. Бұл жайында Құранда: «Олар жұмыстарын өзара кеңесе отырып істейді», деген. (Шура сүресі, 38-аят)
Отбасына қатысты мәселелерде де отағасының әйелімен кеңесуі Пайғамбар сүннеті болып табылады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Қыздарыңды тұрмысқа беру мәселесінде әйелдеріңмен ақылдасыңдар», деп айтқан. Яғни отбасы мүшелеріне қатысты мәселелерде отағасының жұбайымен ақылдасуы қажет. Қазақ халқында да осы дәстүр жақсы қалыптасқан. Отбасына қатысты мәселеге келгенде ер азаматтар үнемі «қабырғаммен кеңесейін» деп, алдымен әйелімен ақылдасу қажет екенін меңзеп отырған. Сол секілді қонақ шақыру мәселесі де отағасы мен жұбайына бірдей қатысты мәселе. Себебі оған екеуі де уақыт бөлуі қажет. Сондықтан бұл мәселеде де ақылдасып шешкені отбасындағы ұйытқы үшін маңызды. Дегенмен қонақ шақыруды ауырсынып, әр нәрсені сылтауратып әйелі де қонақ шақырудан қашпағаны дұрыс. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Қонақ өз ризығымен келеді және үй иесінің күнәсінің кешірілуіне себеп болып қайтады», деген. Ер кісілер көбіне қонақ жақсы күтіліп, риза қылып шығарылып салып жатса абыройы көтеріліп, мерейленіп қалады. Дегенмен бұл істе күйеуі де әйелімен ақылдасып барып қонақ шақырғаны дұрыс. Яғни, отбасындағы кез-келген істі ерлі-зайыпты бірге ойластырып, бір-бірімен кеңесіп, шешіп отырғаны жөн.