Әхли сунна уал жамағат. Бұл термин ханафи, малики, шафиғи және ханбали мектептеріне қатысты қолданылады. Аталмыш төрт мәзһаб әхли сунна уал жамағатты құрайды.

Міне, бүгінгі таңда өздерін «сәләф» деп атайтын уахаби ағымы әхли сунна жолын меншіктеп алғысы келеді. Бұл ағым дәрет, намаз сияқты құлшылық үкімдерінен бастап неке және отбасы қатынастарына дейін қалыптасқан мәзһаб тәлімдеріне қарсы шығуда.

Жат ағымның мұндай әрекеттеріне жекелей жауап беріп, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Алайда, проблеманың салдарымен емес, себебімен күрескен тиімді екені белгілі.

«Сәләфи» ағымының басты мәселесі – дінді тану әдісінде. Нақтылап айтқанда, діни мәтінді, оның ішінде хадисті түсіндірудегі қателігі. Демек, ең маңызды мәселе – иснад.

Иснад – хадистің мәтінін, оны жеткізуші ғалымдар тізбегін және қолдануына қатысты мәселелерді зерттейтін сала. Бұхаридің үлкен ұстаздарының бірі имам Әли бин Мадини (р.а.): «Хадис мағынасын жетік білу – білімнің жартысы. Ал, хадисті жеткізуші ғалымдар жайлы толық білу – білімнің екінші жартысы», – деген.

Дін ілімін жеткізуші – ұстаздар тізбегі. Бұл уахаби ағымының ең осал тұсы. Біз, яғни ханафи және басқа да фиқһ мектептері хадисті ұстазымыздан, ол өз ұстазынан жеткізуде. Міне, осы тізбек үзілмей, ілім нұрының қайнар бұлағы – ардақты пайғамбарымызға (с.ғ.с.) дейін жетеді. Айта кететін жайт, діни мәтіндер хадис және фиқһ ұстаздарымызға кең түсіндірілген түрде жеткен. Жалаң мәтін түрінде емес.

Алдыңғы буын ғалымдар: «Иснад – діннен. Егер иснад болмаса, кім көрінген білгенін айтқан болар еді[1]», – деген. Бүгінгі таңда мәзһабтардың тәлімін иснад қорғап тұр. Жалпы, иснад мәселесіне имам Муслим еңбегінің кіріспесінде кеңірек ақпарат берілген.

Мәзһабтар жолына қарсы шығушы кез келген жат ағым өз ұстанымының дұрыстығын тек бір әдіспен ғана дәлелдей алады. Ол ілімдеріңнің негізін көрсету. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) дейін жеткізетін иснадын айтып беру.

Бұл мәселеде жат ағымдар не істеуде? Олар Бұхари мен Муслим хадис еңбегінің жалаң мәтінімен барлық шариғи мәселелердің шешімін табуды насихаттауда. Әрі бұл әдістері тұтастай ислам құндылықтарына залалы тиюде.

Олардың бұл әрекеті оныншы қабатқа баспалдақсыз бір секіріп шығуға ұмтылған адамның кейпіне ұқсайды. Алайда, мұндай биікке секіріп шықпақ болған адам құлап мертігетіні белгілі. Хадистің бастауына жетудің жалғыз дұрыс жолы бар. Ол жол – иснад, яғни ұстаздар тізбегі. Онсыз кез келген әрекет сәтсіз.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Алғашқы онлайн-медресе жұмысын бастады

Мәселен, жат ағымдағылар айтқандай, Бұхари және уахабилер жолы бір делік. Онда, өздерінен Бұхариге дейінгі ұстаздар тізбегін көрсетуі тиіс. Әрине, ол тізбекте олар «бидғатшылар» деп атаған матуриди, ашғари ғалымдары болмауы керек. Бұл талапты ешбірі орындай алмайды. Кез келген хадис тізбегі біздің ғалымдар арқылы жетеді. Соған қарамай, жат ағымдағылар біздің ғалымдарды «бидғатшылар» деп ашықтан-ашық жала жапқан.

Уахаби ағымында иснад жоқ. Демек, ешбір уахаби шариғи ілімде тізбекті матуриди немесе ашғари ғалымдардан айналып өте алмайды. Егер бұл ғалымдарды мойындамаса, онда ілімінің соңғы нүктесіне ешуақытта жете алмайды. Ал, мойындайтын болса, уахабилік идеологиясынан бас тартуы керек.

Бұл мәселенің үшінші жолы бар. Ол тізбекті бұрмалау жолы. Әрине, дінінің негізін бұрмалаған адам ғылыми аманатшылдығында сенімді жоғалтады. «Білім – жүрекке салынатын нұр, ұмытылатын мәселелер емес» дегендей, төрт мәзһабтың хадис пен фиқһ мәселесіндегі иснады үзілмей, тікелей пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жетіп барады. Әбу Ханифа ілімі сахаба Абдулла бин Масғұдтан (р.а.) бастау алады.

Түйіндей келе, мынадай мысал айтқым келіп тұр. Имам Термизиде: «Мына хадис – сахих. Бірақ үмбет ғалымдары бірауыздан «Оған амал етілмейді», – деп айтқан» деген хадистер бар.

Ал, кейбір хадистерге: «Мына хадис – әлсіз, зағиф. Бұл хадиске барлық ғалымдар амал етеді», – дейді.

Демек, хадиске әлсіз деумен, оны қолданыс аясынан алып тастауға болмайды. Оған құқымыз да жоқ. Өйткені, алдыңғы буын ғалымдардың хадиске амал етіп-етпеуі шешуші фактор.

Демек, мәселенің соңғы нүктесін ғалымдар қояды. Жанама келген хадистер әлсіз риуаятты қуаттандыра түсуі сияқты белгілі себептерге сүйене отырып, сахих хадиске амал етпеуі, ал әлсіз хадис дәлел ретінде қолдануы мүмкін.

Демек, иснад мәселесінің үш негізі бар. Мәтіннің дұрыстығы, мәтінді жеткізуші тізбектің дұрыстығы және мәтінді қолдану барысында қарама-қайшылықтың болмауы.

Ал, төртінші негізі – осы мәтінмен жұмыс істейтін ғалымның мәтінді түсіндіру құқығына ие болуы. Міне, бұл құралдар уахаби ағымында жоқ. Олар тек хадисті жеткізуші ғалымдарға мән береді. Оның өзінде бұл тізбек матуриди мен ашғари ғалымдарынсыз болуы мүмкін емес.

Руслан ҚАМБАР

[1] Абдулла бин Мүбарак

Пікір жазу