Израиль билігі Сирия территориясына тиесілі Голан жазығынан арнайы жер учаскесіне елдімекен тұрғызып, АҚШ президенті Дональд Трамптың есімін бермек, деп хабарлайды Islam Today.

Ел премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың айтуынша, қазіргі уақытта қажетті жер учаскесі анықталған. Израиль халқы Ақүй басшысына осы аймақты Израиль жері деп мойындағаны үшін осылайша ризашылық танытуды көздейді. Алайда бұл шешімге әлемнің көп елі келіспей, жер Сирияға тиесілі деп санайтыны еленбей отыр.  Биньямин Нетаньяху жаңа елдімекенді құрумен министрлер кабинеті айналысатынын атап кетті.

Еске салсақ, Израиль Голан шыңын Сириядан 1967 жылғы соғыс кезінде тартып алған. Ал 1981 жылы өз территориясына қосып алған. Сирия және басқа да халықаралық қауымдастықтар бірнеше рет бұл әрекеттің заңсыз екенін мәлімдеген болатын.