Шынтуайтына келсек, қазіргі таңдағы Исламға қарсы жасалынып жатқан күйе жағу, қаралау, мазақ қылу оқиғалары өзге діннің өкілдерін үркітуден бұрын, олардың Исламға деген қызығушылығын оятуда.

Бұған дейін Ислам туралы ештеңе естімеген олар осындай дүрбелеңдерден кейін «Ислам деген не өзі?» деп Алланың дінімен танысып жатыр.

Әрине, адамның бәрі ақты қара деп көретін көрсоқыр емес. Исламмен танысқаннан-ақ, бұл – террористердің, шайтанның діні емес, анық Алладан келген дін екеніне көздері жетіп, мойындап, мұсылман болып жатқандары өте көп.

Сондай жағдайлар бүгінгі таңда Канада елінде де орын алуда.

Ел астанасы Оттавадағы ең ірі мешіттердің бірінің бас имамы Сами Митваллидің айтуынша, 2014 жылдың 22 қазан күні орын алған исламофобиялық оқиғадан кейін мешітке келіп, Ислам дінін қабылдап жатқан 20-30 жас аралығындағы канадалық жастар қатары күрт көбейген. Дәл осындай жағдай 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін де болған екен.

Дін қабылдап жатқандардың бәрі де осы оқиғадан кейін Исламмен танысқысы келгенін, олар бұл діннен зұлымдық табамыз деп ойлағанымен, зерттей келе бәрі керісінше болып шыққанын, сондықтан мұсылман болуға шешім қабылдағандықтарын айтқан.

Жалпы, әлемдік БАҚ-тар айтып жатқандай, «радикалды», «төзімсіз», «жабайы» Исламды іздеп келіп, алайда, Алланың нұрын тауып жатқан «су жаңа» мұсылмандар қатары тек Канадада ғана емес, өзге де Батыс елдерінде өте көп.

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ

Пікір жазу