Йога ілімінің үнділік өркениеттен бастау алатыны, сондықтан индуизм, буддизм діндерімен байланысы бар екені белгілі. Дегенмен, соңғы зерттеулер нәтижесінде йоганың аталған діндерде әлдеқайда ертеректе қарапайым дене жаттығулары түрінде пайда болғаны дәлелденіп отыр. Яғни, йога қандай да бір діннің аясында пайда болған жоқ, керісінше йога ілімі дамыған аймақта пайда болған діндер йоганы өз танымы мен тәжірибесінің бір бөлігі ретінде табиғи түрде еншілеп, ары қарай дамытты деуге негіз бар.
Тарихқа аздап көз жүгіртсек, біздің дәуірімізге дейінгі 3300-1700 жылдар аралығында өмір сүрген ежелгі Үнді өркениеті тұсында тасқа таңбаланған йога тәріздес жаттығулармен айналысушы адамдардың 16 суреті табылған екен. Ал «йога» атауының өзі алғаш рет ежелгі үнді әдеби ескерткіші «Ригведада» кездескен.
Ежелгі үнді сенімі – Веда дінінің негізгі еңбектері мен оларға біздің дәуірімізге дейінгі X–VI ғасырлар аралығында жазылған түсіндірмелерде «йога» ұғымы мен оның түрлеріне, ерекшеліктеріне қатысты мәліметтер жиі кездеседі. Осыған орай, зерттеушілер йоганы бертінгі веда дінінде аскеттік тәжірибе ретінде қолданылған деп санайды.
Б.д.д. ІІ ғасырда өмір сүрген үнділік автор Патанджалидің «Йога-сутра» атты еңбегінде йога ілімі алғаш рет жан-жақты жүйеленіп, философиялық тұрғыдан негізделіп берілген. Патанджали йоганы «ақыл-ойды ауыздықтаушы ілім» ретінде таныды. Осы кезеңнен бастап йога үнді философиясының жеке бір мектебі ретінде санала бастады.
Йога ілімі буддизм дініне де елеулі әсер етті. Буддизмдегі «махаяна» мектебінің тәжірибесінде, әсіресе соңғы «нұрлану» сатысына көтерілу мақсатындағы рухани-тәндік жаттығуларда йога белсенді түрде қолданылды.
Сан ғасырлық даму барысында йоганың көптеген түрлері, сатылары, жаттығулары қалыптасты. Тұтастай алғанда қазір йоганы екі үлкен сатыға бөліп қарау қалыптасқан. Біріншісі – хатха-йога, ол негізінен денені шынықтыру мақсатындағы тәндік жаттығуларды, ақыл-ойды зиянды нәрселерден арылтуды, дұрыс тыныс алуды қамтиды. Екіншісі – раджа-йога, ол негізінен сезім мен ақыл-ойды игеріп, тиісті арнаға бағыттауды, назарды шоғырландыруды, сананы тазартып, нәпсілік тілектерді ауыздықтау арқылы жан мен тәннің үйлесіміне қол жеткізуді, рухани биік деңгейге көтерілуді мақсат етеді.
Қазіргі йога үйірмелері негізінен дене жаттығуларын үйрететін хатха-йогамен айналысуға бағытталған. Оның дін іліміне, сенім негіздеріне қатыстылығы жоқ.
Ал раджа-йога рухани тұрғыдан жетілуді көбірек көздейтіндіктен оның құрамдас бөлігі ретінде мантралар (дұғалар) қамтылуы мүмкін. Бұл жағдайда жаттығуға белгілі бір дәрежеде сенімдік негіздер араласады.
Осындай ерекшеліктерді ескергендіктен, 2008 жылы Малайзиядағы ислам дінбасылары тарапынан йогаға қатысты пәтуа шығарылып, йогамен дене жаттығулары ретінде айналысуға болатыны, бірақ мантра-йога секілді дұғалармен байланысты түрлерімен айналысуға болмайтыны айтылған.
Елімізде йога жайындағы кітаптар тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап айналымға ене бастады. Өз тәжірибеммен бөлісер болсам, менің қолыма қателеспесем, 1991-93 жылдар аралығында қазақ тілінде басылған «Хатха-йога – өмір сүру өнері» атты кітап түсті. Кітапта 40 түрлі асана (дене жаттығулары) беріліп, орындау реті көрсетілген. Бұл еңбекте діни сенімге қатысты ешбір мәлімет берілмеген болатын.
Бір ерекшелігі, хатха-йогадағы бірқатар жаттығулар қазақтың күнделікті өмірінде табиғи түрде қолданатын отырыс түрлері болып шықты. Соның ішінде біздегі ер азаматтардың малдас құрып отыруы мен қыздардың аяғын жинап отыруының өзі хатха-йогада жеке асаналар болып саналады екен.
Хатха-йога жаттығуларының басым бөлігі аяқ-қол сіңірлерін созу, жаттықтыру арқылы денені төзімділікке үйретеді және серпімділікке баулиды. Ешбір жаттықтырушысыз кітап арқылы бірер жыл тұрақты түрде айналысқанымда оның айқын әсерін өз басым толық сезіндім. Бірақ хатха-йоганы тамақтанудан кемінде бір сағат кейін, ұйқыдан екі сағат бұрын орындау қажет болатын, осындай қарапайым шарттарға менің жұмыс кестем сәйкес келмегендіктен бірте-бірте бұл жаттығуларды орындауға мүмкіндік табылмай, қалып қойды.
Сөз түйіні ретінде айтарымыз, егер сіз барып жүрген йога үйірмелерінде өзіңіз айтқандай тек дене жаттығулары үйретіліп жүрген болса, одан шошынудың жөні жоқ. Ал мұндай жаттығуларға қандай да бір сенімге қатысты уағыз-насихат араласа бастағанын байқасаңыз, оған қатысудан бас тартып қана қоймай, тиісті орындарға («Қауырт желі-114», Астана қаласы Дін істері басқармасы, учаскелік полиция, т.б. ) хабарласқаныңыз жөн.
Өйткені мұндай әрекеттердің барлығы рұқсат етілмеген орында басқа қызмет атауын бүркемеленіп жүргізілген заңсыз миссионерлік әрекет болып табылады. Өкінішке қарай, елімізде білім беру курстары, әртүрлі үйірмелер сипатында қызмет атқарып жүріп, халықтың сеніміне кіргеннен кейін бірте-бірте жат діни ағымдар насихатын жүргізе бастайтын жеке және заңды тұлғалардың да кездесетіні жасырын емес.