«Жамиғат-ат тауарих» және «Зикзал» кітаптары таныстырылды

    383

    Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған «Жамиғат-ат тауарих» және «Зикзал» кітаптарының тұсаукесері өтті.

    Басылымның тұсаукесеріне «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғамдық қайраткерлер, ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

    «Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінің алғаш рет қазақ тіліне аударылуы, шын мәнінде, тарихи оқиға. Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» кітабының да ана тілімізге тәржімалануы рухани өміріміздегі елеулі сәттердің бірі екені сөзсіз. Орта ғасырларда жазылған «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегі Ұлы даламыздың тарихы, Шыңғыс ханның өмірі мен шежіресі, Қазақстан мен Орта Азия жерінде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тегі, дамуы, мемлекеттігіміздің қалыптасуы жайында нақты деректерді қамтитын терең, ғылыми тұрғыда маңызы зор туынды. Әлемнің біраз тілдеріне аударылған еңбектің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен тікелей парсы тілінен ана тілімізге аударылуы біз үшін үлкен жеңіс. Бұл оқулықтар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты жемісі және жеңісі. Сондықтан осы игі істің басы-қасында жүрген Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліге және басқа да азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Академияның ұлттық кодымызды сақтауға, дәріптеуге, руханиятымызды дамытуға бағытталған еңбектеріне сәттілік және табыс тілейміз», деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.

    5 томнан тұратын Рашид ад-Диннің «Жамиғат-ат тауарих» атты кітабы алғаш рет қазақ тіліне аударылып, танымал қазақстандық ғалымдардың пікірлерімен қамтылған. «Жамиғат-ат тауарих» – парсы тілінде жазылған ортағасырлық тарихи әдебиеттің аса маңызды ескерткіштерінің бірі. Бұл үлкен тарихи энциклопедия. Бұл «Жылнама жинағы» әртүрлі тайпалар мен халықтар туралы тарихи деректерді қамтиды, онда ертедегі Моңғолия, Шығыс Түркістан, Иран, Орталық Азия, күнгей Кавказ, Поволжье мемлекеттері мен халықтары туралы құнды тарихи мәліметтер бар. Бұл басылымдардың ең басты ерекшелігі – парсы тілінде жазылған түпнұсқадан  тікелей қазақ тіліне аударылған.

    Кітаптарды парсы, көне шағатай тілдерінен аударған араб, парсы тілінің білгір маманы Зәріпбай Жұманұлы: «Осындай маңызы зор кітапты аударуды Алла маңдайыма жазғанына шүкір деймін. «Зикзал» кітабы Қазан төңкерісінен кейін Қазан қаласында жарық көрген. Ерекше тәсілмен, асқан шеберлікпен жазылған. Ұқсасы да, теңдесі де жоқ қайталанбас туынды. Еңбек негізінде шағатай тілінде жазылған және араб, парсы тілдерін де кеңінен қолданылған. Кітаптың мәтінін аударып отырған кезімде қазақ руханиятының алып тұлғасы Мәшһүр Жүсіптің бұл еңбекке қатысты сипаттама айта келіп: «Жеті жұрттың қамын жеп, жеті ұлттың тілімен өрілген дүниеде не жоқ дейсің. Арабтың да, парсының да, түріктің де тілін ұғып, сөз маржанын тізген дүние» деп баға бергені бостан бос емес екеніне көзім жетті. Кітапқа адам өміріне қатысты барлық сала қамтылған. Және бұлардың қандай еңбектерден алынғаны жайлы деректер келтірген. Бұл еңбектегі шешімдері мен әдіс тәсілдері айтылған тақырыптар мен мәселелер қай дәуірде болса да өз құндылығын жоғалтпайды. Әсіресі қазіргі кездегі діни теріс ағымдар мен жалған әулие бақсы-құшыныштардың алдауына көніп, жетегіне еріп жүрген халыққа ес болады дегенге сенемін», деді.  Зәріпбай Жұманұлына зор еңбегі үшін Түркі академиясының күміс медалі табысталды.