– Бұл орайда «жеткізу» емес, «жаңғырту» деген ұғымды қолданған жөн болар. Орта жолды ислам ұстанымы – қазақ қауымы үшін жаңалық емес. «Қазақ мың жылдан бері мұсылман ел», «Қазақ халқының мың жылдық толеранттылық тәжірибесі бар» деген сөздерді біз негізсіз қолданып жүрген жоқпыз. Осы мың жылдық мұсылмандық-толеранттылық тәжірибеміз қазақ дүниетанымы мен болмысын нағыз шектен шықпайтын, орта жолды ұстанған, байсалды, мәмілегер болмыс ретінде қалыптастырды. Бұл айтылғандарға дәлел бола алатын екі сала қайнар көз бар: Біріншісі – ислам ілімін жетік меңгеріп, қазақы дүниетаныммен астастыра білген, қазақы мұсылмандыққа негіз болған бірегей ілімдер қалыптастырған ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының еңбектері; екіншісі – халқымыздың діни танымын, рухани құндылықтары мен ұстанымдарын танытатын шығармашылық мұралары.
Исламдағы «орта жол» ұстанымынабізхалқымыздың дүниетанымында бұрыннан негізі қаланған, ғасырлар бойы қолданыста болған қалыпты исламға сәйкес қағидалар мен ілімдер негізінде ұлттық діни таным тұрғысынан келуіміз керек. Қазақта дін мәселесінде ешқашан шектен шығушылық көзқарастар, іс-әрекеттер орын алмаған; Алланың парызын, Пайғамбардың сүннетін тәрк етіп, күпірлікке салыну фактілері де болмаған; қазақ даласында ислам ғасырлар бойы өзінің орнықты арнасымен дамыған. Әрине, «Бес саусақ бірдей емес», адасушылықтар мен сауатсыздықтар жекелеген адамдар мысалында орын алған болуы мүмкін, бірақ мұндай келеңсіздік ешқашан топтық деңгейге көтеріліп көрген емес.
Дәстүрлі ислам – ұлт руханиятының тағылымды тәжірибесі. Бабалар салған жолды жаңғыртып, қазақы орта жолды, мәмілегер ислам түсінігін қайта қалпына келтіре алсақ, бүгінгі қазақ руханияты үшін осыдан үлкен олжа жоқ. Халықтың ғасырлар бойы жинаған рухани-діни құндылықтарын жинақтап, жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне жаратуымыз қажет. «Тағы не жетіспейді? Басқалардан не үйренуіміз керек?» деген сауалдарға содан кейін ғана жауап іздеуге болады.