Әлемдік тәжірибеде түрлі тараптардың өз мүдделері үшін Таяу Шығыста саяси текетірестер жүргізулері нәтижесінде, ислам әлемі ыдырап, әлеуметтік, экономикалық және ғылыми-танымдық салаларда артта қалып жатқан жайы бар. Бұндай үдерістердің орын алуының себептері көп. Сыртқы күштердің ықпалы бұл жағдайда басымырақ болып көрінеді. Себебі, ислам әлемі мен мәдениетіне қарсы ашық қарсылықтар, исламофобияның таралуына жұмсалып жатқан еңбек пен қаражаттар жоғарыда аталған мәселенің дәлелі.

Исламофобия – ислам дініне қарсы немесе мұсылмандарға қатысты қалыптасқан қарсы реакциялар. Еуропалық шығыстанушы ғалым Этьен Дине 1922 жылы «Батыстың көзі­мен қарағандағы Шығыс» деген эссесінде «Исламофобия» ұғымын алғаш қолданысқа енгізді. Десек те, исламофобия көрінісін орта ғасырларда исламдық араб халифатының Еуропаның біраз аймағында, Андалусияда үстемдік ету кезеңінен бастау алғанын тарих беттерінен байқауымызға болады.

Бүгінгі күні исламға деген тұрпайы көзқарас, яғни исламофобия әлемдік деңгейде белең алып тұр. Сондай-ақ, қазіргі жаһандану, өркениет-мәдениет, діндер қақтығысы, шығыс пен батыс, адамзаттың психологиялық күйзелісі секілді мәселелермен бірге қаралуда. Бұлай ауқымды қаралуына себеп, бәріміз білетін  2001 жылы 11 қыркүйекте Америкада болған террорлық оқиға. Осы оқиғадан кейін бұл терминнің аясы әлемдік деңгейде кеңейе түсті.

Бұл оқиғаны басынан өткерген АҚШ антиисламдық бағытта көптеген әрекеттер жасады. Мәселен, Исламды «құбыжық» қылып көрсету мақсатындағы фильмдер, БАҚ және медиа көздер арқылы таралған жаңсақ ақпараттар, тағысын тағылар.

Жаһандық күштердің исламофобияны туындату себептері жайында түрлі теориялар бар. Солардың негізгілерін мысалға келтіретін болсақ:

  • Мұсылман елдерінде әлемнің 70% табиғи ресурстары шоғырланған. Алпауыт елдер осы бай мұсылман мемлекеттерін өз ішінен ыдыратып, қазынасын игеруді мақсат етеді.
  • Араб өлкелері ғылым мен технологияға енді ден қойып келе жатқан тұста, қасақана алауыздақтар ұйымдастыру, яғни бәсекелестіктен туындаған күрес. Тыныштық, бейбітшілік болмаған елде тұрақтылық пен даму болмайтындығы белгілі. Бәсекелестікте алға шыққан өндіруші, артта қалған тұтынушы қоғамға айналатындығы рас. Сондықтан экономикалық бәсекелестік пен ықпалдылыққа қол жеткізуде идеологиялық, психологиялық шабуылдар көбіне биологиялық немесе химиялық қарудан да тиімді болып келетіні анық.
  • Бүгінгі таңда Еуропа елдерінің негізін құрайтын ұлттардың өзі ислам дінін қабылдап жатыр. Мәселен Францияда халықтың -8-9%, Нидерландыда – 10%, Швейцарияда – 5%, Германияда 3,7%-ын мұсылмандар құрап тұр. Жалпы Еуроодақ елдерінде мұсылмандардың өсуіне себепші болып жатқан мигранттар және олар үшінде ыңғайлы мекен сол аймақтар болуда.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Арбау теориясы немесе 3 күнде терроршы дайындау

Дегенмен, исламофобия көрінісі қоғамдық деңгейде әлі де жүріп жатыр. Мысалы, «Калининградта жүргізуші жүкті мұсылман əйелді шығарып жіберді», «Лондонда исламофобиялық шабуылдар 65%-ға жиіледі», «Австрияда бір айдың ішінде 3 мұсылман əйелі, 3 мешіт жəне медресе Исламофобиядан жапа шекті», «Австралиялық мұсылман əйелін пойыздан лақтырып жіберген», «Исламофобтар қайтыс болған полицей мұсылман əйелінің бейітін қорлады», «Грузияда медресе есігіне шошқаның басын іліп кетіпті», «Венада орамалына бола мұсылман əйелі жапа шекті», «Данияда саясаткер мұсылмандарды Гитлермен салыстырды» жəне т.б. сынды ақпараттар тізе берсең көп.

Жалпы исламофобияның туындауының сыртқы факторларымен қоса ішкі танымдық факторлары да бар. Діни фанатизм мен теріс таным, жалпылық көзқарасқа қарсы идеялардың туындауынан радикалдылық пайда болады. Ал радикалды әрекеттерге дайын адамнан, қорқыныштысы біріккен жүйелі мақсаты бар топтар мен ұйымнан үрейлену сезімі оянатындығы белгілі.

Ислам діні негізінен жалпы адамзаттық құндылықтарды дәріптейтін, оны дамытуға бағытталған дін екендігі белгілі. Алайда, ішкі танымдық талас-тартыстар мен одан туындайтын фанаттық танымның ықпалымен ислам діні, оның атрибуттары, ұран сөздері, мәдениеті, жалпы ислам дінін ұстанатын қоғам және жеке адамдардың сыртқы көрінісі әлемді үрейде ұстап тұр. Басқа дін өкілдері мен өзі секілді ойламайтын мұсылмандарға деген өшпенділік және қастандық исламофобияның таралуын жылдамдатуда, күшейтуде.

Бұндай үдерістердің алдын алуда толеранттылық сезімі, дін туралы ғылыми таным және зайырлылық ұстанымның ықпалы жоғары. Негізгі мақсат – осы үш ұстанымның ислам дінімен тығыз байланысты екендігін түсіну және қоғамға, әсіресе, радикалдылыққа бейім адамдарға түсіндіру, насихаттау.

Исламнан үрейленбеу керек және келешек ұрпақтың қазақ қоғамының дәстүрлі діні болып табылатын исламның тәрбиелік құндылықтарынан үрейдің әсерімен бас тартуына жол бермеуіміз қажет. Мұндай ұғымдар мен құбылыстарға төтеп беретін ұлттық құндылығымыздан айнымауымыз үшін исламофобияға қарсы нақты әрекеттер жасалуы тиіс.

Ержас ТҰРСЫНБАЕВ,

Қызылорда облысының дін істер басқармасының

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

дінтанушы маманы

Пікір жазу